Қарағанды облысында 1965 жылы салынған Сарыбел вокзалын қайта жаңарту аяқталды. Ауданы 487,4 шаршы метрлік заманауи бір қабатты вокзал кешені қайта құрудан кейін ашылды, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Нысанды жаңарту Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Көлік министрлігінің, Қарағанды облысы әкімдігінің және «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде орындалды.

Ғимаратта шатыр, қасбет пен ішкі үй-жайлар жаңартылып, кәріз, сумен, жылумен және электрмен жабдықтаудың инженерлік желілері толығымен ауыстырылды. Жолаушылар перроны қайта жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды, жаңа жабдықтар мен жиһаздар орнатылды.

Сарыбел станциясы 1 типті объектілерге жатады. Станция арқылы күн сайын өңірді Астана, Қарағанды, Семей, Жезқазған, Қызылорда, Қостанай және Павлодармен байланыстыратын 12 жолаушылар пойызы өтеді.

Жоба «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен іске асырылды.

Вокзалды жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, пойыздарды күтуге қолайлы жағдай жасауға және өңірдің көлік инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.