Шымкент қаласында спорт алаңында шағын футболдан «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты отбасылық командалар жарысы өтті. Бұл жолғы жарыс асқаралы 60 жасқа келіп отырған Арыс жол дистанциясының бас инженері Қалдарбек Садыбековтің құрметіне арналды. Жарыстың мақсаты – әрбір отбасында спортты насихаттап, шағын футболдағы команда арқылы бірлік, әулетке деген құрмет пен елдікке тәрбиелеу, татулыққа баулып, туысқандар арасында достықты нығайту.
«Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан отбасылық футбол жарысына биыл теміржолшылардан құралған 6 команда қатысты. Командалар екі топқа бөлінді. Ойын өте тартысты өтті. Әсіресе финалға жолдама алу барысында Жаңабаевтар әулеті мен Қансейітовтер отбасы 2:2 есебімен тең түсіп, мәселе пенальти тебу арқылы шешілді. Пенальтиде Қансейітовтер отбасы ұтты. Жарыста Садыбековтер отбасы бірінші орынды қанжығасына байласа, екінші орын Қансейітовтер еншісіне тиді, үшінші орынды Жаңабаевтар әулеті жеңіп алды. Жарысқа қатысқан өзге командалар да ақшалай сыйлықтар мен марапаттауларға ие болды», – деді зейнеткер теміржолшы Панзарбек Жаңабаев.
Жарыс соңында саналы ғұмырын теміржолға арнаған, оның ішінде жол шебері, телім бастығы, Арыс жол дистанциясының өндірістік-техникалық бөлім бастығы сатыларынан өткен Қалдарбек Сапыұлына ағайын-туыстары домбыра сыйлап, иығына шапан жапты.