Экологиялық қауіпсіздік өзектілігі артуда (Фото)

Аймақтар
09.06.2023, 10:34
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Қарағандыда өткен биылғы семинар «Төмен көміртекті даму. Су және климаттың өзгеруі» тақырыбына арналды. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің Өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің ұйымдастыруымен және кәсіподақ ұйымының қолдауымен өткен жиынға желілік және аймақтық құрылымдық бөлімшелердің өндірістік қауіпсіздік және экология қызметінің мамандары қатысты.

Негізі бұл атаулы күн 1972 жылдың маусымында қоршаған орта проблемалары жөніндегі Стокгольм конференциясының қарарына сәйкес бекітілген болатын. Содан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, қоршаған ортаның проблемаларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуды және адамзат баласының қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін оятуды көздейді.

Қоршаған ортаны қорғау және оны ластайтын зиянды қалдықтарды азайту – Қазақстан үшін де өзекті мәселе. Биыл ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілді. Стратегияда Қазақстан экономикасын ESG қағидаттарын тарату, «жасыл» инвестицияларды ілгерілету және тарту, энергияны үнемдейтін өндіріс, электрлендіру сияқты жаһандық климаттық үрдістерге бейімдеу қажеттілігі қарастырылған.  

Әлбетте, мемлекетіміздің ірі жетекші және жұмыс беруші өндірістік компанияларының бірінен саналатын «Қазақстан темір жолы» компаниясы да төмен көміртекті дамыту, қоршаған ортаны ластайтын зиянды қалдықтарды азайтуға мүдделілік танытады. Компанияның бұл бағыттағы атқарып жатқан іс-шаралары да нәтижесіз емес. Былтыр «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Moody's ESG Solutions рейтингтік агенттігінің бағалауы бойынша жоғары көрсеткіштерге ие компаниялар қатарынан орын алуы – осының дәлелі.  

– 2022 жылы Moody's ESG Solutions рейтингтік агенттігі «ҚТЖ» ҰК» АҚ ESG-іне 57 балл (теориялық 100 балл) берді. Бұл Moody's шкаласы бойынша «А2» тұрақтылық рейтингіне сәйкес келетін екінші ең жоғары баға болып табылады. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның әрбір ESG компоненті бойынша бағалауы: экологиялық – 53 балл, әлеуметтік – 59 балл, корпоративтік басқару – 57 балды құрады. Егер Компанияға рейтинг алғаш рет тағайындалып отырғанын ескерсек, бұл барынша жақсы көрсеткіш, – деп атап өтті семинарда сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ Техникалық саясат департаментінің бас менеджері Сағат Қабиев.  

Ол сонымен қатар биыл ақпан айының басында «ҚТЖ» ҰК» АҚ тарапынан 2023-2024 жылдарға арналған ESG рейтингін жақсарту бойынша Жол картасы қабылданғанын және оған енгізілген ұсыныстар мен қоршаған ортаны қорғауға қатысты атқарылатын іс-шаралар легімен таныстырды.  

Солардың бірі «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 2029 жылға дейінгі Даму стратегиясына Парникті газдардың шығарындылары бойынша мақсаттарды енгізу болса, қайтадан өңделіп, Директорлар кеңесінің шешімімен биылғы 29 наурызда бекітілген «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 2032 жылға дейінгі даму стратегиясында көміртек ізін төмендету бойынша Компания мақсаттары енгізілген. Сонымен қатар Жол картасына ҚТЖ-ның еншілес ұйымдары мен құрылымдық бөлімшелерінің табиғатты қорғау іс-шаралар жоспарына жергілікті ластанудың алдын алу, төмендету сынды мәселелерді енгізу ұсынылғаны айтылды.

– Қазіргі уақытта ең өзекті проблемалардың бірі – климаттың өзгеруі және оның біздің ғаламшарымызға теріс әсері. Сондықтан ауаны ластайтын парникті газдар шығарындыларын азайту аса маңызды. Климаттың өзгеруіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі – су. Сондықтан су – төмен көміртекті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыруда аса қажет сектор. Қуат көзін мейлінше пайдалануға инфрақұрылымдарын бейімдеген және суды пайдалануды реттеген елдер атмосфераны парникті газдармен өте аз ластайтыны белгілі болып отыр. Бұл бағыттағы бірінші қадам – су ресурстарын басқаруды жақсарту. Ол үшін экономиканың әртүрлі салаларында, мысалы, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, қалалық инфрақұрылымда және т.б. суды пайдаланумен байланысты шығарындыларды азайту үшін экологиялық таза технологияларды пайдалану қажет. Шығарындыларды шектеудің қосымша жолы суды пайдалану тиімділігін арттыру болып табылады. Мысалы, суды тиімдірек пайдалану өнеркәсіптік жұмыс процестерінің азаюына, осылайша атмосфераға шығарындыларды азайтуға әкелуі мүмкін, – деп атап өтті өз баяндамасында семинар қонағы, Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор Әділет Қоянбаев.  

Жалпы алғанда, төмен көміртекті даму біздің планетамыздың тұрақты болашағын құруға ықпал етері анық. Ал бұл процесте су маңызды рөл атқарары сөзсіз. Өйткені, осы ресурсты тиімді басқаруды үйрену шығарындыларды айтарлықтай азайтып, адамдардың өмірін жақсартуға септігін тигізеді. Өңірдің бас экологы Қарағанды қаласын мысалға ала отырып, төмен көміртекті су жүйесі технологияларын қолданудың іс жүзінде қалай сәтті жүзеге асып жатқанынан баяндады. Мәселен, қалада ағынды суды жинау және тазарту жүйесіне көшу жобасы жүзеге асырыла бастапты, бұл атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын азайтып, полигондарға жіберілетін қалдықтардың көлемін айтарлықтай азайтқан. Бұл және басқа да төмен көміртекті дамыту жобалары Қарағандының жасыл қалаға айналуына және ұзақ мерзімді перспективада тұрақтылығын сақтауға көмектесетін көрінеді.  

Семинарда қатысушыларға ҚР Экологиялық Кодексінің талаптары мен нормалары, сондай-ақ аталған заңның 10 қағидасын қолдану жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар Маңғыстау өңіріндегі Қошқар ата қалдық қоймасының проблемалары сөз болды.  

«Батареяларды кәдеге жарату – планетаны сақтап қалуға жасалған қадам» тақырыбында «ҚТЖ-ЖТ» ЖШС – «Илецк» филиалының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жетекші инженері Самат Муфтеев мазмұнды баяндама жасады.

Оның айтуынша, әзірше адамзат қоқысты жоюдың үш түрлі жолын тауып отыр. Бірі қоқыс орнын ұйымдастыру, екіншісі – қоқыстарды өртеу, үшіншісі – қоқыс қалдықтарын қайта кәдеге жарату. Алайда, бастапқы екі амал батареяларды жоюға жарамайды. Батареялар егер әдеттегі қоқыс орнына түссе немесе оны далаға тастай салса, оның жоғары қабаты біртіндеп бұзылып, ондағы металдар топыраққа сіңеді. Егер от тисе, ол жарылуы, тіпті химиялық күйік тудыруы және де улы металдардың ағып кету қаупі тууы мүмкін. Сондықтан ең абзалы батареяларды күн түспейтін көлеңкелі салқын жерде жинап, кәдеге жаратуға тиісті орындарға тапсырған дұрыс.  

Ал «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің Өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің менеджері Светлана Оспанова «Халықаралық қағазсыз күн», «Экономия – Экология. Өндірісте және тұрмыста суды үнемдеудің 10 қарапайым ережесін қолдану», «ЖТ қызметкерлеріне арналған өмірлік маңызды ережелерін енгізу» сияқты экологиялық акциялар ұйымдастырылуда екенін атап өтті.  

Теміржолдың жүк тасымалын ұйымдастыру шаруашылығының экологтары бұл семинардан маңызды мағлұматтар алып, өңірлерден келген әріптестермен пікір алмасып, көкейлеріндегі көп сұраққа жауап тапқандарын жеткізді. Семинар соңында өткен жылы ерен еңбектерімен ерекшеленген экологтар марапатталды.  

Жаңалықтар
22.11.2024
ҚТЖ Бескөл депосында дизель отынының ұрланғанын анықтады
Жаңалықтар
22.11.2024
Ақмола бөлімшесі инфрақұрылымды жаңартуды және инновацияларды енгізуді жалғастыруда
Жүк тасымалы
22.11.2024
Қостанай ЖТ бөлімшесі қараша айында 2 359 вагон астық тиеді
ҚТЖ келбеті
22.11.2024
Жол монтерлерінің бір күні
Қауіпсіздік
22.11.2024
Жамбыл өңірінде қыста да қараусыз мал тиылмайды
Аймақтар
22.11.2024
«Syrmaq Fest»: Маңғыстаулық теміржолшы қолөнер көрмесін ұйымдастырды
Қауіпсіздік
22.11.2024
Шымкент станциясында өндіріс жарақатының алдын алу шарасы өтті
Әлеумет
22.11.2024
Күзет қызметкерлеріне көрсетілетін қолдау көп
Жаңалықтар
22.11.2024
Кәсіподақ сарапшылары құзыретін арттырды
Цифрландыру
22.11.2024
ІТ тақырыбына арналған білім сайысы өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
22.11.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №99 22 қараша 2024 жыл
Жолаушылар тасымалы
21.11.2024
№42 «Атырау-Алматы» жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылады
Жаңалықтар
21.11.2024
Құрық портының түбін тереңдету жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды
Спорт
21.11.2024
Теміржолшылар арасында спартакиада өтті
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ жол диагностикасының инновациялық технологияларын енгізуде
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ Еуропадағы терминалдық желіні кеңейтуде
Жолаушылар тасымалы
20.11.2024
Семейде қаламаңы тасымалында тиімді бағдарлар көбейеді
Жүк тасымалы
20.11.2024
Ақмола бөлімшесі 307 мың тоннадан астам астық тиеді
Жаңалықтар
20.11.2024
Қазақстан көлік-транзит дәліздерін ТМД + форматында дамытпақ
Әлемде
20.11.2024
Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жол құрылысы бойынша келіссөздің соңғы сатысы жүріп жатыр