Арыстық Ибрагимовтер әулетінің темір жолдағы еңбек өтілі 700 жылды құрайды

ҚТЖ келбеті
19.01.2022, 09:55
Жансая Сыдықбай

Шымкент қаласы бойынша меншікті тілшісі

Арыс – теміржолшылар қаласы. Сондықтан мұнда халықтың 80 пайызы теміржолмен күнелтуі заңдылық. Тоғыз жолдың торабында орналасқан кентте темір жолдағы жалпы еңбек өтілі 700 жылды құрайтын Ибрагимовтер әулеті тұрады.

Бүгінде еңбек демалысындағы ардагер теміржолшы Салтай Ибрагимов (шын есімі Салыбек) Арыста кенже ұлдың қолында, қара шаңырақта тұрып жатыр екен. Жуырда Шымкент қаласындағы немересінің шаңырағына жиналған Ибрагимовтер әулетімен жақынырақ танысып, сұхбат құрудың сәті түсті.

Әулет басы Салтай Ибрагимов 1926 жылы дүниеге келген. Атамыз 96 жасқа келсе де әлі тың, сергек, қимылы ширақ. 6 жасында әкеден, 12 жасында шешеден жетім қалған Салтай атаның үш бауыры болыпты. Ағасы Әріпбай 1943 жылы соғысқа кетіп, Ленинградтың түбінде жаумен шайқаста қаза табады. Әпкесі тұрмысқа шығып кетеді, ал інісі жастай шетінеп кетеді. «Соғыс уақыты, кімді кім аяғандай, жетім баламын, анда-мында күнелтіп, аш-жалаңаш жүріп өстік» дейді Салтай қария балалық шағын күрсіне еске алып.   

Бір күндері Құдайына қараған бір кісі жолығып, еті тірі бозбаланы жетектеп әкеліп, Арыстағы вагон депосына жұмысқа орналастырады. Соғыс кезі, кілең әйел, бала-шаға, шал-шауқан жұмыс істейтін вагон жөндейтін деподағы ауыр жұмыс, қатаң әскери тәртіпке бірден үйреніп тез бейімделеді. Алдымен жай ағаш ұстасы болып, сосын вагон жөндейтін цехқа слесарь болып ауысады.

«Баяғы таршылық күндерім артта қалды. Айлығым сол кездегі ақшамен 110 сом болатын. «Жас өсіп, жарлы байымай ма» демекші, сөйтіп ел қатарына қосылып, теңеліп кеттік», –  дейді қария.

1950 жылы шаңырақ көтеріп, Құдай қосқан қосағы Жұптай екеуі өмірге 7 ұл, 8 қыз әкеліп, өсіп-өнген үлкен әулетке айналады.  

Ибрагимовтер – Қазақстан бойынша ең көп теміржолшылар шыққан әулет десек, қателеспеспіз. Соғыс жылдары басталған әулеттің еңбек өтілі жеті жүз жылға жетіп қалуының сыры да сол, күні бүгінге дейін 43 теміржолшы шыққан. Олар – Салтай қарияның өзінен бастап, 15 баласы мен 61 немере, 144 шөбересі,  5 шөпшегінен өрбіген ұрпақ.   

«Дастархан басында 24 адам отырып тамақ ішетінбіз. Мен күні бойы жұмыста болдым, демалыс дегенді білмедік. Марқұм кемпірім Жұптайым қайратты адам еді. Осы балалардың бәрін тарықтырмай өсірді. 2012 жылы қазан айында ол қайтыс болып, жалғыз қалдым, жасым 100-ге таяп қалды», – дейді қария. 

Вагон жөндеу депосында слесарь, сосын вагон қараушы, кейіннен ауысым бастығы болып ұзақ жылдар абыроймен еңбек етіп, зейнеткерлікке шықан отағасының ұл-қыздары да әке жолын қуып, өзімен қатар еңбекке араласады.

Қазір Салтай атаның Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Шымкентте тұратын ұлдары бар. Әулеттің 80 пайызы вагон шаруашылығында еңбек етеді. 

Салтай қарияның тұңғышы Гүлжәмилә мен күйеуі Келдебек Саржанов екеуі де 18 жыл теміржолда еңбек етіп, дүниеден өткенде олардың балаларын да нағашы жұрты асырап жеткізіп, қатарға қосыпты. Бүгінде олар да әулеттің бір бұтағы болып теміржолда жұмыс істейді.

Екінші ұлы Жаңабай мен үшінші ұлы Жаңбырбай теміржолшы болып зейнетке шықты. Сабира, Назира, Фазылхан, Алтын, Гүлнар, Рабиға, Гүлжанат, Эльмира, Нұрғазы, Серғазы, Әділхан, Асылхан Ибрагимовтер де алдыңғы ағалары мен әкелерінің жолымен теміржолда тер төгіп, еңбек етіп жүр. Кейбірі зейнетке шыққан. Есесіне немере мен шөбере буын әулеттің еңбек жолын жалғастыруда. Теміржолшы қарияның үлкен қыздары Гүлжәмилә мен Назира дүниеден өткен, қалғаны, Құдайға шүкір, сау-саламат.

Ибрагимовтер әулеті жыл сайын әкелерінің  туған күні 15 желтоқсанда және марқұм аналарының мерекесі 8 наурызда бір шаңырақ астында жиналуды дәстүрге айналдырған. 

«Басымыз қосылса да ортақ әңгімеміз теміржол, көбіміз вагоншы болғаннан кейін вагон шаруашылығы жайлы әңгіме өрбімей тұрмайды.  Әкеміз дайын нұсқаушы, бәрін жіктеп жіліктеп айтып отырады», – дейді Әділхан Салтайұлы.

«Алма сабағынан алыс түспейді» демекші, Салтай атаның 7-ші перзенті Алтын оқуға түсер кезде болған қызықты оқиғаны баяндап берді.

«Мектеп бітірген соң теміржолдың оқуына барып емтихан тапсырмаймын ба? Дайындалып қарық қылған дәнеңем жоқ, бірақ қарасам, сұрақтарды білетін сияқтымын, вагон шаршуашылығына қатысты білетінімді тақылдап айтып бердім. Тіпті сұрақтан тыс та білетінімнің бәрін жіпке тізіп шықтым. Емтихан қабылдап отырғандар да менің теміржолшы отбасында өскенімді түсінді ғой деймін, «міне, бұл нағыз теміржолшы болатын қыз» деп күліп өткізіп жіберді. Вагондар туралы бала күнімізден естіп өскендіктен бе, жұмысқа кірген кезде оңай болды. Бірден кірісіп кетіп, жұмысымызды көрсеттік», – дейді Алтын Салтайқызы.

Қазір Салтай атаның бесінші баласы зейнеткерлікке шыққалы жатыр. Ұл-қыздары әке-шешесінің 52 жылдық алтын тойларын өткізді. Ал 62 жылдық бриллиант тойына Арыс қалалық Мәдениет үйінің қызметкерлерін шақырып,  театрландырылған сахналық қойылым жасады. 94 жасында Салтай қария Меккеге қажылыққа барып келді. Айтпақшы, Рабиға Салтайқызы әкесінің ағасы Әріпбайды интернет арқылы үш жыл іздестіріп жүріп, соғыста қай жерде қаза тапқанын тауып, басына барып құран оқып қайтқанын жеткізді. 

Атаның айтуынша, ол ұл-қыздарын теміржолшы болуға үгіттемеген. Барлығы да өз қалауымен теміржолды таңдаған, оның үстіне көзін ашып көргені теміржол, өскен ортасы теміржолшылар болса, басқа кәсіпті іздеп несі бар?!  

«Соңғы отыз жыл ішінде теміржол саласына кереметтей жаңа технологиялар келіп жатыр. Вагон шаруашылығына КТСМ келді. Бұрын дөңгелектің қызған-қызбағанын қолмен ұстап көретінбіз. Қазір КТСМ арқасында бәрін біліп отырады. Вагон жөндейтін құрал-саймандар да жеткілікті, жаңарған. Қысқасы, бүгінде теміржолда жұмыс істеу жаныңа рахат сыйлайтын болды, соның өзі бір ғанибет емес пе?!», – дейді Әділхан Салтайұлы.

Ибрагимовтер өздерінің атақты теміржолшы әулеттен екендіктерін мақтан тұтатындарын жасырмады. Әсіресе, вагон депосында бұлардың отбасының бір мүшесі жұмысқа тұрса, кадр бөлімінің мамандары: «Ибрагимовтер сіздердің сандарыңыз мынанша еді, енді мынаншаға жеттіңіздер» деп жарысып сүйінші сұрайды екен.   

«Әкеміз қатардағы ауысым бастығы болып зейнеткерлікке шықты. Ағамыз да кейіннен өз еңбегімен директорлыққа дейін көтерілді. Біз әке атын пайдаланып, аға атын жамылып өмір сүрген жоқпыз. Рас, атакәсіпті жалғастырдық, бірақ біз де жұмысты ең төменгі сатыдан бастап, қателессек жаза алдық, қиналдық, сабақ алдық, өстік-өндік, өз еңбегімізбен көтеріліп, теміржол саласында келе жатқан жандармыз», – дейді  Рабиға Салтайқызы.

Шымкент қаласындағы немересінің шаңырағына жиналған Ибрагимовтер әулеті түгелдей болмаса да бір қауым ел болып бас қосты. Әке-шешеден ерте айрылып, бір әулеттен жалғыз қалған жетім бала, міне, бүгінде саялы алып бәйтерекке айналған. Бала күндегі қиыншылығын Жаратушы осылайша жарылқап, қарымтасын қайтарғандай... 

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Жаңалықтар
05.04.2026
ҚТЖ Басқарма төрағасы елдің транзиттік әлеуетін арттыратын стратегиялық теміржол жобаларында болды
Жаңалықтар / Апта саны
03.04.2026
150 мыңнан астам жүргізуші теміржол өткелдері арқылы өту ережелерімен танысты
Жаңалықтар
03.04.2026
"ҚТЖ" ҰК" АҚ делегациясы Санкт-Петербургтегі I-ші Халықаралық көлік-логистикалық форумға қатысты
Жаңалықтар
03.04.2026
Қазақстан Ауғанстан арқылы теңізге шығу жолын қарастыруда
Жаңалықтар
03.04.2026
ҚТЖ және РЖД жіксіз цифрлық транзитті қалыптастырады және тасымалдау көлемін ұлғайтуда
Жаңалықтар
03.04.2026
Қазақстан Санкт-Петербургтегі халықаралық форумда көлік саласын цифрландыру тәжірибесімен бөлісті
Қауіпсіздік
03.04.2026
Көктемгі байқау басталды
Трансформация
03.04.2026
ҚТЖ: инновациялық даму аспектілері
Қауіпсіздік
03.04.2026
Маңғыстау теміржолында өртке қарсы тексеріс кезеңі басталды
Аймақтар
03.04.2026
Күзет қызметі кепілдік береді
Аймақтар
03.04.2026
Атырау станциясында қауіпті жүктердің тасымалы ерекше бақылауға алынды
Жаңалықтар / Мұрағат
03.04.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №25 03 сәуір 2026 жыл
Аймақтар
02.04.2026
Ақтөбе теміржолшылары су тасқынына дайындықты күшейтті
Спорт
02.04.2026
Сыр теміржолшылары шахмат тақтасында шеберлік байқасты
Әлемде
02.04.2026
CAF Сербияға 30 электропойыз жеткізеді
Жолаушылар тасымалы
02.04.2026
Ұлттық тасымалдаушының үш бағыты бойынша 25% жеңілдік енгізілді
Спорт
02.04.2026
Ақтөбе теміржолшылары арасында шахматтан іріктеу турнирі өтті
Жаңалықтар
02.04.2026
Еуразиялық көлік дәліздері: Жаңа шешімдер мен жобалар
Жаңалықтар
02.04.2026
Көлік полицейлері теміржол торабында ірі көлемде есірткі затын анықтады
Жүк тасымалы
01.04.2026
Үкімет басшысы ЕАЭО-дағы жүк тасымалын үйлестіру үшін нейрожелілерді пайдалануды ұсынды