Қарағанды магистральдық желі бөлімшесінің қызмет көрсету учаскесінде «Назар аударыңыз, өткел!» профилактикалық акциясы болып өтті, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Іс-шара жол-көлік оқиғаларының алдын алу және теміржол өткелдеріндегі қауіпсіздікті арттыру үшін «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
Рейд Қарағанды – Сұрыптау станциясының 710 км күзетілетін теміржол өткелінде болып өтті. Оған Қарағанды магистральдық желі бөлімшесінің мамандары, Қарағанды жол дистанциясы мен Қарағанды қаласының полиция қызметкерлері қатысты.
Бұл учаске жоғары қозғалыс қарқындылығымен ерекшеленеді. Күн сайын өткел арқылы орта есеппен 20 жұп жолаушылар және 30 жұп жүк пойыздары өтеді, сондай-ақ шамамен 40 мың бірлік автокөлік өтеді.
Акция барысында теміржолшылар автокөлік жүргізушілеріне темір жолдарды қауіпсіз кесіп өту ережелерін еске салып, ақпараттық жадынамалар таратты. Профилактикалық әңгімемен 45 жеңіл және 15 жүк көлігінің жүргізушілері қамтылды.
Мұндай профилактикалық рейдтер тұрақты, тоқсан сайынғы негізде жүргізіледі. Олардың басты мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру, авариялық жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау.