Кәсіподақ қызметіне баға берілді
Қызылорда облысы бойынша меншікті тілші
Кәсіподақтар күніне орай «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Қызылорда филиалында кәсіподақ ұйымдарының жыл басынан бері атқарып келе жатқан жұмысына баға беріліп, белсенділер түрлі марапатқа ие болды.
Басқосуда кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттары сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Филиал төрағасы Бауыржан Ахметов әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмысты жандандыру, өткізілген іс-шаралардың сапалы фото-бейнематериалдарын дер кезінде жолдау, әр тапсырманың орындалу барысы мен нәтижесі туралы нақты ақпарат беру мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмыс орындарын зерделеу, ұжымдық шарт талаптарын түсіндіру және теміржолшылардың спорттық-сауықтыру шараларын тұрақты ұйымдастыру міндеттері назарға алынды. Қаржылық және ақпараттық есептерді белгіленген мерзімде толық тапсыру қажеттігі де атап өтілді.
Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясының кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерсайын Сұлтанов спорттық жарыстарға құрама команда жасақтағанда бір ғана станцияның қызметкерлерімен шектелмей, барлық станциялардан теміржолшыларды іріктеуге басымдық беру жөнінде ұсыныс білдірді.
Ал Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Салтанат Махмутова атаулы күндерге арналған іс-шараларды бірізділікке келтіру қажеттігін айтты. Қатысушылар кәсіподақ жұмысын жетілдіру, жоспарлы шаралардың орындалуын бақылау және ұжымдардағы белсенділікті арттыру жайында пікір алмасты.
Жиын соңында кәсіподақ қызметінде белсенді жүргізумен қатар ұйымның дамуына сүбелі үлес қосып жүргендер «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ төрағасы О. Ахметбаевтың Құрмет грамотасымен, «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісімен марапатталды.
