АҚШ-та Siemens-тің жаңа Airo пойыздары жолаушы тасымалдай бастады
АҚШ-та Siemens Mobility компаниясы шығарған Venture вагондарынан құралған алғашқы локомотивтік push-pull пойыздары жолаушылар тасымалына кірісті. Airo сервисінің алты вагоннан тұратын екі жаңа құрамы 30 қыркүйектен бастап елдің солтүстік-батысындағы Cascades бағытына шықты, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Жаңа пойыздар Ванкувер, Сиэтл, Портленд және Юджин қалалары арасында күн сайын төрт рейс орындайды. Алдағы бір жыл ішінде тағы алты құрамды пайдалануға беру жоспарланған. Кейін Airo пойыздары АҚШ-тың шығыс бөлігіне де шығарылып, Мэн штатынан Джорджияға дейінгі өңірлік бағыттарды кезең-кезеңімен қамтиды.

Әр Venture құрамына бизнес-класс вагоны, кафе мен бизнес-класс орындары біріктірілген вагон, эконом-кластағы үш вагон және басқару кабинасы бар бас вагон кіреді. Соңғысында багаж бөлімі, велосипед қоятын орын және атыс қаруын қауіпсіз тасымалдауға арналған құлыпталатын арнайы шкаф қарастырылған.
Пойыз 300-ден астам жолаушыға арналған және сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен жүре алады.

Құрамды Siemens Mobility шығарған Charger ALC-42E тепловозы қозғалысқа келтіреді. Бір бағытта локомотив пойызды алдынан тартып жүрсе, кері бағытта құрамды артынан итереді. Мұндай технология локомотивті қайта тіркемей-ақ пойыздың қозғалыс бағытын өзгертуге мүмкіндік береді.
Жаңа жылжымалы құрам негізгі тораптар мен компоненттердің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылайтын мониторинг жүйесімен де жабдықталған.

Amtrak ұлттық жолаушылар тасымалдаушысы мен Siemens Mobility арасында 2021 жылы жасалған келісімшарттың құны 4,9 млрд АҚШ долларын құрайды. 2023 жылы іске асырылған қосымша опционды қоса есептегенде, Siemens Mobility компаниясы барлығы 83 push-pull пойызын жеткізуге тиіс.
Пойыздардың бірнеше тарту конфигурациясы қарастырылған. Олардың қатарында дизельдік, дизель мен электр желісін біріктіретін, сондай-ақ аккумулятор мен контакт желісінен қуат алатын нұсқалар бар.
Airo пойыздары Siemens Mobility компаниясының Калифорния және Солтүстік Каролина штаттарындағы кәсіпорындарында шығарылады. Amtrak мәліметінше, жаңа пойыздарға арналған 3,5 мыңнан астам компонентті өндіруге АҚШ-тың 31 штатындағы жүзге жуық жеткізуші тартылған. Соның ішінде 2 мыңнан астам компонентті Калифорниядағы 16 компания шығарады.
