Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігінде пойыз құрастырушының еңбегіне ерекше баға беру керек. Жылдың қай мезгілінде болсын, мейлі қыстың үскірік аязында, немесе жаздың аптап ыстығында әр ауысымда 12 сағат бойы вагоннан вагонға ауысып жүріп шашылып жатқан құрамнан пойыз жасақтайтын ауыр еңбек иесінің жұмысы аса жауапты да қауіпті.

Ақтөбе станциясының пойыз құрастырушысы Сәулет Артық осындай бейнеті ауыр еңбекті атқарып жүрген қарапайым еңбек адамының бірі. Сәулеттің темір жолды таңдауы кездейсоқ емес. Әкесі машинист, әпкесі де осы салада еңбек етеді. Тасымалды ұйымдастыру және қозғалысты басқару мамандығы бойынша білім алған жас жігіт бұл салада сегіз жылдан бері еңбек етеді. Айтуынша, теміржолда әр мамандықтың өз қиындығы бар. Соның ішінде пойыз құрастырушыдан қырағылық, шапшаңдық пен жауапкершілік талап етіледі.

– Ауысым 12 сағатқа созылады. Вагондарға мініп-түсіп, үнемі қозғалыста жүреміз. Қолымызда рация болады. Қыста тоңамыз, жазда ыстыққа күйеміз. Бір ауысымда екі пойыз құрастырушы жұмыс істейміз. Бұл мамандықта сақтық пен қырағылық аса маңызды. Дипломымды алып, жұмысқа орналасқанда «Енді қозғалысты ұйымдастырушы әрі басқарушы болдым» деп мәз болғаным бар. Ертеңіне жұмысқа әдемі киініп келген маған темір тұмсық етік, «спецовка» мен каска кигізіп, вагондарды санауға жіберген. Табақтай дипломыңа қарамай темір жолда жұмысты ең төменгі лауазымнан бастайсың деп түсіндірді әріптестерім,– деп күліп алды Сәулет.  

Ақтөбе станциясында 2018 жылдан бері пойыз құрастырушы болып еңбек етіп келе жатқан 33 жастағы Сәулет Артық бүгінде бұл жұмыстың қыр-сырын әбден меңгерген. Теміржолдағы төзімділік пен тәртіп оны шыңдады. Айтпақшы, Сәулеттің бойындағы тағы бір қасиеті – өнерге бір табан жақындығы. Ол ән айтып, пародия салып, түрлі мәдени-көпшілік шараларға белсене қатысады. Қызметтегі жауапкершілігі жұмыста сүйкімді етсе, өнеріне жұртшылық қол соғады. «Сегіз қырлы, бір сырлы деген біздің Сәулеттей болсын» деседі әріптестері.