Алматыда желілік және аймақтық деңгейдегі бас инженерлер мен еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженерлер «Өндірістік тәуекелдерді басқару және қауіпсіздік мәдениетін дамыту» тақырыбындағы корпоративтік оқыту бағдарламасынан өтті.

Оқуға еліміздің әр өңірінен 100 маман — Магистральдық желі және Тасымалдау процесі дирекцияларының, сондай-ақ, «Жүк тасымалы» ЖШС-нің қызметкерлері қатысты. Бағдарламаның басты мақсаты — қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылаудан өндірістік тәуекелдерді проактивті басқаруға көшу, қайталанатын оқиғалардың алдын алу және орнықты қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.  

Екі күн ішінде қатысушылар өндірістік қауіпсіздікті басқарудың заманауи тәсілдері мен мінез-құлық қауіпсіздігін, қауіп-қатерлерді анықтау мен кәсіптік тәуекелдерді бағалауды, жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді, түпкі себептерді талдауды, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнамалық талаптарды, ішкі бақылауды; еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженердің жұмысында жасанды интеллектті қолдануды; тәлімгерлік, көшбасшылық ықпал ету және қызметкерлерді қауіпсіздік мәселелеріне тарту тақырыптарын қарастырды.  

«Екі күндік оқыту бағдарламасы өте мазмұнды болды. Бағдарламада қарастырылған тақырыптарды спикерлер жанжақты талқылап, егжей-тегжейлі түсіндірді. Мәселен, түпкі себептерді қалай анықтау, қалай зерттеу-зерделеу керектігін үйретті. Практик-сарапшы Төлеген Оспанқұлов нақты жазатайым жайтты мысалға келтіріп, практикалық кейсті бүге-шігесіне дейін талдап көрсетті, яғни жұмыс берушінің кінәсі қай жерде, жұмысшының дұрыс емес әрекеті қайсысы еді?! Екі күндік бағдарлама құнды андрагогикаға толы болды. Яғни андрагогика — ересектерге білім беру туралы ғылым. Бұл термин грек тіліндегі «andros» (ересек адам) және «agogos» (жетектеу, бағыттау) деген сөздерден шыққан. Балаларды оқытуға бағытталған педагогикадан айырмашылығы, андрагогика өмірлік және кәсіби тәжірибесі қалыптасқан адамдарды тиімді оқытуға мүмкіндік беретін ерекшеліктерді, қағидаттар мен әдістерді қарастырады. Міне, біз офлайн форматта өткен бағдарлама барысында андрагогика білімімен сусындадық. Сонымен қатар жасанды интеллект Клаудпен жұмыс істеудің қыр-сырын оқып білдік. Мәселен, бұл ЖИ-де қандай жобалар жасауға болатынын, оны қалай пайдалану керектігін оқытты. Клаудқа тіркелген соң ол сен туралы барлық деректі біліп, саған жұмысқа қажетті нұсқамалар, ережелер, тағысын тағы құжаттарды дайындауға көмекші құрал бола алады және ол GPT сияқты емес, нақты әрі дәл көмек бере алады. Яғни оның деректері 80-85 пайыз шындыққа жанасады»,– дейді оқыту бағдарламасына қатысқан «ҚТЖ» ҰК» АҚ Өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің бас менеджері Галина Астапенко.  

Сабақтарды еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы практик-сарапшы лар жүргізді. Бағдарлама практикалық кейстер мен қорытынды жобалық сессияны қамтыды. Оқу соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.  

Еңбекті қорғау мамандарының құзыреттілігі мен қауіпсіздік мәдениетін дамыту — ҚТЖ-ның басым бағыттарының бірі. Өйткені қызметкерлердің қауіпсіздігі компанияның басты құндылығы болып қала береді.