Жас теміржолшылар Ертіс жағалауын абаттандырды
Абай облысы бойынша меншікті тілші
Еліміз бойынша қолға алынған «Самұрық-Қазына» қорының 20 жылдығына арналған «20 игі іс» жобасы аясындағы игілікті іс-шаралар қатары Абай елінде жалғасып жатыр.
Өткен сенбі күні «Таза Қазақстан» республикалық эко-акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Бұл жолғы айтулы шараға теміржолшы жастар қауымын филиал басшысы Алмас Сейсемқанов пен Семей магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері Ерғазы Ережепов бастап шықты. Тазалық акциясына әсіресе Семей және Жаңа-Семей станцияларының жастары ерекше белсенділікпен қатысты. Сенбілікке сонымен қатар қаладағы «Самұрық-Қазына» АҚ құрамындағы өзге де кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері де атсалысты.
Барша қатысушылар Семей қаласының Ертіс жағалауындағы Затон жағажайының аумағын қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны абаттандыруға өз үлестерін қосты.
Таңертеңнен басталып, ымырт үйірілгенше жалғасқан сенбілікте қыз-жігіттер өзен бойындағы қоғамдық аумақтарды тазарту, санитарлық жағдайды ретке келтіру және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл күнгі іс-шараға жастарға көмекке ауыр техникалар да тартылған болатын. Қап-қап тұрмыстық қалдықтар мен томар, бұталар шығарған жастар қауымы уақытты мейлінше тиімді өткізді. Оларға арналып түс уақытында алып тайқазанмен ыстық тамақ та әзірленген болатын.
– «Таза Қазақстан» – тазалық пен тәртіпті қалыптастыруға бағытталған ортақ бастама. Бұл орайда «Самұрық-Қазына» қорының 20 жылдығына арналған «20 игі іс» жобасы аясындағы осынау іс-шаралар аймағымыздағы барша белсенді жастардың басын қосып, ортақ мақсатқа жұмылдырып отыр. Мұндай шаралардың берер бір тиімділігі осы деп білеміз, – дейді бұл орайда бөлімшенің Жастар ұйымының төрайымы Арайлым Қосанова.
Теміржолшы жастардың айтуынша, «Самұрықнама» онкүндігі аясындағы шаралар әлі де жалғасатын болады. Алдағы аптада Семей орманының сиреген алқабына тал көшеттерін отырғызу сынды игі бастаманы ұйымдастырып өткізу көзделуде.