«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрғақшылықтан зардап шеккен батыс өңіріне – Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарына жем-шөпті 77% жеңілдікпен тасымалдауды 31 тамызға дейін ұзартып отыр. Биыл құрғақшылықтан шөп шықпай қалған батыс аймақтары, әсіресе Маңғыстау, Атырау мен Ақтөбе облыстарының жекелеген аудандары көп зардап шегіп, бүкіл ел болып көмек қолын созып жатыр. «ҚТЖ» компаниясы оңтүстік өңірлерінен шөп тасымалдаудың үлкен шығынын өз мойнына алып отыр. Жем-шөп жөнелтушілер тарапынан мәлімделген жоспар 208 вагон болса, соның бүгінде 167 вагоны діттеген жерлеріне жеткізілді. Сөйтіп, меже 80%-ға орындалды.

«Бұл жердегі басты мәселе, біз үлкен жеңілдіктер жасадық, тасымалдау шығындарын өзімізге алдық және оны уақытылы жүзеге асырдық. Өтініштер жалғасуда, біздің компанияның басшысы осыған орай шешім қабылдады. Яғни, престелген шөпті шілде айында қолданылған 77% жеңілдікпен ел ішіне тасымалдау 31 тамызға дейін ұзартылды», – деп ақпар берді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының жүк қозғалысы жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Оралхан Кулаков.