«БОРЖАҚТЫ-ЕРСАЙ»: Құрыққа жол салған жоба

Инфрақұрылым
19.12.2018, 12:04

         «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған Боржақты-Ерсай темір жол желісі маңызды транзиттік көлік әлеуетіне ие Маңғыстау өңірінің де, еліміздің де солтүстік–оңтүстік бағдары бойынша ірі көліктік коммуникациялық желісін дамыта түсері анық. 

       Құрықты жалғайтын Боржақты-Ерсай темір жол желісінің ұзындығы 16 км-ге жуық. «Нұрлы жол» бағдарламасы жаңа экономикалық саясаты аясындағы көліктік, инфрақұрылымдық жобалар еліміздің транзиттік әлеуетін өсіру арқылы Қазақстанның бәсекелестікке сай экономикасының қуатты болуына жеткізеді.

       Құрық теңіз порты еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға зор үлес қосуда. Бүгінде айлақтан тек Қазақстанның ғана емес, Қытай мен Орталық Азия елдерінің тауарлары Еуропаға тасымалданып жатыр. Биыл 10 айдың өзінде қазақтың екінші теңіз порты арқылы 1 миллион 400 тоннаға жуық жүк жөнелтілген. Құрық порты мұндай жетістікке 2 жыл бұрын іске қосылған «Боржақты-Ерсай» теміржолының көмегімен қол жеткізіп отыр. Небары 16 шақырымды құраса да бұл шойын жолдың экономикалық маңызы зор. Құрық порты арқылы өзге елдерге жөнелтілетін барлық жүк осы жолмен тасымалдануда.

         «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында иен далаға жан бітті. «Боржақты-Ерсай» темір жолы арқылы күнбе-күн жүк тасымалданып жатыр. Бір жағынан Қытай мен Өзбекстан, Қырғызстан сияқты Орталық Азия елдерінен Құрық портына қарай жүк жөнелтілсе, Құрық порты бағытынан Еуропадан жеткен жүктер кері қарай тасымалданып жатыр. Осылайша бұл шойын жол бүгінде халықаралық транзит саласындағы маңызды бөлікке айналды.

         Аталған темір жол 2016 жылдың маусымында Елбасының қатысуымен өткен телекөпір кезінде іске қосылған болатын. Жаңа шойын жолмен алдымен Құрық портын салуға қажетті құрылыс материалдары тасымалданады. Ал бүгінде бұл көлік дәлізімен елімізге Еуропа жүктері жеткізіліп, көк теңіз арқылы әлем елдерінің тауарлары жөнелтілуде. Осылайша Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып, Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырды.

     – Боржақты-Ерсай теміржолын салу Құрық портын дамытудағы ең маңызды жоба болды. Қазір ол Шығыс-Батыс көлік дәлізінің негізгі бөлігіне айналған. Жылдық қуаты – 12 миллион тонна. 2020 жылға дейін бұл жолмен 300 мыңнан астам контейнерді жеткізу жоспарланып отыр, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының директоры Бауыржан Орынбасаров.

      Бұл темір жол желісі Құрық портын Маңғыстау-Өзен теміржолымен қосады. Сайын дала төсіне жаңа жол төсеу үшін 250 жұмысшы екі жыл еңбек еткен. Ал, іске қосылған соң теміржол бойында 52 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазақстанның картасында қос бірдей бекет пайда болды.

– Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өткен жүк вагондарының саны – 21 мың 174 жүк вагон. Штат бойынша 26 адам қызмет атқарады. Ауысымдық қызметпен жұмыс істейді. Жұмыс орындары соңғы үлгідегі техникалық қызметпен қамтылған. Вагон қараушы, кезекшілер, жүк қабылдап, тапсырушы, тауар кассирлері бар, – дейді Ерсай станциясының бастығы Жалғас Құдабаев.

        Осы Боржақты бекетінің кезекшісі Ерлан Жылқыбаев темір жол саласы бойынша білім алып, еңбек жолын аталған бекеттен бастаған. Жас теміржолшы жаңа станцияға қондырылған құрылғылардың көмегімен пойыздарды қабылдап, жөнелту жолдарын бақылап отырады. Айта кетейік, пойыздардың байланысын автоматты түрде реттеп, қадағалайтын соңғы үлгідегі мұндай қондырғылар елімізде санаулы. «Қорғас» пен «Болашақ» бекеттерінде ғана бар.

         – Менің нақты қызметім – пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігіне жауап беру. Тәулігіне оншақты пойыз, күндізге 4 пойыз, түнде 5 пойыз болады. Екі бағытқа жіберіп отырмыз. Бірін Болашаққа жібереміз, біреуін Құрық портына жібереміз. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді ол.

       Кезекшілер қосынының жанынан үш бөлмелі 3 пәтер салынған. Мұнда осы бекетте еңбек ететін жұмысшылар тұрып жатыр. Болашақта тоғыз жолдың торабында орналасқан Боржақты бекеті мен Ерсай станциясы бір қауым ел мекен ететін елді мекен болары анық.

       – Боржақты-Ерсай теміржолы – «Нұрлы жол» бағдарламасының жемісі. Бұл жоба отандық эко¬но¬микаға және ел аумағы арқылы өтетін халықаралық логистикаға тың серпін берді. Ең бастысы, Қазақстан үшін Еуропа нарығына шығатын ең қысқа жол ашылды, – деп толықтырды сөзін Бауыржан Орынбасаров.

          Тауар тиеген жүк пойыздары «Боржақтының» басында бірер сағат аялдап, ары қарай Ерсай станциясы арқылы Құрық портына жеткізіледі. Қазақтың екінші теңіз портында екі бірдей теміржол айлағы жұмыс істеп тұр. Әрқайсысы тәулігіне 50 вагон жүк сыйып кететін төрт бірдей алып кемені қабылдап-жөнелте алады. Вагондар көпірден өтіп, лифт арқылы кемеге тиеледі. Теміржол паромдық кешенінің қуаты – 4 миллион тонна.

         – Құрық портының құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015 жылы басталған болатын. 2 кезеңнен тұратын алып жоба 2 жыл ішінде толық аяқталды. Бүгінде Құрық Еуропа мен Қытайдың арасын қосатын үлкен трансқұрлықтық маңызы бар тасымалдау портына айналды, – дейді осы орайда «ҚТЖ Экспресс» АҚ бас директорының орынбасары Сергей Анашкин.

          Құрық порты – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ең маңызды бөлігі. Әзірге тек Әзербайжан порттарымен әріптестік орнатқан. Алдағы уақытта Каспийдегі өзге порттармен де байланысты арттыруды көздеп отыр. Келер жылы Иран мен Түрікменстан елдеріне жүк тасымалдана бастайды.

Ұлан ОРАЗ



Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Сиань – Алматы халықаралық туристік пойызы Алматыға келді
Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Ұлттық тасымалдаушы пойыз билеттеріне 20%-дан 30%-ға дейін күзгі жеңілдік ұсынады
Жаңалықтар
18.09.2026
Үздік белгі беру және байланыс дистанциясы
Жүк тасымалы
18.09.2026
«Қазтеміртранс» АҚ-ның Ақмола филиалы астық жинау науқаны кезінде астық тасымалдауға дайын
Инфрақұрылым
18.09.2026
Қызылорда облысында үш теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
18.09.2026
Қарағанды – Сұрыптау станциясында орталықтандыру дөңесі жаңғыртылуда
Жаңалықтар
18.09.2026
ҚТЖ вокзалдарды жаңарту бойынша ауқымды бағдарламаны іске асыруды жалғастыруда
Жаңалықтар
18.09.2026
Қазақстандық делегация Қытайда өткен «Бакту– 2026» форумына қатысты
Трансформация
18.09.2026
Электровоз зауытына саяхат
Аймақтар
18.09.2026
Жаңашылдық тиімділікке бастайды
Әлеумет
18.09.2026
Теміржолшы әйелдер форумы өтті
Аймақтар
18.09.2026
Шу теміржолшылары ардагерлерді ұлықтады
Жаңалықтар / Мұрағат
18.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №74 18 қыркүйек 2026 жыл
Әлеумет
17.09.2026
Достық станциясында теміржолшыларға арналған жатақхана жаңартылды
Жаңалықтар
17.09.2026
Локомотив шаруашылығы қысқы кезеңге дайындалуда
Жаңалықтар
17.09.2026
ЕО Орталық Азия арқылы өтетін көлік дәлізіне €12 млрд-қа дейін инвестиция тартпақ
Станция тынысы
17.09.2026
Талас станциясының бүгінгі тынысы
Аймақтар
17.09.2026
Семей станциясында қауіпті өткелдер бақылауға алынды
Әлемде
17.09.2026
Өзбекстанда Қытайдың екінші CRRC пойызы қатынай бастады
Жаңалықтар
17.09.2026
Отар – Шу учаскесіндегі оқу-жаттығуға өрт сөндіру пойызы қатысты