Батыс Қазақстан теміржол бөлімшесі қаңтар оқиғасы кезінде пойыздар қозғалысын шұғыл ұйымдастырып, төтенше жағдайда тиімді басқарған арнайы штаб құрып, төрт күн ішінде 17 жолаушылар және 122 жүк пойызының қозғалысын толық бақылауда ұстады.

Елде болған қиындықтарға байланысты 4-7 қаңтар күндері Батыс Қазақстан теміржол бөлімшесінде пойыздар қозғалысы қауіпсіздігіне кедергілер туындады. Бұл әсіресе Мақат, Мұқыр, Арал, Сексеуіл, Қазалы, Әйтеке би, Маңғыстау, Өзен, Бейнеу станцияларында халық шоғырланып, жол бөгелді. Нәтижесінде 17 жолаушылар және 122 жүк пойызы уақытынан кешіктірілді.

Пойыздар қозғалысын басқару орталығының басшысы Дархан Құланбаевтың айтуынша, штаб жолаушылар пойызындағы адамдардың қауіпсіздігімен қоса жүк пойыздарын да ұйымдастыру қадағаланды. Жергілікті жердегі мекеме басшылары, үлкенді-кішілі станция жетекшілері штаб жұмысына сай жұмыс жүргізді. Тоқтап қалған жолаушылар пойызының жолаушыларына тиісті көмек ұйымдастырылып, ақпараттандырылды. Нәтижесінде жүк және жолаушылар пойызы неғұрлым қауіпсіз әрі ыңғайлы бағытта қозғалды.

– 17 жолаушылар пойызының 13-і алғашқы аттанған станцияға қайта оралуына тура келді. Мәселен, Маңғыстаудан шыққан пойыз сол станцияға, ал Алматыдан Ақтөбеге бет алған пойыз Қазалының Сексеуіл станциясынан Алматыға қайта барды. Ал Ақтөбеден Алматыға бара жатқан пойыз қайта айналып, Ақтөбеге келді. Жолаушыларды бір пойыздан екіншісіне орналастыру, оларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, үйлестіру жұмысы атқарылды. Ол үшін Пойыздар қозғалысын басқару орталығында жедел штаб құрып, барлық мекеме басшысы жиналып, талқылау өтті. Пойызды тоқтату, кері қайтару жолындағы тиімді тұсы қаралды, нәтижесінде көп шығын жұмсамай, жүк және жолаушы қозғалысына нұқсан келтірмей сақтап қалу мүмкін болды», – деді кеше штаб жұмысын қорытындылаған Пойыздар қозғалысын басқару орталығының басшысы.

Қазір жолаушы және жүк пойыздары өз бағытында жүріп жатыр. Пойыздар қозғалысын басқару орталығының жұмысы да өз арнасына түскен.