Тасымалды басқарудың тиімді шешімдері
Жаңалықтар
05.06.2018, 12:40
Әлеуметтік маңызды жүктерді тасымалдау – мемлекет және акционерлер тарапынан «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ алдына қойылып отырған басымдыққа ие мәселенің бірі. Сондықтан ұлттық тасымалдаушы компания жүк тасымалы бойынша жоспарды толық көлемде орындауға мүдделілік танытуда. Әсіресе, қатты отын тасымалы биыл ерте басталып отыр.
«Биылғы жыл қорытындысы бойынша біз 106,5 млн тонна шамасында көмір тасымалдауды болжамдап отырмыз. Оның 72 млн тоннаға жуығы еліміздің тұтынушыларына бағытталмақ, қалған 34 млн тоннадан астамын экспортқа шығару көзделуде. Бұл болжамды көлем өткен жылдың тасымал көлеміне қарағанда 3,5% жоғары» деп атап өтті «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ жүк жұмыстары жөніндегі атқарушы директоры Айдар Исаков.
Егер «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның өткен жылдағы өндірістік қызметіне қатысты жұмыс қорытындысына тоқталсақ, 103 млн тоннадан астам көмір тиеліп, алдыңғы жылға қарағанда бұл көрсеткіш 14%-ке жоғары болыпты. Ел ішіне коммунальдық-тұрмыстық қажеттіліктерді қосқанда 72 млн тоннадан артық көмір тасымалданса, қалған 31 млн тонна қатты отын шетел асқан. Ал биылғы төрт айда 34 млн тоннадан астам көмір тиелген. Бірақ, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 процентке төмен болып отыр. Қазақстандық тұтынушыларға бағытталып 24 млн тоннадан артық көмір тиелген. Ал жыл басынан бері көмір тиеліміне қатысты көлемнің төмендеп кеткенін атқарушы директор ТЭЦ-тарға бағытталған техникалық көмірге тапсырыстың азайып кеткенімен түсіндірді. «Қаңтар, ақпан айларында қатты отынның орта нормативтік қоры 25-30 тәулікті құрады. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10 тәулікке артық болып отыр. Сондай-ақ, қаңтар айында екі апта бойы қатты аяздың болуы да 500 мың тонна көмірдің тиелмей қалуына әсерін тигізді» деп жыл басында болған ахуалдан хабардар етті А.Исаков.
Қазір жүк тасымалын ұйымдастырушылар қыста жіберіп алған еселерін қайтаруға білек сыбана кіріскен сыңайлы. Осы ретте, «Көмір тасымалын қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолға алынған? Жылжымалы құрам жеткілікте ме?» деген сұрақтарды «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасы-атқарушы директорының операциялық қызмет жөніндегі орынбасары Марат Шакеновке қойған едік.
«Біз көмір тасымалын тиімді жоспарлап, тасымал көлемін айларға теңдей бөліп тастау арқылы алдағы жылу маусымы кезінде қатты отынға қатысты туындайтын айғай-шу, дүрлігулердің алдын алмақпыз. Осы мақсатта көмір разъездері қожайындарымен, жүк жөнелтушілермен, әкімдіктермен кездесіп, жиындар өткізудеміз. Өткен аптада Қарағандыға барып қайттық. Бұған дейін Шығыс өңірінде, Өскемен, Семейде, сосын Павлодар, Екібастұзда, Ақмолада, оңтүстікте Жамбыл мен Алматыда жиындар ұйымдастырдық. Көмірмен бұл күнде ТЭЦ-терді қамтамасыз етіп жатырмыз. Әкімдіктер көмір жеткізіліміне бөлген қаржыларын төртінші тоқсаннан екінші және үшінші тоқсандарға ауыстырды. Коммерциялық көмірдің жағдайын сараптаған тапсырыс беруші мекемелер жылу маусымы басталғанда көмірдің де, темір жол көлігі қызметінің де бағасы көтерілетінін түсініп, қазірден бастап көмір жеткізіліміне тапсырыс беріп отыр. Демек, алдағы жылу маусымында көмір жеткізілуімен қатысты дүрлікпе мәселелер туындамауы керек», – деген «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ өкілі, ұлттық тасымалдаушы компанияның елдің ішкі сұранысын қанағаттандыруға және әлеуметтік маңызға ие жүктерді діттеген жеріне жеткізуге жылжымалы құрамы жеткілікті екенін, қазіргі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ паркінде осы шаруаға 50 мыңнан астам ашық вагон жұмылдырылып отырғанын жеткізді.
Астық тасымалына қатысты ахуал қалай болмақ?
Былтырғы жылдың статистикалық мәліметтеріне тоқталатын болсақ, 2017 жылы 8,9 млн тонна астық тасымалданып, бұл меже 2016 жылға қарағанда, 4%-ке жоғары болған. Ел ішіне 3 млн тоннадан астам астық жөнелтілсе, қалған 5,8 млн тонна экспортталған. Сондай-ақ, 3,2 млн тонна тартылған астық тиеліп, ол алдыңғы жылға қарағанда 12%-ке артық.
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» жүк жұмыстары жөніндегі атқарушы директоры Айдар Исаков 2017-2018 жылдардың маркетингілік маусымында Ресей мен Украинада егіннің бітік шығып, сол себепті экспорттың Каспий және Қара теңіз порттарына, Италия, Түркия, Иран және Ауғанстан бағыттарына қарай өскенін, ал бұл бағыттар ұзаққайтарымды және инфрақұрылымдық мүмкіндігі, соның ішінде, терминалдық мүмкіндігі шектеулі болғанын, бұл өз кезегінде, Ақтау портында жүкті ауыстырып тиеу көлемінің көптігінен астық тасымалдаушы құрамдардың кідірісі мен жүктің түсірілуін күтіп тұрып қалуына әкелгенін еске салып өтті. «Портта өнімсіз кідіріп тұруды қысқарту мақсатында желілік сервис қызметі енгізіліп отыр, ол Ақтау порты арқылы астық тасымалдау үшін маусымдық мультимодальды кешенді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Аталған сервис тасымалдау үдерісіне қатысушылардың, мейлі ол өндірушілер, элеваторлар, вагон операторлары, трейдерлер, брокерлер және басқалары болсын, бәрін бірыңғай тізбекке шоғырландырады. Яғни, оның мағынасы неде дейтін болсақ, экспортталатын жүк тасымалы мерзімі белгіленген кесте бойынша жүк вагондарын кемелер арқылы жеткізетін болады. Мұндай жұмыс механизмі вагондар, кемелер айналымын жақсартып, Ақтау портындағы терминалдардың жүктемесін мейлінше азайтуға мүмкіндік бермек» дейді Айдар Исаков.
Былтыр Ауғанстан мен Өзбекстанға астық экспорты көлемінің өсуі, өз кезегінде, Орталық Азия аймағының инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін төмендеткен еді. Өйткені, Орталық Азия елдері инфрақұрылымының өткізу қабілеттілігі айына 600 мың тонна астық пен 200 мың тонна ұнды құрайды. Міне, осы мәселені шешу үшін Өзбек темір жолымен бірлескен жұмыс жүргізілген, нәтижесінде Сарыағаш-Келес шекаралық өткелінің өткізу қабілеттілігі тәулігіне 18-ден 28 жұп пойызға дейін ұлғайтылған. Айдар Исаков сонымен қатар Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне белгілі бір бекітілген кесте бойынша қатынап, тікелей баратын бағдарларды ұйымдастыру бойынша жұмыстардың жүргізілгенін, нәтижесінде, ұн тиелген құрамдар 3257 км қашықтықты 120 сағатта жүріп өтетінін жеткізді. «Бұдан бөлек Түркия бағытына жаңа темір жол дәліздері ашылды. Ол Құрық-Алят-Ахалкалаки-Карс арқылы Түркияның Мерсин портына шығады, бұл – Новороссийск порты арқылы жүретін бағдарға балама дәліз. Сондай-ақ, Ауғанстанға Имаманазар-Акина арқылы, ал Иранға Акяйла-Инчебурун арқылы астық тасымалдау қарастырылды», деді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ атқарушы директоры.
Оның айтуынша, қазақстандық астық пен ұнды экспорттаудың дәстүрлі бағыттары биыл да сақталып қалмақ. Яғни, Орталық Азия елдеріне аталған жүктің 33%, Иран мен Ауғанстанға – 43%,Қытайға – 7%, Ресей еліне – 10%, өзге елдерге 7% жөнелтілмек.
Марат Шакенов «ҚТЖ» ұлттық компаниясының ұн мен астық жөнелтушілердің тасымалға қатысты сұранысын толық қанағаттандыруға қазірден бастап кіріскенін мәлімдеді. Бүгінде астық тасымалдаушы құрамдардың ірі отандық операторы болып табылатын «Астық Транс» АҚ 330 астықтасушы құрамға қызмет мерзімін ұзарта отырып, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ал осы жылдың соңына дейін 421 құрам сатып алу және де 1080 астық вагонын жөндеу көзделген. Яғни, 2018/2019 жылдардың астық тасымалының «Астық Транс» АҚ жұмыс паркінде 5810 вагон болады деп межеленуде. Жалпы Қазақстан бойынша болжамдағы астық құрамдарының паркі көмек ретінде алған вагондарды қоса есептегенде, 10-11 мың астық тасымалдаушыны құрамақ.
Қазіргі күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ отандық астық өнімдерін өткізетін жаңа нарықтарды іздеу жұмыстарын жүргізуде. Компания өкілдері Иран, Қытай, Ресей, Еуропада өтетін халықаралық көлік конференцияларынан тыс қалмайды. Сондай жиындардың жемісті бір нәтижесін, Жалтыр станциясынан қытайлық Ляньюньган порты арқылы вьетнамдық Хошимин портына қазақстандық астықтың тасымалдануын атауға болады.
Сұлугүл БАКЕСОВА
Жаңалықтар / Мұрағат
12.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №45 12 маусым 2026 жыл
Жаңалықтар
11.06.2026
Астанадағы C5+1 диалогында Транскаспий дәлізін дамыту мәселелері талқыланды
Жаңалықтар
11.06.2026
«Теміржолсу» АҚ мыңнан астам теміржол инфрақұрылымы нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізді
Жаңалықтар
11.06.2026
Астана Халықаралық университетінің студенттері ҚТЖ жұмысымен танысты
ҚТЖ келбеті
11.06.2026
Семейлік инженер Мария Тұрсынова «Үздік рационализатор» атанды
Спорт
11.06.2026
Жолшылар мен машинистер арасындағы тартысты дода
Әлемде
11.06.2026
ЕО шекарааралық теміржол қатынасын жеңілдететін жаңа ережелер қабылдады
Жаңалықтар
10.06.2026
ҚТЖ теміржолшылардың балаларын марапаттады
Әлемде
10.06.2026
Түркия алғашқы жүрдек пойызын сынақтан өткізіп жатыр
Жаңалықтар
10.06.2026
Олжас Бектенов туристік бағыттар бойынша теміржол орындарының санын көбейтуді тапсырды
Әлемде
10.06.2026
TGV-M жүрдек пойызы 2026 жылдың қыркүйегіннен жолаушыларды таси бастайды
Трансформация
10.06.2026
ҚТЖ әлеуметтік саясаты: қызметкерлерді қолдау мен өңірлерді дамыту бағыты
Жаңалықтар
09.06.2026
Алматы өңірінде теміржол инфрақұрылымын көктемгі тексерудің қорытындысы шығарылды
Жаңалықтар
09.06.2026
Құрық пен Махачкала порттары ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
Жолаушылар тасымалы
09.06.2026
ҚТЖ жазда Бурабай бағыты бойынша 144 мыңнан астам жолаушыны тасымалдамақ
Жүк тасымалы
09.06.2026
Алашаңқай станциясында алғаш рет қатты желдің салдарынан 14 төтенше дайындық режимі енгізілді
Сұхбат
09.06.2026
Ұлттық тасымалдаушы теміржол қатынасын қалай дамытып жатыр?
Станция тынысы
09.06.2026
Сам станциясына пойыз тоқтайтын болды
Аймақтар
09.06.2026
Өткелдегі қауіпсіздік өзекті мәселе
Инфрақұрылым
09.06.2026
Экологиялық мәдениет – өркениет белгісі