ТЧЭ-30 - Шу локомотив пайдалану депосы шаруашылықты қысқы маусымға дайындау барысында тартқыш және моторвагонды жылжымалы құраммен қатар, өндірістік инфрақұрылым обьектілерінің дайындығын толық қамтамасыз етуге басымдық берді.
Нақты жұмыс нәтижесі күзгі комиссиялық тексеру қорытындысында қанағаттанарлық деп бағаланған болатын. Бірінші кезекте локомотив паркін қысқы пайдалану режиміне көшіруге дайындық жүргізілді. Шу локомотив пайдалану депосының аға нұсқаушысы Темірхан Наурызбаевтың айтуынша, комиссиялық тексеруге 75,5 бірлік локомотив ұсынылған. Оның 61,5 бірлігі – электровоз болса, 14 бірлік - тепловоз.
– Оның алтауы – жолаушылар, 54,5 бірлігі жүк пойыздарына тиесілі, біреуі шаруашылық бағытта қолданылатын локомотив. Жалпы қысқа дайындық барысында 12 электровоз бен тепловоз Арыс, Атбасар локомотив пайдалану деполары және «Шар» ЖШС-не жөндеуге жіберілді. Ал Павлодар мен Екібастұз, Жаңаарқадан тағы 4-еуі жөндеуден өткізілді. Жөндеуге дейін ВЛ80С, ВЛ40М, ВЛ60ПК, ТЭМ2 локомотивтерінің жағдайы 3 балдық деңгейде болса, жөндеуден өтіп, қайта тексерілгеннен кейінгі көрсеткіші 4 балды құрады. Жаңа электровоздар: KZ8A, СКД6Е, TAMKZ-ның жағдайы төрттен бес баллға жетті. Жалпы комиссиялық тексеру бойынша орташа балл - 4,5-ті көрсетті, - дейді Темірхан Мұхамеджанұлы.
Қысқы маусымға дайындық барысында локомотивтердің техникалық жөндеулерден өткізумен қатар, шанақты, жүріс бөлігін сырлап-майлау, тепловоздарды жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Шу пайдалану депосы бастығының орынбасары Мейірхан Орысбай локомотивтерді тиісті санитарлық-гигиеналық жағдайға келтіру үшін қажетті материалдар алынып, бригадаларға таратылып берілгенін жеткізді.
– Аралас қызметтермен бірлесіп локомотивтердегі қауіпсіздік жүйелері тексерілді. Бақылау және жөндеу бөлімі командалық құрамның комиссиялық тексеруден шығатын ТЧЭ-30 локомотивтерді қабылдау кестесін әзірледі. Бекітілген кестеге сәйкес орындалған жұмыстардың барысы бойынша күн сайын басшылыққа ақпарат беріп отырдық. Қысқы маусымға дайындық кезінде тағы бір назар аударатын мәселе – машинистердің қысқы киім-кешекпен қамтылуы. Қазіргі таңда жеке құрам толықтай қолғап, бас киім, етік, тағы басқа заттармен қамтамасыз етілген,– деп түсіндірді Мейірхан Бекжанұлы.
Комиссиялық тексеру қорытындысы бойынша локомотивтер қысқы маусымға дайын. Соған қарамастан, барлық инженерлік-техникалық қызметкерлер мен командалық-нұсқаушы құрам техникалық және сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында тиісті жұмыстарды жалғастыруда. Командалық-нұсқаушылық құрамға желіге шығу кезінде локомотивтердің өртке қарсы жағдайына және локомотив бригадаларының техникалық қызмет көрсету – 1 циклдерін сапалы орындауына ерекше назар аудару міндеттелген.