Ақтөбе станциясындағы «Теміржолшы» жаттығу залында шахматтан жарыс өтті. Жүлделі орын алған мықты ойыншылар республикалық турнирге жолдама алды.
Кәсіподақ ұйымының қолдауымен өткен турнирге өңірдегі теміржол мекемелерінен 20 ойыншы қатысты. НЖС-11, НОДГП-11, ГВЦ, Қандыағаш ШЧ, «Вагонсервис» филиалы, ВЖДО Ақтөбе, ПП «Батыс», ДС Ақтөбе, ВЧД Ақтөбе және ВЧД Шұбарқұдық мекемелерінің қызметкерлері өзара кездесу өткізіп, зияткерлер ойынында шеберлік сынасты.
– Жарыс жоғары деңгейде өтіп, әр мекемеден сайланып келгендер кәсіби шеберлігін танытты. Әр партия соңына дейін тартысты өтіп, ойыншылардың дайындығы мен тәжірибесі анық байқалды. Шахмат – ойлау қабілетін дамытатын маңызды спорт түрі. Қатысушылардың шеберлік деңгейі жыл сайын өсіп келеді. Бұл – қуантатын жағдай, – дейді спорт нұсқаушысы Нұргүл Батырхан.
Турнир қорытындысы бойынша ерлер арасында: 1-орын – Нұржан Касаев (ВЧД Шұбарқұдық), 2-орын – Еркебұлан Қапанов (ШЧ-4, Қандыағаш ст.), 3-орын – Уақбай Тоғұсов (ВЧД Ақтөбе) ал әйелдер арасында: 1-орын – Индира Нұржубаева (ПП «Батыс»), 2-орын – Гүлназ Жундикбаева (ШЧ-4, Қандыағаш ст.) иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, Бурабайда өтетін дәстүрлі республикалық жарысқа жолдама алды.