Талас станциясының тынысы ашыла бастады

Фоторепортаждар
05.06.2020, 10:36
Асхат Райқұл

Тараздан күнбатысқа қарай шығып, Алматы бағытындағы жолға түссеңіз, арқырай ағып жатқан Талас өзені көрінеді. Сол өзенді бойлай өтетін теміржолдың бойында Талас станциясы бар. Пандемиялық қауіпті індетке байланысты енгізілген төтенше жағдай, карантин режимдері кезінде қозғалысы кеміп, жұмысы баяулап қалған станцияда соңғы аптада шаруа күрт қыза түскен.

Жергілікті теміржолшылар үшін бұл жақсылықтың нышаны болып отыр. «Мәселен, күні кеше Новороссискіден бері қарай қант шикізаты жөнелтілді деген хабар алдық.

Сонау Кубадан жол тартқан шикізат біздің станция арқылы Тараз қаласындағы үлкен қант зауытына түседі.

Ол жерден жартылай өнім өңделіп, аппақ қантқа айналып, Қазақстанның түкпіртүкпіріне жіберіледі. Көбінесе Алматы, Шымкент, Атырау аймақтарына жөнелтеміз.

Арасында іргедегі Өзбекстан республикасына да кетеді», – дейді Талас станциясының директоры Омар Оразбақов.

Тараз қант зауытының қуаттылығы күніне 700 тоннаға дейін қант өндіруге жетеді екен. Бұл дегеніңіз, әр күн сайын зауыттан шыққан 12-13 вагон қант станция арқылы межелі жеріне жіберіледі деген сөз.

Ал Тараз қант зауытына Кубадан Ресей арқылы ай сайын 400-450 вагон шикізат келеді. «Біздің станциямен негізінен қант тасымалы өтетін болса, екінші Тараз қаласындағы барлық әскери бөлімдердің техникасы жеткізіледі.

Бұл үшін арнайы жолымыз, эстакадаларымыз әзірленген. Қордай жақтағы «Отар», «Мәтібұлақ» полигондарына, Атырау, Қарағанды аймақтарына әскери техникалар үзіліссіз, әсіресе көктем, күз айларында кетіп, келіп жатады. Олардың барлығына тиісінше қауіпсіз де мінсіз қызмет көсретуді біздің теміржолшыларымыз әбден меңгерген», – дейді Омар Ескандерұлы.

Жауапты маманның сөзінше, қант зауытының жанындағы макарон өнімдерінің цехы да теміржол қызметіне жиі жүгінеді. Сонымен қатар станция арқылы ұн, кебек тасымалданады екен. «Төтенше жағдайға байланысты биылғы көктемгі байқауды өз күшімізбен өткіздік. Артынан Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінен жасақталған арнайы комиссия тексеріп келіп, оң баға берді.

Жалпы, теміржол аса сақтықты, жауапкершілікті талап ететін болғандықтан, бізде тексеру шаралары жиі болады. Мәселен, дәл қазіргі таңда коммерциялық тексеріс жүріп жатыр. Олар да жұмысымызды жоғары деңгейде бағалауда», – деп атап өтті О.Оразбақов.

Талас станциясында қазіргі таңда 19 теміржолшы қызмет атқарады екен. Әрқайсысы өз ісінің маманы, тәжірибелі.

Сондықтан болар, соңғы он жылдың көлемінде мұнда ешқандай тосын оқиға, өндірістегі бақытсыз жағдай орын алмаған. «Теміржолшылардың қауіпсіздігі – бірінші орында.

Сол себептен техникалық, еңбек қауіпсіздігі ережелерін барынша сақтауға күш саламыз, бүгінгі таңда пандемия індетіне байланысты сақтық шараларын күшейтіп, маска мен антисептикті көптеп қолданып жатырмыз», – деп түйіндеді сөзін станция басшысы.

Станция ғимаратына осыдан бес жыл бұрын ғана күрделі жөндеу жүргізіліпті. Жуырда өткен көктемгі байқауға орай ақтап-сырлап, косметикалық әрлеуден өткен. Қызметкерлер үшін жұмысқа қолайлы жағдайдың бәрі жасалған.

Тараз қаласынан небәрі 8-10 шақырымдай қашықта орналасқан станция төңірегінде халық тығыз шоғырланған. Сондықтан теміржолшылар үшін әрі-бері ағылып жатқан жергілікті тұрғындармен, қаланың шет жағы болған соң бірлі-жарым мал ұстайтындармен қауіпсіздік тақырыбында жұмыс үздіксіз жүргізіліп, ереже талаптары қатаң сақталуы қадағаланады.

«Ұра берсең, құдай да өледі» демекші, теміржолшылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі деуге болады, бүгінде жергілікті халық темір жолды тек белгіленген орындардан ғана өтуді әдетке айналдырған. Автокөлік жүргізушілерінің де өткелде тәртіп бұзып, көзге түсуі соңғы жылдары мүлде тіркелмеген десек болғандай. 

Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ темір жол инфрақұрылымын қысқы жағдайдағы жұмысқа дайындауда
Қауіпсіздік
10.09.2026
Мұнай қоймасынан өрт шықты
Әлемде
10.09.2026
Еуропадағы ең үздік 10 теміржол вокзалы
Әлемде
10.09.2026
InnoTrans 2026 көрмесінде 120-дан астам теміржол көлігі таныстырылады
Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ локомотив паркі 159 жаңа локомотивпен толықты
Жаңалықтар
09.09.2026
Тоқаев Қазақстанды Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналдыру міндетін атады
Жаңалықтар
09.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойыздары екі өңірде табиғи өрттерді сөндіруге көмек көрсетті
Жаңалықтар
09.09.2026
Көлік нысандарында есірткі қылмысына қатысы бар 7 шетелдік анықталды
Жаңалықтар
09.09.2026
Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемі 8 айда 22%-ға өсті
Жүк тасымалы
09.09.2026
АҚШ-тан Қазақстанға контейнерлік жүк тасымалы ұйымдастырылды
Инфрақұрылым / Инфографика
09.09.2026
ҚТЖ 5,5 мың шақырым темір жолды жаңартты
Әлемде
09.09.2026
CAF-тың гибридті пойызы аккумулятор қуатымен 273 шақырым жүріп өтті
Жаңалықтар
08.09.2026
ҚТЖ және Грузиядан келген серіктестер ТХКБ-ны дамыту барысын талқылады
Жаңалықтар
08.09.2026
Көлік саласына 31 жаңа мамандық қажет
Цифрландыру
08.09.2026
ҚТЖ пойыздарында спутниктік интернетті ауқымды енгізу жұмыстары жалғасуда
Жаңалықтар
08.09.2026
Тіл мерекесі ұлықталды
Жолаушылар тасымалы
08.09.2026
Жолаушылар тасымалының үздік ұжымы
Аймақтар
08.09.2026
Жасөспірімнің әрекетінен электровозға 500 мың теңге залал келді
Қауіпсіздік
08.09.2026
Семейлік теміржол күзеті желі бойындағы бақылауды күшейтті
Спорт
08.09.2026
«Қазтеміржолкәсіп-2026»: Қызылорда командасы финалда