Бәрі де тұтынушылар қауіпсіздігі үшін...

Сұхбат
14.02.2017, 15:15
  Қазіргі заманда көлік қызметін пайдаланбайтын адам кемде-кем. Ал жолда жүргенде адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігінің сақталуы - басты шарт. Өйткені, жол үстіндегі адам жолаушы болумен қатар - тұтынушы. Ал жолаушылардың жол-жөнекей сатып алатын заттары санитарлық-гигиеналық нормалар үдесінен шыққанда ғана қауіпсіз болмақ. Біз Маңғыстау бөлімшелік көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Ағзия Темірқасованы темір жол көлігі саласында санитарлық нормалардың сақталу барысы, тұтынушыларды түрлі дерттерден алдын ала сақтандыру шаралары, тағысын тағы мәселелер төңірегінде әңгімеге тартқан едік.    –Ағзия Бөрібайқызы, қазір кейбір станцияларда, мысалға, Бейнеу және Болашақ станцияларында санитарлық-карантиндық пункттер жұмыс істеп тұр. Оларға жүктелген міндет, атқаратын қызмет қандай? –Санитарлық-карантиндік пункттердің жұмысы аса жауапты. Оларға жүктелген негізгі міндет - қауіпті жұқпалы аурулардың және адам денсаулығына қаупі бар деген өнімдердің, яғни тауарлардың кеден шекарасына және Кеден одағы аумағына сырттан келуіне, таралуына  қарсы  іс-қимылдарды ұйымдастыру. Әуе, теңіз, темір жолдары арқылы келген тауар осы жолдардың бірінен екіншісіне тасымалданып, жолдар бір-бірімен байланысқа түсетіндіктен санитарлық карантиндік пункттер Бейнеу, Болашақ станцияларынан бөлек, Ақтау халықаралық әуежайында, Ақтау теңіз портында да орналасқан. Олар Кедендік одақ комиссиясының  шешімімен бекітілген Ережеге және Кедендік  одақ комиссиясымен бекітілген мемлекеттік тіркеуге жататын  тауарлар тізімін басшылыққа алып жұмыс істейді. Санитарлық-карантиндік пункттердің мамандары, Болашақ станциясы Түркіменстанмен, Бейнеу станциясы Қарақалпақстан арқылы Өзбекстанмен шектесетіндіктен, екі ел арқылы өтетін өнімдердің  тиісті талаптарға сай болуын қадағалайды. Құжаттары жоқ өнімдер шекарадан өтпейді. Болашақ санитарлық-карантиндік пункті темір жол станциясының әкімшілік ғимаратында орналасқан, Кедендік одақ комиссиясының  шешімімен бекітілген Ережеге сай жасақталған, ал Бейнеу санитарлық карантиндік пункті Бейнеу вокзалының жанында. Санитарлық-карантиндік пункттер өз құзіретіне сай  Кедендік одақ комиссиясының  шешімімен бекітілген Ережеден басқа  Қазақстан Республикасының Заңдарына, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде  көзделген ережелермен, санитарлық-карантиндік пункттердің ережесіне сай жұмыс жасайды. Барлық санитарлық-карантиндік  пункттер  қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.  −   Ел аумағына карантиндік және қауіпті  жұқпалардың таралуына қарсы қандай профилактикалық  іс-шаралар қолға алынған?     −    Біздің басқарма бойынша Карантиндік  және аса қауіпті  жұқпалардың  тасымалдануына және таралуын алдын алу, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу  туралы кешенді жоспар түзілген. Бұл жоспарда мамандардың жұмысты неден бастауы керектігінен бастап  жедел хабарлама сызбалары бар. Жедел хабарлама сызбалары ҚТЖ «ҰК»  АҚ филиал басшыларымен  және жергілікті медицина мекемелерімен келісілген. Жыл сайын  облыста орналасқан санитарлық-карантиндік пункттердің мамандарымен және кешенді жоспар бойынша  тиісті мекемелермен жаттығу жұмысы жүргізіледі. Дайындық пысықталып, жасалған жұмыстардың есебі беріледі. –Көліктегі тұтынушылардың құқықтары қалай қорғалуда? Тұтынушылар тарапынан арыз шағымдар түсе ме?    −  Әрине, жолаушылар жүрген жерде арыз-шағым болмай тұрмайды. Шағымдар ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» заңына сәйкес  қаралады. Шағымдар әртүрлі. Мысалға, былтыр жолаушылар  пойызының санитарлық жағдайына қатысты екі шағым түсіп, соның негізінде жолаушылар пойыздары  тексеріліп, құқық бұзушылыққа жол берген  заңды  тұлғаларға   84 840 тенге көлемінде айыппұлдар салынды.   −  Маңғыстау өңірінде ауыз су мәселесі - үлкен проблема. Халықты сумен жабдықтау мәселесі қалай шешілуде және ауыз су сапасы туралы маман ретінде не айтар едіңіз?   − Әрине, Маңғыстау өңірінде су мәселесі түбегейлі шешілді деуге әлі ерте. Бірақ, атқарылып жатқан жұмыс жеткілікті. Мәселен, Опорный станциясынан бастап, Маңғыстау станциясына дейінгі темір жол бойындағы нысандар, жергілікті халық орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал разъезд  тұрғындарына су темір жол көлігі арқылы вагон-цистерналармен тасымалданады. 2012-2016 жылдарға  арналған «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы аясында «Теміржолсу» АҚ  және «Магистральды желі дирекциясына» қарасты сумен қамту жүйелеріне  жаңғырту және қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды жүргізу барысында Көліктегі тұтынушылардың құқықтарын  қорғау басқармасы ұсынған санитарлық талаптар ескерілді.      Жалпы су көздері, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға арналған су жинау орындары ҚР Кәсіпкерлік Кодексі мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде  көрсетілген ережелерге сай жылына бір рет бақылаудан өтеді. Былтыр су жинау орындарынан алған су сынамасы санитарлық талаптарға сай болып шықты. Осы ретте,  «Теміржолсу-Маңғыстау» ЖШСі лицензиясы бар сараптау орталықтарымен келісімшарт жасасқан. Соның негізінде өндірістік бақылау жасатып, тоқсанына 1 рет су сынамасы алынады. Егер су сынамасы санитарлық талаптарға сай келмесе, біздің басқармаға шұғыл хабарлама келіп түседі. Дереу құбырлар жуылып, залалсыздандырылады. Тазарту жұмысынан соң судың сапасы қайта тексеріледі. Өйткені, таза сапалы ауыз су – халықтың денсаулығының кепілі.    −  Ағзия Бөрібайқызы, темір жол бекеттері мен жолаушылар пойыздарында қызып жататын сауда туралы не айтасыз? Олар қаншалықты заңды? −   Темір жол вокзалының перрондарында, яғни белгіленбеген жерден заңсыз сауда түрлерін болдырмау бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Өкінішке қарай, біз сүйеніп, негізге алатын ҚР «Кәсіпкерлік» және ҚР  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»Кодекстерінде белгіленбеген орындарда  сауда жасаған жеке тұлғаларға қатысты біздің құзіретіміз айқындалмаған. ҚР  «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің «Белгіленбеген орындарда сауда жасау» туралы  204 бабына сәйкес,  Жергілікті атқарушы орган белгілегеннен тыс  орындарда сауда жасау, бірінші рет ескерту жасауға  немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға міндеттейді. Ал осы баптың  бірінші бөлігінде, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет, он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға міндеттейді  делінген. Сондықтан  жеке тұлғалардың белгіленбеген жерде сауда  жасауына тосқауыл қою – жергілікті атқарушы органдардың құзіретінде. Кейде пойыздар тоқтағанда жолаушылардың перронда белгісіз адамдардан тамақ алып, уланып, «жедел ішек инфекциясы» деген диагнозбен ауруханаға түсіп жататын жайттар кездесіп жатады. Осыны ескеріп, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 90 бабын басшылыққа  алып, вокзалдардың орналасу аумағы бойынша аудандық әкімдерге темір жол вокзалы мен темір жол вокзалының перронында орын алып отырған заңсыз сауда түрлерін болдырмауға  шұғыл шара қолдану  туралы хат жолдап отырамыз. Өкінішке орай,  белгіленбеген жерде сауда жасайтын жеке тұлғаның деректері болмау себептерінен әкімшілік жаза қолданылмай келеді. Сөз реті келгенде, жолаушыларға кез-келген жерде сауда жасап, әсіресе, тамақ өнімдерін сатып  алмауға кеңес берер едім. -Сұхбатыңызға рахмет!

Шахида ЖҰМАН,

Маңғыстау

ҚТЖ келбеті
25.08.2026
Қауіпті ақауды дер кезінде таныған маман
Әлеумет
25.08.2026
Ізгі дәстүр: Теміржолшылар бірінші сыныпқа баратын балаларға қолдау көрсетті
Аймақтар
25.08.2026
Ұрлық түбі – қорлық
Жаңалықтар / Мұрағат
25.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №67 25 тамыз 2026 жыл
Қауіпсіздік
24.08.2026
Қауіпсіздікке талап қашан да жоғары
Әлеумет
24.08.2026
Жамбылда 235 бүлдіршінге мектеп құралдары берілді
Жаңалықтар
24.08.2026
ҚТЖ Trip Optimizer және Kinetix-ті қолдануды кеңейтеді
Трансформация
24.08.2026
Олжас Бектенов көлік саласының трансформациясын тексерді
Жаңалықтар
24.08.2026
Қазақстан теміржол транзитін рәсімдеуді алты есе жылдамдатты
Жүк тасымалы
24.08.2026
Биыл ҚТЖ желісімен 184,4 млн тонна жүк тасымалданды
Жаңалықтар
24.08.2026
Қараусыз қалған мал жүк пойызының шұғыл тежелуіне себеп болды
Аймақтар
24.08.2026
Павлодарлық теміржолшылар жас спортшыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Аймақтар
23.08.2026
Ақтөбе вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
23.08.2026
Қостанай облысында Тобыл вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
21.08.2026
Арыс станциясында болашақ жүргізушілерге машинист көзімен темір жол көрсетілді
Жолаушылар тасымалы
21.08.2026
ҚТЖ «Нұрлы жол – Арқалық» пойызының қатынау мерзімін жыл соңына дейін ұзартты
Трансформация
21.08.2026
Машинажасау саласы қалай дамуда?
Инфрақұрылым
21.08.2026
Жетіген – Құрөзек: екі учаске жаңғыртылды
Аймақтар
21.08.2026
Шу теміржолшылары мен полиция бірлескен рейд өткізді
Аймақтар
21.08.2026
Атырауда «Қауіпсіз өткел» акциясы аясында 8 өткелде рейд өтті