«Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалының спорт нұсқаушылары ұйымдастыруымен Тараз станциясында арқан тарту, кір тасын көтеру және дартс атудан жарыс өтті. Командалық бәсекеде Тараз көліктегі оқу орталығында біліктілік арттыру курсынан өтіп жатқан тыңдаушылар мен оқытушылар өзара бақ сынасты.
Білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдауға келген мамандар жарыстың көрігін қыздырып, спортта да алда екендіктерін көрсетті. Білек күшімен бірге, ептілік те сынға түсетін арқан тарту ойынында байланыс саласының электромеханиктерінен құралған №126 топ жеңіске жетті. 2-орынды жүк ілдіруші мамандардың №160 тобы еншілесе, 3-орынды байланысшылардың №156 тобына бұйырды.
Кір тасын көтеруден Нұрсұлтан Дәрменов жеңімпаз атанды. Ал Амантай Телешов пен Болатбек Белямов екінші және үшінші орынды иеленді.
Дартс атудан Светлана Харченко алға шықса, орталықтың кәсіподақ ұйымның төрайымы Гүлжан Ақназарова 2-орыннан көрінді. Айшат Өткелбаева үздік үштікті түйіндеді.
«Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалының спорт нұсқаушысы Евгений Тянның айтуынша, жоспарға сәйкес осындай спорттық іс-шаралар Түрксіб станциясында жалғасын тауып, шағын футболдан тораптық жарыс өткізілген. Аладоп бәсекесінде Шч-36, Түрксіб станциясы, әскерилендірілген теміржол күзеті, РСП-2 Луговой рельс дәнекерлер кәсіпорны, ВЧД-27 Жамбыл вагон пайдалану депосы және ПЧ-51 Жамбыл жол дистанциясының құрамалары айналмалы жүйеде үздік команданы анықтады.
Алғашқы айналымда-ақ жарыстың басты фавориті екенін көрсеткен Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнының футболшылары жеңіс тұғырына көтерілді. Финалға дейін жетіп, ақтық ойында алаң иелерінің бірі саналатын РСП-2 құрамасына жол берген ПЧ-51 командасы екінші орынды еншіледі. ШЧ36 құрамасы үшінші орынның жүлдесін місе тұтты.
Жарыс жүлдегерлері грамоталармен, кубоктармен, медальдармен марапатталып, үздіктерге кәсіподақ ұйымы атынан бағалы сыйлықтар тапсырылды.