Биылғы жылы желтоқсанда әскерилендірілген теміржол күзетінің құрылғанына 105 жыл толады. Осы орайда семейлік күзет қырандары жыл басында «105 игі іс» қайырымдылық акциясын бастаған болатын.
Қаңтар айында басталған акция аясындағы ізгі шаралар әлі жалғасып келеді. Осы аралықта теміржол күзетінің сарбаздары әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, ДЦП диагнозы қойылған балалары бар отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне барып, материалдық көмектер көрсетуде. Мұндай қайырымдылық іс-шаралары аймақ көлемінде жүргізілуде. Мәселен, жуырда «ӘТЖК» ЖШС Семей филиалының Дегелең станциясындағы атқыштар тобы жергілікті кәсіподақ ұйымымен бірлесіп ерекше бала тәрбиелеп отырған, үш балалы жалғызбасты анаға азық-түлік пен тұрмыстық қажеттіліктер қоржынын тарту етті.
– «105 игі іс» акциясы тек бізде ғана емес серіктестіктің барлық филиалында жүріп жатыр. Өзге өңірлердегі әріптестерімізбен жақсылық жасап жарысу біз үшін қалыпты дағдыға айналды. Акция жыл соңына дейін жалғасып, қорытындысы шығатын болады,– дейді «ӘТЖК» ЖШС Семей филиалының кәсіподақ ұйымының төрағасы Амантай Қатпенов.
Жалпы, биылғы жыл Абай еліндегі әлеуметтік, қоғамдық іс-шаралар бойынша мейлінше мазмұнды өтуде. Соның ішінде қайырымдылық көмек көрсетуде аймақтағы теміржолға қатысты барлық мекемелер мен ұйымдардың арасында әскерилендірілген күзет қызметі алдыңғы орынға шықты.