Нығметжан Есенғарин – даналығымен дараланып тұратын бітім-болмысы бөлек, бірегей тұлға. Кереметтей еңбекқорлық оның бойына сол табиғи болмысымен бітсе керек. Жылы шырайлы жүзі, ойлы жанары оның азаматтық келбетін асқақтай түседі. Есенғариннің Қазақстанның экономикасына, соның ішінде көлік саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол – тәуелсіз Қазақстанның тұғырының берік болуына, өсіп-өркендеуіне ерік-жігерін, күш-қуатын аяусыз жұмсаған жан. Әсіресе, теміржол көлігінің дамуы- на көп еңбек етіп, оның ғасырдан астам тарихын, теміржолмен тағдырын байланыстырып, бүкіл өмірін арнаған сан мыңдаған азаматтардың зор еңбектерін өскелең ұрпаққа шежіре ретінде жазып, мұра етіп қалдыруы – оның өз кәсібін құлай сүйгенінің, кәсібіне деген адалдығының белгісі және болашақ ұрпақ қамы. Мен Нығметжан Қабатайұлымен Целиноград белгі беру және байланыс дистанциясында бас инженер болып жұмыс істеп жүрген кезімде таныстым. Арасында Мәскеуде оқыған, қызмет атқарған жылдарды есептемегенде содан бері екеуіміз теміржол саласында жарты ғасырдан астам уақыт бірге қоян-қолтық жұмыс істеп келеді екенбіз. Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін Қазақстанда автоматика, телемеханика және байланыс шаруашылығын басқарған екі қазақ қана болды. Ол Есенғарин екеуміз едік. Осы уақыттан бастап біздің достығымыз басталды. Мен үшін бұл достықтың орны бөлек. Менің өмір және еңбек жолымда Есенғариндей жолдасым, досым болғаны үшін тағдырыма ризамын. Мен оны шын мәнінде мақтан тұтамын. Нығметжан Есенғарин жеке өмірінде де жолы болған азамат, жақсы отбасын құрып, балаларына асқар таудай әке, жұбайына адал жар болды. Бүгінгі 80 жылдық мерейтойында досым, әріптесім, қазақ елінің бағына біткен адал ұлы – Нығметжан Есенғаринге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасының амандығын тілеймін!

Қалтай СӘМБЕТОВ, Құрметті теміржолшы, сала ардагері