Тұтынушы талабы – заң

Аймақтар
05.08.2019, 13:04
Қосұйым Мұқашев

Атырау облысы бойынша меншікті тілші

Жаз мезгілінде және мереке қарсаңында пойызға билет табу қиынға айналады. «Билет жоқ» деп сенделіп жүрген бір адам, ал пойызға мінсеңіз, бос орын тұрады, бұл қалай? Қоғамда орын алып отырған осынау келеңсіз құбылысқа орай жуырда Президент Қ.Тоқаев Үкіметке пойызда жолаушы билеттерінің жасанды тапшылығын жою жөнінде тапсырма берді. Яғни, мәселе мемлекеттік деңгейде қарастырылып жатыр.

Жолаушы – темір жол көлігінің қызметін пайдаланушы. Яғни тұтынушы. Демек, «Клиент – всегда прав» екенін ескерсек, тұтынушының талабы қашан да заң. Жуырда Атырау магистральдық желі бөлімшесінде жалпы жолаушы тасымалы, билет кассаларының жұмысы, вагондардың жай-күйі, қызмет көрсету сапасы, т.б. мәселелер хақында кеңейтілген шұғыл мәжіліс өтті. Оған бөлімше мен құрылымдық мекеме басшылары, «Жолаушы тасымалы» АҚ мен «Вагонсервис» ЖШС Атырау телімі өкілдері, билет кассирлері, жолсеріктер мен пойыз бастықтары, вокзал қызметкерлері, сондайақ Атырау көлік прокуроры, көліктік инспекция, желілік полиция бөлімі, әскерилендірілген күзет, санэпидстанция, т.б. мүдделі тараптар қатысты.

Атырау магистральдық желі бөлімшесінің директоры Елеубай Сапаров көтеріліп отырған тақырыптың жолаушылар үшін де, қызмет көрсетуші мекемелер үшін де өзектілігін, соған орай бірнеше құрылым өкілдері бас қосқан шұғыл жиын өткізіліп отырғандығын атап өтті. «Өкінішке қарай, шынымен де бүгінгі күні жолаушылардың жол жүру құжатынсыз вагондарға отыруы, жасанды билет тапшылығы, вагондар сапасының төмендігі сынды кем-кетік жоқ емес. Оларды шешу тетіктері қандай, қайткенде біз халыққа сапалы қызмет көрсете аламыз. Осы мәселелерді сіздермен бірлесе талқылап, тығырықтан шығу жолдарын қарастыру үшін кездесіп отырмыз» деді ол.

Жиында қаланың бас қақпасы – Атырау вокзалы туралы сөз болды. 1972 жылы бой көтеріп, 500 орынға лайықтап салынған ғимарат бүгінде вокзал жолаушылар тасқынының астында қалған, тәулігіне ең кемі мыңның үстінде адам өткізуді жүзеге асырып отыр. Вокзалда барлығы 16 билет кассасы жұмыс жасайды, олардың 12-сі жекеменшік. Билеттер онлайн режимде сатылады. Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау бағытында билет тапшылығы сезіледі. Мамандардың айтуынша, өңірде вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар бірнеше мыңдап саналатындықтан және олар алдын ала алып қоятындықтан пойызға көбіне билет болмайды, әсіресе жазғы уақыттарда тапшы. Алыпсатарлар болуы мүмкін деген де күдік айтылды, бірақ әзірге ұсталған ешкім жоқ.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Атырау телімінде 4 пойыз құрамасы бар, олар Алматы, Астана, Ақтөбе және Маңғыстау бағытында жүреді. Атырау вокзалындағы кассалардың төртеуі осы телімге қарайды, екеуі тәулік бойы жұмыс жасайды. Қалған 12 касса жекеменшікте, олар тәулік бойы қызмет көрсетеді. Барлық кассалар вокзал ішінде бір жерде орналасқан. «Билеттер онлайн режимде сатылады. Сондықтан билетті тығып ұстап отыру деген мүмкін емес. Әр жеке кассалар да бос орындарды қадағалап отырады. Сол себепті бұл жерде заңды бәсекелестік бар. Біздегі кассаларда алыпсатарлыққа жол берілмейді» деп сендірді телім бастығы Әлмұқан Есқалиев.

Көліктік инспекция маманы Жақсығали Іздебаевтың мәлімдеуінше, биылғы 6 айда тексеріс кезінде Атырау облысы аумағында пойызда билетсіз жүрген 87 адам анықталған. Бұл тек ішкі ғана емес, халықаралық пойыз жолушыларын қоса алғанда. Демек, билетке қол жеткізе алмаған халық амалсыз «қоян» болып мініп кетуді әдетке айналдырған...

Елордаға қатынаған «Тальго» пойызының неге тоқтатылғаны туралы сұраққа, «өзін ақтамағандықтан» деген жауап берілді. Жолаушылардың тағы бір шағымы қыста пойыздардың салқын болатыны туралы еді. 2017 жылы осындай проблема Атырау-Астрахань пойызында орын алған. «Бақсақ, бақа екен» демекші, көмір ескі болғандықтан сапасы нашар екен. Сондықтан пойызды жылыта алмайды. Ал ондай көмірді кім берді, неге алған, кім алдаған, неге қадағаланбаған, жауапсыз... Айыпты анықталмай, соңы «сиырқұйымшақтанып» кеткен. Жолсеріктер бұл туралы дабыл қағып, ақыры биыл жағдай түзелген сыңайлы. Көлік прокуроры Самат Қожанбердіұлы мұндай мәселені дереу хабарлап отыру қажеттігін ескертті.

«Мердігер мекеме өз міндетін орындамағаны үшін жауап беруі тиіс. Жолаушыға жағдай жасау керек. Сапасыз көмірді кім берді, кім қабылдап алды, пойыз неге жылымайды? Дер кезінде анықтау керек еді. Жалғыз бұл емес, қандай да бір заңсыздық орын алса, бізге ашық хабарласыңыздар. Билет тапшылығын қолдан жасау барлық жерде белең алған. Алыпсатарлықтың алдын алуға мүмкіндік бар, тек соның тетіктерін таба білу керек. Тағы бір айта кетерлігі, билет кассирлерінің дөрекілігі, дұрыс жауап бермеуі жөнінде де шағымдар келіп түседі. Осы мамандықты таңдаған соң, кассирсің бе, жолсеріксің бе, жолаушымен сыпайы сөйлесіп, қызмет көрсету – міндетің» деді прокурор.

Желілік полиция бөлімінің бастығы Жанболат Есенбаевтың пікірінше, пойызда жолаушыларға қызмет көрсетудің нашарлығына вагондардың ескілігі, әбден тозып біткендігі де себеп. «Өйткені қазір қолданыста жүрген вагондарға 30-40 жыл болған, өте ескірген. Көбінде салқындатқыш жоқ, жазда терезелері ашылмайды, қыста суық жел гулейді. Біз қызмет бабына сәйкес ол вагондарда күнде жүреміз, тәртіпті қадағалаймыз. Сонда вагондардың жай-күйін көріп-біліп отырмыз. Жуырда Алматы-Маңғыстау бағытына жаңа вагондар берілді, сондай вагондар Атырау теліміне де берілсе, жолаушы халықтың шексіз алғысына кенелер едік» деген ойымен бөлісті. Жиын барысында айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар ескерусіз қалмас үшін қатталып, жауапты тараптар белгіленді. Тараптар жолаушы халықтың талап-тілегін қанағаттандырудың барлық жолын қарастыруға келісті. 

ҚТЖ келбеті
01.05.2026
Сыйластықпен өрілген өмір
ҚТЖ келбеті
01.05.2026
Станция кезекшісі
Аймақтар
01.05.2026
Көктемгі байқау – жазға дайындық
Аймақтар
01.05.2026
Сауатты әрекет етті
ҚТЖ келбеті
01.05.2026
«Үздік маман» атану оңай емес
Қауіпсіздік
01.05.2026
Еңбекті қорғау күні атап өтілді
Қауіпсіздік
01.05.2026
Қауіпті аймақтың қатаң талаптары
Жаңалықтар
01.05.2026
«Кедентранссервис» АҚ мамандары ISO халықаралық стандарттары бойынша біліктілігін арттырды
Аймақтар
01.05.2026
Адам өмірі бәрінен қымбат
Аймақтар
01.05.2026
Білім сайысында бақ сынасты
Спорт
01.05.2026
«Толағай» – отбасылық сайыс
Қауіпсіздік
01.05.2026
Тілсіз жауға тосқауыл
Жолаушылар тасымалы
01.05.2026
Пойыздағы 25 күн: Қазақстанның барлық өңірін аралаған саяхатшы
Жаңалықтар / Мұрағат
01.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №34-35 01 мамыр 2026 жыл
Әлемде
30.04.2026
Siemens Mobility Румыния үшін сутегімен жүретін пойыз жасайды
Аймақтар / Қауіпсіздік
30.04.2026
Практикалық семинар: «Менің идеалды жұмыс ортам»
Аймақтар
30.04.2026
Қауіпсіздік – қанмен жазылған қағида
Аймақтар
30.04.2026
Атырау дистанциясында еңбекті қорғауға арналған семинар өтті
Жолаушылар тасымалы
30.04.2026
ҚТЖ теміржол көлігімен жолда жүру ережелерін еске салды
Қауіпсіздік
29.04.2026
Еңбекті қорғауда ешқандай қысымға жол жоқ
MyQaz.kz