25.09.2026 — Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Жақсылықтың жаршысы еді...

Аймақтар
28.05.2026, 14:28

Ардақты азамат, еңбек ардагері Меңдібай Хайруллиннің қазасы Құлсары станциясы теміржолшыларының көңіліне ауыр мұң ұялатты. Өйткені ол жас кезінен бастап ұзақ жыл осындағы «Теміржолшылар» қалашығында тұрды, Құлсары станциясында, Құлсары сигнализация және байланыс дистанциясында абыройлы қызмет атқарған еді. Күні кеше ғана көз алдыңызда жарқылдап жүрген ақ көңіл, аңқылдаған  ардагер ақсақалдың бүгін арамызда жоқтығына сенгің келмейді.      

Меңдібай Хайроллаұлы өзі жастайынан еңбек еткен ауыл шаруашылығы саласынан ауысып, 1996 жылы Құлсары теміржол станциясына қызметке орналасқаны күні кеше секілді еді. Мұнда да көп жыл жұмыс жасап, осы жерден зейнеткерлік демалысқа қалды. Алдымен, Құлсары станциясы бастығының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, кейін Құлсары сигнализация және байланыс дистанциясында аудармашы болып қызмет атқарды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдарының бел ортасы болатын. Мәкең келісімен «орыстанып» кеткен теміржол торабын түгел ана тілімізге мойын бұрғызып, іс-қағаздарының барлығын мемлекеттік тілге көшірді. Ол жай аудармашы болып, мемлекеттік тіл мәртебесі үшін күресіп қана қойған жоқ. Осы жолда өзі де ізденіп, жетістіктерге жетті. Соның бірі Қазақстан халықтары тілдерінің VІІ фестивалінде «Үздік аудармашы» атағын жеңіп алуы – соның айғағы. Бұл ретте Мәкеңе моралдық тұрғыдан қолдау көрсеткен сол уақыттағы дистанция бастығы Сағын Сейілхановтың еңбегі зор екенін айта кеткен жөн.  

Мәкең аудандық «Кең Жылой» газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде де баспасөз саласына көп еңбек сіңірді. Ол бұрын ауыл шаруашылығы саласының маманы ретінде қалам тербесе, теміржол торабына ауысқасын болат жолдың бойындағы тыныс-тіршілікті де тынбай жазуға кірісті, жылт еткен жаңалықты құр жібермей, мақаласын да үзбей жазып тұрды. Меңдібай Хайроллаұлы тілшілік тіршіліктің толқынында халық арасындағы бірлік пен ынтымақтың сақталуына көп ұйтқы болған адам. Құлсары станциясындағы «Теміржолшылар» қалашығы, негізінен, көпұлтты мекен. Еліміздегі 1 мамыр мен 1 наурыз секілді Бірлік күні мен Алғыс айту мерекелерінде осы жерде тату-тәтті ғұмыр кешіп, бір үйдің балаларындай тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерін «Кең Жылой» газеті бетінде жазып тұруды дағдыға айналдырды. Бұл оның сүйікті тақырыбынай айналғандай еді. Мұндағы орысың мен украиның, татар мен басқа ұлтың да қазақша тәуір сөйлейтін, жақсы түсінетін еді. Аудармашы әрі тіл жанашыры ретінде осы «жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, атасы басқа болса да Отаны бір» ауылдастарын жазудан жалықпайтын. Сөйтіп халықтар арасындағы ынтымақ пен татулықтың артуына зор септігін тигізді. Ол сонымен қатар, «Қазақстан теміржолшысы», «Стальной магистрал» секілді ведомствалық басылымдарға да көптеген мақалалар жолдап, Құлсары станциясы мен ондағы теміржол мекемелерінің еңбек озаттарын жазып тұрды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Алғаш «Нұр Отан» болып құрылған қазіргі «AMANAT» партиясының «Теміржолшы» бастауыш партия ұйымын жасақтауға атсалысып, өзі соған жетекшілік етті.  Осындай ел алдындағы елеулі еңбегі ескеріліп, Меңдібай Хайруллин зейнеткерлікке қалғаннан кейін «Еңбек ардагері» медалімен наградталды.    

Меңдібай ағамыздың жұбайы Жұпар Қапизқызы да осы Құлсары станциясының «Теміржолшылар» қалашығында орналасқан бұрынғы №486-шы, кейін Ю.А.Гагарин атындағы №13 орта мектеп атанған білім ордасында ағылшын тілінен дәріс беріп, теміржолшылардың балаларын оқытты. Кейін көп жыл осы оқу орнының директоры қызметін атқарып, білім сапасын жоғары деңгейге көтерді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасынан саналы ұрпақ өрбіді. Жалғыз ұлы Есет  Хайруллин әке жолын қуып теміржолшы атанды. Осыған дейін Бейнеу, Атырау станцияларында басшылық қызмет атқарып келген ол жақында Құлсары станциясының бастығы болып тағайындалды.

Меңдібай ағамыз біржола зейнеткерлікке қалғасын отбасы Атырау қаласына көшіп кетті. Соңғы рет биылғы 10 мамырда менің әкемнің, соғыс және еңбек ардагері, тыл еңбеккері, теміржолшы Жолдас Бисалиевтің туғанына 100 жылдығына байланысты ұйымдастырылған ас беруде кездестік. Өле – өлгенше қолынан қаламы түспеген ағамыз өз ойын қағазға жазып әкеліп, естеліктерімен бөлісті. Әкем туралы аудандық «Кең Жылой» газеті бетінде көлемді мақала да жариялапты. Өкінішке орай, бұл ағамыздың соңғы материалы әрі бізбен, жерлестерімен соңғы реті кездесіп, жүздесуі екен. Арада алты күн өтер-өтпесте Атырау қаласынан «ағамыздан айрылып қалдық» деген суық хабар жеткенде біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей есеңгіреп қалдым.  

Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген даналы сөз бар. Жаны жайсаң жақсы ағаның артында хатталып өзі өмір бойына жазған мақала, очерктері, теміржолда тындырған игі істері қалды. «Газет – тарих» дегендей, мұның барлығы ертеңгі ұрпаққа аманат. Ендеше, «өлмейтұғын артына сөз қалдырған" ардагер ағаның аты ешқашан өшпейтіні хақ.    

Рай Бисалиев,  

«Қазақстанның Құрметті теміржолшысы»,

«Еңбек ардагері» медалінің иегері,

Атырау облысы, Жылыой ауданы,

Құлсары қаласы

 

 

Жаңалықтар / Мұрағат
25.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №76 25 қыркүйек 2026 жыл
Жаңалықтар
24.09.2026
Қазақстандық делегация Бейжіңнің Оңтүстік вокзалының жұмыс тәжірибесін зерттеп білді
Жүк тасымалы
24.09.2026
«Теміржолсу» нысандарды қысқа дайындауды аяқтауда
Жаңалықтар
24.09.2026
Астана-1 вокзалы қайта жаңартудың соңғы кезеңінде
Әлемде
24.09.2026
Еуропалықтар соңғы он жылда алғаш рет автобусқа қарағанда пойызбен жиі қатынаған
ҚТЖ келбеті
24.09.2026
58 жылдан кейінгі кездесу
Спорт
24.09.2026
Теміржолшылар мерейтой иесіне турнир арнады
Жаңалықтар
24.09.2026
Қазақстан ТХКБ-дағы контейнер тасымалын төрт есеге арттырмақ
Әлемде
24.09.2026
Вьетнам Siemens Mobility компаниясынан жүрдек пойыздар сатып алады
Жүк тасымалы
23.09.2026
KTZ Express Үндістанға жасымық жөнелтті
Әлемде
23.09.2026
Қырғызстан Wabtec компаниясынан 10 жаңа локомотив сатып алмақ
Жаңалықтар
23.09.2026
Ақмола облысында Атбасар вокзалын жөндеу аяқталды
Жаңалықтар
23.09.2026
ҚТЖ локомотив паркін қысқы тасымалдауға дайындауда
Әлемде
23.09.2026
CRRC энергия үнемдейтін SmartMetro пойызын таныстырды
Жаңалықтар
23.09.2026
Қазақстан вокзалдары жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты
Инфрақұрылым
22.09.2026
ҚТЖ Бейнеу бағытында автоматика жүйесін жаңғыртуда
Жаңалықтар
22.09.2026
ҚТЖ 150 мың тонна болат құбырды мультимодальды бағытпен тасымалдайды
Жаңалықтар
22.09.2026
ҚТЖ локомотив бригадаларының біліктілігін арттыруда
Трансформация
22.09.2026
SAP жүйесі: ҚТЖ үшін озық цифрлық шешім
Аймақтар
22.09.2026
Семейде тәулігіне кемі 350 вагон көмір тиелуде