Нұрлан Сауранбаев мемлекет және қоғам қайраткері Есенғаринді 80 жылдығымен құттықтады
Оқуға 2 мин
Қазақстанға ғана емес, кешегі кеңестер еліне аты мәшһүр көлік саласының аты аңызға айналған ардагері, аса қадірменді Нығметжан Қабатайұлы! Сексеннің сеңгіріне шыққан туған күніңіз құтты болсын!
Қара жолды сара жолға жалғап, ел мен елді, қала мен даланы байланыстыруға қосқан сүбелі үлесіңіз сүмбіледей жарқырай берсін!
«Қасында күнде көріп жүргеннен соң, Таулардың биіктігі байқалмайды» деген жыр жолдары Сіздей алыптарға қаратып айтылған болар. Сан тараулы Қазақ темір жолында өшпес ізіңіз сайрап жатыр. Тәуелсіздіктен бергі шойын жол шежіресіне өз қолтаңбаңызбен ескерткіш қойған тұлғасыз.
30 жылда Қазақстанның жол-көлік саласы қандай да бір жетістікке жетсе, оның бастауында өзіңіздей дарабоздың тұрғаны анық. Кеңес Одағы ыдырап, жарты әлемнің астан-кестені шыққан уақытта осы саланың қыр-сырын жетік білетін кәнігі маман болмаса сәтті реформа жүргізу кім-кімге де оңай соқпас еді. Ел ішінде темір жол мектебінің барлық сатысынан өткен, тіпті, Кеңес заманында орталықта жоғары лауазымда болған санаулы тұлғаның іс басына келуі – отандық көлік саласының бағы. Қазақстанға Кеңес елдерімен шырмалып жатқан еліміздің жол-көлік саласын дербес ел, басқа саяси жүйе ретінде жолға қою керек болды. Бұл істе де ТМД Кеден одағы Интеграциялық комитетінің төрағасы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Бас хатшысының орынбасары қызметінде жүріп, ел мүддесіне сай жұмыстарды абыроймен атқара білдіңіз. Осындай мемлекеттік және халықаралық ауқымды істерге бастамашы болған Сіздей аңыз да абыз адамның дара жолы бүгінде іс басындағы біздерге үлгі-өнеге, кейінгі буын тұлғаңызға қарап бой түзейді.
Шойын жол шежіресін жазушы, дәуір тарихын жасаушы ретінде Сізді әрдайым қадір тұтамыз! «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» демекші, әкенің ала таяғын ұстаған ұл-қызыңыз жала- уыңызды желбірете берсін! Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық деген атамыз қазақ, осы дүниелеріңіз түгел болсын!
Нұрлан САУРАНБАЕВ,
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы