Осы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуіне байланысты 1 383 дерек тіркелген. Оның 1 074-і жануарлардың теміржол бойына шығып кетуіне байланысты орын алған, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Мұндай жағдайлар пойыздардың қауіпсіз қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамға залал келтіріп, пойыздар қозғалысының кестесіне кері әсер етуі мүмкін.

Мәселен, өткен тәуліктің өзінде көлік полицейлері Ақмола, Қарағанды, Жетісу және Түркістан облыстарында осындай бірнеше деректі тіркеді. Аталған жағдайларда машинистер теміржолға кенеттен шығып кеткен жылқылар мен ірі қара малға байланысты пойыздарды шұғыл тежеуге мәжбүр болған. Локомотив бригадаларының дер кезінде қабылдаған шараларының арқасында кейбір жағдайларда жануарларды қағып кетудің алдын алуға мүмкіндік туды.

Тіркелген барлық деректер бойынша көлік полицейлері мал иелерін анықтады. Олардың барлығы теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.