Марат ХАМЗИН, Құрметті теміржолшы
Қазақтың шойын жол шежіресін жазған Н. Есенғарин
Оқуға 2 мин
Қазақ теміржолының тарланы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Нығметжан Есенғаринді мен сонау 1959 жылдан бері білемін. Институтта бірге оқып, теміржолда еңбек жолымыз қатар басталды. Ол ерекше қабілетті болды, соның арқасында алысқа құлаш сермеп, биік белестерді бағындырды.
КСРО көлемінде Жол қатынастары министрінің орынбасары деңгейіне жету деген өте сирек жағдай. Мықты білімі мен тәжірибесіне қоса ерекше қабілеті мен дарыны, кәсібилігі нәтижесінде өз дәуірінің ірі тұлғасына айналды.
Ол еліміз тәуелсіздік алған жылдары Мәскеуден Қа- зақстанға оралып, егемен мемлекетіміздің көлік жүйесі қызметін аяқтан тұрғызуға зор үлес қосты. Қазақстанның тұңғыш көлік министрі болды. Тек теміржолдың ғана емес, автомобиль жолдарының да дамуына атсалысты. Тәуелсіз Қазақстанның Үкімет басшысының алғашқы орынбасары болып, қоғамның көптеген салаларының дамуына еңбек сіңірді. Ал теміржол саласына сіңірген орасан еңбегінен бөлек, Қазақстан теміржолының шежіресін жазып берген алғашқы адам. Болат жолдың бастау тарихынан бүгініне дейін тізбектеп, теміржолды салған, қалыптастырған адамдарды енгізіп, он шақты том кітап жазды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін шығармашылық жолға толықтай ден қойды. Тарихта өте сирек кездесетін мұндай азаматтар кейінгі ұрпаққа барлық жағынан үлгі болады. Нығметжан Есенғарин – солардың бірегейі. Қайталанбас тұлғасымен ғибратты өмір сүрген замандасымның мерейлі жасы құтты болып, ортамызда ұзақ өмір сүруін Алла нәсіп етсін!