Арыс станциясында Алаш көсемінің мұрасы дәріптелді
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
Арыс станциясында Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына байланысты «Қазкөліккәсіп» ҚБ Шымкент филиалының ұйытқы болуымен тарихи-танымдық іс-шара өтті.
Техникалық кітапхана қызметкерлері қатысушылар алдында Алаш арысы Әлихан Бөкейханның балалық шағынан өмірінің соңына дейінгі жүріп өткен жолы, сонымен қатар ойлары бір жерде тоғысқан алаштықтар жайлы баяндама жасап, тарихи-танымдық мағлұмат берді.
– Әлихан Бөкейханов – қазақ тарихында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы ретінде танымал тұлға. Ол 20-ғасырдың басында қазақ халқының бостандығы мен саяси дербестігі үшін күресті, 1917 жылы шілдеде Алаш партиясын құрып, сол жылдың желтоқсанында жарияланған Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы болып сайланды. Оның саяси өмірге араласуы 1905 жылы Семей облысынан 1 Мемлекеттік Думаға депутат болып сайлануынан басталады. Орыс баспасөзінде қазақ даласындағы патша өкіметінің отаршылдық саясатын әшкерелейтін мақалалар жариялап, ол әр түрлі саяси жиналыстарға белсене қатысып, қазақ кадет партиясын құруды көздейді. Міне, Әлихан Бөкейхановтың осындай белсенді саяси қимылдары патша өкіметін сескендіріп, ол қазақ даласынан аластатылып, Самара қаласына жер аударылады. «Қазақ» газетіне «Қыр баласы» деген атпен ел тіршілігінің өткір де түйткіл мәселелеріне ден қойған мақалалар жазды, – деп алаштың арда ұлы туралы ой бөлісті Ғылыми-техникалық ақпарат және талдау бөлімінің бастығы Ләззат Жәрімбетова.
Іс-шарада өткен ғасырда өмір сүрген қазақ зиялыларының бірегейі, ірі қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан туралы документалды фильм көрсетілді.