Маңғыстауда теміржол өткелінен өту ережелерін сақтау бойынша профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. 28 қазан мен 27 қараша аралығында жарияланған «Назар аудар, теміржол өткелі!» акциясы аясында ұйымдастырылған кезекті алдын алу жұмыстары Ақтау қаласының аумағында жүргізілді.

Жергілікті теміржолшылар қала аумағындағы өндірістік аймақта орналасқан екінші шақырымдағы үшінші күзетпелі өткелде Ақтау қалалық әкімдігі мен полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесе автокөлік жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар өткізді.  

Рейд барысында автокөлік жүргізушілеріне теміржол өткелінен өту тәртібі, қауіпсіздік талаптарын сақтау және жол қозғалысы ережелерін бұзудың ықтимал салдары түсіндірілді. Сондай-ақ теміржол өткеліне жақындаған кезде барынша мұқият болып, бағдаршам сигналдары мен жол белгілерінің талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

– Жол қауіпсіздігі тек тиісті мекемелердің ғана емес, әрбір жүргізушінің ортақ жауапкершілігі. Бір сәттік асығыстық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Ал, қарапайым сақтық пен жол ережесін сақтау – адам өмірін сақтап қалудың, жолдағы жол-көлік оқиғасының алдын алудың ең сенімді жолы. Әр адам, көлік жүргізушісі осы өткелден өтерде үйінде отбасы, алдында қаншама жақсы күндер күтіп тұрғанын тағы бір рет есіне алып, сабыр мен сақтық танытса, теміржол өткеліндегі қаншама оқиғаның алды алынар еді. Сондықтан, бір бұл емес, кез келген жол қиысындағы өткелден өтетіндерге, әсіресе автокөлік басқарушыларға «теміржол көлігі өте қауіпті, сондықтан пойызбен жарыспа, жол бер жүргізуші» деп қайталап айтқаннан жалықпай келеміз, – дейді Маңғыстау жол дистанциясының жетекші инженері Мұхтар Кульчанбаев.

Аталған бағыттағы профилактикалық жұмыстар Жетібай және Жаңаөзен станцияларындағы теміржол өткелдерінде де жалғасын тапты.