Қазақтан шыққан тұңғыш «Құрметті теміржолшы»

Темір жол тарихы
14.03.2024, 10:55
Қосұйым Мұқашев

Атырау облысы бойынша меншікті тілші

Ұлы Жібек жолының іздері көне ғасырларда Түркімен елінде де сайрап жататын. Бірақ жылдар өте келе ол жолдарды теміржол желісі алмастырды. Тарих қойнауына үңілсек, Орта Азия темір жолы 1880 жылдардан бастау алады. Михайлов шығанағы Красноводск қаласынан Каспий маңы темір жолы салынып, ол 1885 жылы Ашхабад, әрі қарай Чарджоу, Самарқанд, Бұқара, Ферғана қалаларына жетті. Қарақұмды қиып өтетін жол Ташауызға дейін созылды. ХХ ғасырдың басында темір жолдың экономикалық-әскери маңызы арта түсіп, оның бойына деполар мен вокзалдар салына бастады. Біздің кейіпкеріміз Байбол Орақов осы құрылыстың басы-қасында жүрген қазақ ұлты өкілдерінің бірі еді.  

Байбол Орақұлы 1900 жылы Маңғыстау түбегіндегі Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Өткен ғасырдың басы бірінші дүниежүзілік соғыс, Ұлы Октябрь революциясы сынды дүбірлі тарихи оқиғаларға толы, аумалы-төкпелі заман болғаны белгілі. 1910 жылдар шамасында Маңғыстау түбегінде табиғаттың да, саясаттың да қолайсыздығынан мал жұтап, жағдай қиындай береді. Осындай қиын-қыстау кезеңде жұрттың көбі туған жерін тастауға мәжбүр боп Өзбекстан, Түркіменстан, тіпті Иран асып, қоныс аударады. Осындай аумалы-төкпелі оқиғалардың бел ортасында жүру Байболды ерте есейтеді. Мал бағып жүрген зерек жас оңы мен солын танып, ақ пен қараны ажырата білетін деңгейге де жетеді. Шолақ белсенділердің ұр да жық әрекеттерін де көреді. Елдің іші азан-қазан, аласапыран бір кезең еді.  

Осы тұста біреуге бес бересі, алты аласы жоқ Байбол теміржолға қара жұмысшы болып орналасуға бел байлайды. Түркімен жерінде темір жол салу ісі басталғанда алғаш қолына күрек ұстап, жол салуға кіріскендердің бірі де Байбол еді. Маңғыстаудан қашып, құрығы ұзын өкіметтің қолына түспеуді ойлап жүрген қазақтар үшін бұл жұмыстың тиімді жағы да болды. Уақытылы жалақысы мен әр түрлі жеңілдіктері бар темір жол жұмысын жас жігіт тез меңгеріп әкетті.  

Еңбекте әбден шыңдалып, жол салудың қыр-сырын шебер меңгерген Байболды басшылық 1938 жылы Мәскеуге СССР теміржол министрлігінің жанындағы 6 айлық жеделдетілген қысқа мерзімді курсқа жібереді. Курсты үздік бітіріп, сол кездегі КСРО теміржол министрі Каганович Лазарь Моисеевичтің қол қойылған куәлікті сол кездегі теміржол қатынасы басшысы өзі табыс етеді. Бұл Байбол үшін үлкен абырой мен зор сенім көрінісі еді. Бірақ көп кешікпей соғыс басталып кетеді. Азамат ретінде де, маман ретінде де нағыз сынылар шақ осы еді.  

Байбол Орақов еңбек еткен Орта Азия темір жолы Ұлы Отан соғысы жылдарында ерекше маңызы бар стратегиялық жол торабы болды. Осы темір жол арқылы Сібірден, Қиыр Шығыстан, Қазақстан мен Орта Азия республикаларынан және кері бағытқа да пойыздар легі толастамайтын. Әскери техника мен оқ-дәрілер, азық-түлік пен матриалдық қажеттіліктер тиелген, әскерге шақырылғандар мен жаралылар мінген эшелондар ерсілі-қарсылы ағып жататын. Олар темір жолмен Красноводскіге (қазіргі Түркіменбашы қаласы, Адайлар сол кезде оны Шағадам деп атаған екен) келіп, кейін Бакуге теңіз арқылы жеткізілетін. Ел басына түскен осы ауыр жылдарда Байбол ата Ашхабад темір жолының Қазагшық бөлімшесінде, Ахча-Куйма темір жол торабы жол шебері болып жұмыс жасайды. «1 минутқа былай не былай бұрылып кетуге болмайды, қару-жарақ, солдаттар тиелген пойыз әбден жүріп таусылағанша міз бақпай жол бойында қақшиып тұрамыз. Ойымызда аман-есен өтсе екен деген тілек қана. Жолда пойыздың  қандай ма бір кідіруіне рұқсат жоқ. Басыңмен жауап беретінсің...» деп еске алады кейін Байбол аға. Осындай жанкештілікпен жұмыс жасап, станция, дистанция теміржолшылары міндеттерін мінсіз атқарады.  

Байбол Орақов Ұлы Отан соғысы жылдары темірдей тәртіпті ұстанған темір жолда асқан жауапкершілікпен еңбек етеді. Оның елі үшін еткен еңбегі өкімет назарынан тыс қалмай, ол 1944 жылы 2 қазанда куәлік нөмірі 40455 «Құрметті теміржолшы» белгісі сынды зор атақпен марапатталады. Жалпы бұл атақ 1934 жылдан бастап беріле бастаған еді. Сұрапыл соғыс жылдарында «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранды берік ұстап, темір жол сынды стратегиялық маңызды нысанды көзінің қарашығындай қорғап келген Ашхабад темір жолының бірқатар теміржолшысы осы атаққа лайық саналған еді. Олардың көбісі орыстар, екі түркімен және жалғыз қазақ Байбол Орақов еді. «Осы атақты қазақ ұлтынан алғаш алған теміржолшы да Байбол әкеміз болар» деп жорамалдайды ұлдары. Және осы жылы ол тағы да «Еңбектегі ерлігі үшін» төс белгісін де жарқыратып кеудесіне тағады. Ал 1955 жылы ел ісіне беріле еңбек етіп, адал қызметі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталады. Байболұлы Мерген ағаның үйінде барлық тарихи құжаттары сақталған. Одақтық һәм республикалық жол басқармаларынан алған «Алғыс хаттары» мен «Құрмет грамоталары» тау төбе боп тұр.  

Байбол Орақов 1963 жылы өзінің туып-өскен Маңғыстауына қайта оралады. Жетібай, Қарақия аудандарында тұрады. Соңғысында «КСРО-ның Құрметті теміржолшысы» ретінде Ералиев станциясында теміржолшыларға арнап салынған жаңа үйлерден кезектен тыс пәтер беріледі. Кейін қазіргі Құрық селосына қоныс аударып, 1987 жылы дүниеден өткенге дейін сол мекенде тұрады. Байбол мен жары Қанбибі (ол кісі де теміржолшы болған) екеуі дүниеге Мерген, Машырық, Құдайберді сынды үш ұл мен Несібелі есімді бір қызды әкеліпті.  

«Әкемнің өмір және еңбек жолы біз үшін үлкен өнеге болды. Ол теміржолға жан-тәнімен берілген адам еді. Күніне қолымызға фонарь алып 20 шақырым жерді жаяу аралаймыз, жолдың амандығын тексереміз. Қозғалыс қауіпсіздігі сондағы бүкіл елдің қауіпсіздігі деп отыратын, жарықтық әкем» деп еске алады бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан ұлы Мерген Байболов.  

1987 жылы Байбол ата дүниеден өтіпті. Бір күні Маңғыстаудан хат келеді. Оны Құрманқұлов Жұбан деген 1939-1949 жылдары Ашхабад теміржолында бірге жұмыс істеген досы жазған екен. Ішінде Байбол досының соғыс жылдарында түскен суреті бар. «Осыны көзімнің қарашығындай сақтап келдім, енді сендерге аманат» депті хат иесі. Адал достықтың, әріптеске деген құрметтің белгісі осы болса керек.  

Мақала Мерген Байболов архиві негізінде дайындалды

Аймақтар
26.12.2024
«Еңбекті қорғау жылы» қорытындыланды
Әлемде
26.12.2024
Қытай темір жолдары 11 айда 4 миллиардтан астам жолаушы тасымалдады
Жаңалықтар
25.12.2024
Бейжіңде Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағыты бойынша сарапшылар кеңесі өтті
Жаңалықтар
25.12.2024
Ақтөбе жүк тасымалдау бөлімшесінде жүктерді тиеу 9,2%-ға артты
Жаңалықтар
25.12.2024
Биылғы маңызды оқиғалар
Аймақтар
25.12.2024
Жамбыл облысында электровоз жөндеу депосы салынып жатыр
Жүк тасымалы
25.12.2024
Қарағанды жүк тасымалдау бөлімшесінде қара метал тиеу 39%-ға өсті
Жүк тасымалы
24.12.2024
Бейжіңде ТХКБ-ның 2024 жылғы жұмысы қорытындыланды
Жаңалықтар
24.12.2024
ҚТЖ-да қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту мәселесі айтылды
Жүк тасымалы
24.12.2024
Көлік-логистика әлеуетін дамыту сөз болды
Жолаушылар тасымалы
24.12.2024
Елордадан Атбасар мен Көкшетау бағытында жаңа жылдық электропойыз жолға шықты
Спорт
24.12.2024
Қурорттық аймақта қысқы спорттық ойындар өтті
Әлеумет
24.12.2024
Жаңа жылға тарту
Әлеумет
24.12.2024
Өзін мойындатқан жан
ҚТЖ келбеті
24.12.2024
Маңғыстаулық теміржолшылар Жастар сыйлығына ие болды
Аймақтар
24.12.2024
Кәсіподақ жетекшілері бас қосты
Аймақтар
24.12.2024
Арыс қаласының әкімі теміржолшылармен кездесті
Жаңалықтар
24.12.2024
Мемлекеттік тіл мәртебесі ұлықталды
Аймақтар
24.12.2024
Тәжірибе алмасты
Инфрақұрылым
24.12.2024
Негізгі меже – пойыз жылдамдығын 120-140 км/сағатқа дейін жеткізу