Қарттарым – қазынам: теміржол ардагерлері бас қосты
Атырау облысы бойынша меншікті тілші
Қарттар күніне орай Атырау жүк тасымалы және магистральдық желі бөлімшелері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Қарттарым – қазынам» атты іс-шара өткізді.
Кездесуге келген қариялар бірбірімен сағына көрісіп, құшақтар айқасып, емен-жарқын әңгіме өрбіді. 1992 жылы өлке темір жолының елу жылдығы тұсында сол кездегі бөлімше басшысы Амангелді Селбаевтың бастамасымен ашылған музейді аралады. Мұнда өлке темір жолының тарихынан сыр шертетін біраз көне экспонаттар, әр залда темір жолға қарасты мекемелерге арналған бұрыштар, стендтер орналасқан.
Алдымен көне вагон, цистерна, теміржол көпірі макеті көзге түседі. Бұлар мұражай бөлмесінің тура ортасында тұр және әйнекті шкафтар ішінде де пойыз, паровоз, тепловоздар, ескі станциялардың макеті қабаттастырыла сәнімен қойылған. Байланыстың бастапқы кезін еске түсіретін радиостанциялар, УАТС-49 сынды іздегіштер, коммутатор, телефон-телеграф аппараты, автодрезина, иінді кран, бұрма жабдығы макеттері де, темір жол карталары да бар. Өлке теміржолының, бөлімше жұмысының әр жылдарынан сыр ақтаратын фотоальбомдар да жасақталған. Ардагерлер олардың әрқайсысымен танысып, өздерінің жүрген жолдарын, салған іздерін еске алды.
Музейге саяхаттан кейін «Ақжол» мейрамханасы төрінде 90 ардагерге дастархан жайылып, ақжарма тілектер ақтарылды. Барлығына мерекелік сый-сияпат жасалды. Ардагерлер ұйымының төрағасы Хамидолла Айтимовтың айтуынша, бүгінде екі мыңдай еңбек ардагері бар.