Құрметті Нығметжан Қабатайұлы! Қазақстандық салалық теміржолшылар кәсіби одағы атынан Сізді 80 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Егеменді еліміздің қалыптасуы мен дамуына баға жетпес зор үлес қосқан Сіздің мерейтойыңыз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өскелең ұрпаққа Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі бола білген Сіздің жетекшілігіңізбен еліміздің теміржол саласы және Қазақстанның жалпы көлік саласы қарқынды дамып, үлкен жетістіктерге жетті.
Салалық Кәсіподақтың қалыптасуына да үлкен үлес қостыңыз. Көлік министрі ретінде 1992 жылы Қазақстан теміржолшылары кәсіподағының алғашқы құрылтай съезіне қатыстыңыз, ал 1993 жылы сіздің көмегіңізбен Қазақстан Республикасының Үкіметі мен үш темір жол және біздің Кәсіподақ арасында алғашқы Салалық тарифтік келісімге қол қойылды, соның арқасында бұрын қолданыста болған теміржолшылардың әлеуметтік кепілдіктері сақталынып қалды. Бірінші Салалық келісімге қолдың қойылуы – Теміржол басшылығы мен Кәсіподақ арасында әлеуметтік серіктестіктің қалыптасуына негіз болды.
Сіздің ғасырдан астам тарихы бар шойын жолдың шежіресін, тәуелсіз ел темір жолдарының құрылысын, алып салада қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметтің тізгінін ұстап, тер төгіп жүрген болат жол еңбеккерлерінің ерен еңбектерін қыл қаламыңызға арқау етіп, өскелең ұрпаққа мирас етіп қалдырып жатқан шығармашылық еңбектеріңіз бір төбе.
Құрметті Нығметжан Қабатайұлы, бұл тамаша күні Сізге және туған-туыстарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, мол бақыт және отбасы амандығын тілейміз!
Құрметпен, Оразғали АХМЕТБАЕВ,
Кәсіподақ төрағасы