Тәуелсіздік жылдары ТМД-да теміржол саласын Қазақстан сияқты дамытқан ел жоқ...

Темір жол тарихы
29.07.2024, 15:49
Әділет Мұсахаев

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің тілшісі

Биыл Қазақстан темір жолының 120 жылдық мерейтойы. Еліміздің транспорттық инфрақұрылымының қалыптасуы мен дамуына негізделген ғасырдан астам уақыт еншісінде бүгінгі 16 мың шақырым жол жатыр. Темір жолдың ұзындығы мен желісі жылдар салып ұзарып және кеңейіп отырды, бүгінде ол кең-байтақ Қазақстанның  барлық негізгі экономикалық аймақтарын қамтитын деңгейге жетті. Әрине 120 жылдық датаға орай ең алдымен ауызға аларымыз сала ардагерлері. Теміржол саласында жарты ғасырға жуық еңбек еткен аға буындар қандай құрметке де лайық.  

Солардың бірі темір жолда 45 жыл қызмет етіп, оның дамуына өзіндік үлесін қосқан Құрметті теміржолшы, «Құрмет» орденінің иегері Аманбай Төлеушин. Алғаш еңбек жолын 1974 жылы станция кезекшілігінен бастаған, кейіннен Мойынты станциясында еңбек етті, Қарағанды жол бөлімшесінде тасымал бөлімін басқарды, Алматы темір жолында  жүк тасымалы қызметі басшысының орынбасары, ҚТЖ-да жүк тасымалын басқару қызметінде басшылықта болды.  

Кейіпкеріміз 1969 жылы мектепті бітірген соң Ташкент теміржол институтында білім алады. Оқуды тамамдаған соң Қарағандының Жарық станциясында станция кезекшісі болып еңбек жолын бастайды. Пойыздарды қабылдап-жөнелтіп, станцияның бүкіл қозғалысын жұмысын ұйымдастырып отырады. Кейіннен Жезқазған, одан кейін Мойынты станциясында басшылық қызметте болды. Теміржол саласын таңдауға әкесі кеңес берген екен.    

«Әкем 1935-1965 жылдар арасында темір жолда қызмет етіп, сол жерден зейнетке шықты. Ол Қарағанды-Жезқазған темір жолын салуға қатысты. Кейіннен Жаңаарқада  жол бригадирі болып еңбек етті. Ол кезде қазіргідей техника жоқ, шпал-рельстердің бәрін қолмен ауыстыратын. Жолшылардың жұмысы ауыр бейнетті болды», – деп еске алады зейнеткер.

Айтуынша, теміржол саласындағы технологиясы ең қиыны, жұмысының дамығаны – Қарағанды мен Жезқазған облыстары.  

«Мұнда ірі кәсіпорындар бар. «ҚарМет» комбинаты, Қарағанды көмір, Балхаш комбинаты, Жезқазған тау-кен комбинаты, Қаражал, Қарқаралы, Қарағайлы кен орындары. Соның барлығына жүк артуға вагон апару, оны тиеп алып шығу сияқты күрделі жұмыстар осы Қарағандыда іске асты. Осындай жұмысы күрделі бөлімшеде жұмыс істеуім мені шыңдап, көп тәжірибе жинауыма септігін тигізді», – дейді А.Төлеушин.

Дамуы мен жетістіктері

Темір жол – өте күрделі сала. Аманбай Төлеушин қызмет еткен 1970 жылдардың басында еліміздің экономикасының дамуына байланысты теміржол саласындағы жұмыстар да күрт өскен. Сол кездегі Қазақстан темір жолының бір тәуліктегі жүк артуы миллион тоннадан асып, КСРО бойынша алдыңғы қатарға шыққан.  

«Ол кезде теміржол саласы мемлекеттің ішіндегі өзінше бір мемлекет еді. Өйткені өзінің оқу саласы, мектептері мен балабақшалары болды. Одан бөлек жоғары оқу орындары болды. Тіптен өзінің «Локомотив» атты спорттық бөлімшелеріне дейін болды. Бүкіл саласында өзінің сауда орындары, шағын разъездерде жұмысшыларды қамтамасыз ететін дүкендері болды. Осы 1970 жылдары Қазақстан темір жолы үшке бөлінді. Тың темір жолына солтүстік аймақтар қарады. Ал Алматы теміржолына шығыс пен оңтүстік бөлімдер қарады. Батыс теміржолына елдің батыс өңірлері қарады. Осыдан бастап теміржолдың даму қарқыны жоғарылап, құрылыстар жүріп, жаңа техникамен қамту жағы жақсарды», – деп еске алады құрметті теміржолшы.

Кейіпкеріміз 1970 жылдардың басындағы жүрген маңызды құрылысқа тоқталып өтті, солтүстіктен оңтүстікке тасымалданатын жүк күрт арта түсіп, 1953 жылы ашылған Мойынты-Шу бір жолды теміржол желісімен жүктерді тасымалдау қиындай түскен. Осыған байланысты сол кездегі КСРО басшылығы Қарағандыдан бастап Ташкентке дейін екінші жол салу жөнінде қаулы қабылдайды. Көп ұзамай Жол қатынастары министрлігі бұл жобаны жүзеге асыруға кірісіп, Ақадыр, Мойынты-Шу, Сарышаған, Жамбыл, Шымкентті басып өтетін екінші жолдар құрылысы жүреді.    

«1980 жылдары бұл жолды электрлендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Өйткені тепловозбен пойыздарды жүргізу мүмкін болмады, орнына жүкті көп тартатын электровоздарды шығару қажет болды. Олар тоқ көзімен жүре береді, өте пайдалы әрі өнімділігі жоғары. Бұл жүк тасу процесін ұлғайтты, соның арқасында тасуға қажетті көлемнің барлығын игере білдік. Пойыздар саны арта түсті. Мойынтыда 70 жұп жүк пойызын алмасатын жағдайға дейін жетті. Мұндай жүк тасымалы ол кезде еліміздің ешбір өңірінде болмаған», – дейді ардагер.  

А.Төлеушин Достық-Алашанькоу теміржол құрылысы іске асырылған жылдардың да естелігімен бөлісті.    

«Нығметжан Есенғариннің тұсында, 1989 жылы Қытаймен арадағы Достық-Алашанькоу теміржол құрылысы басталды. Бұл жолдың құрылысына еліміздің барлық өңіріндегі темір жол бөлімдері қатысты. Бірі ғимараттар салуға, тағы бірі жол құрылысына көмектесті. Осылайша бұл жол 1991 жылы ашылып, алғаш рет халықаралық жүк тасымалы жүре бастады. Елімізде өндірілетін өнімдер осы темір жол арқылы Қытайға жөнелтілді.  

Басында тәулігіне 1-2 пойыздан жүрсе, артынан 3-4 пойызға жетті, яғни жыл сайын жүретін пойыздар саны артып отырды. Жыл сайын жүк тасымалы 1-2 млн тоннаға дейін өсіп отырды. Жүк тасымалының қалай өскен динамикасы бар, күндегісін күнделікті санап отырдық. Ол кезде мен жүк тасымалы қызметін басқардым.  Пойыздар көбейген сайын Достық станциясына баратын бағытта жаңа разъездер ашып, ол жерде вагондар тоқтайтын орындар ашып, жаңа жолдар қостық», – деп еске алады зейнеткер.  

Құрметті теміржолшы қытаймен арадағы жүк тасымалы жыл сайын артып отырғанын және еліміздің теміржол саласы жақсы дамып келе жатқанын көріп отырғанын айтты.

«Қазір Қытаймен арада үшінші түйіспе Аягөз-Бақты темір жолы салынып жатыр. Мұның барлығы ел экономикасының дамуына үлкен септігін тигізеді. Ұлы Жібек жолы жанданып, Транскаспий бағыты арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы жүк ағыны артып келеді. Еліміз арқылы өтетін контейнерлік пойыздардың саны он есеге дейін өсті. Оған қоса пойыздардың жылдамдығы да артты. Яғни теміржол саласы жақсы дамып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан теміржолының қазіргі басшылары да біраз құрылыстарды жүргізіп жатыр. Әлемдік жаңалықтарды оқып отырып, неміс ғалымының айтқан сөзі есімде қалыпты. Ол: «Сіздер ешқандай мұхитқа шыға алмайсыздар, бірақ сіздердің мұхиттарыңыз жандарыңыздағы Қытай, онымен сауда-саттықты күшейту қажет» деген еді. Расында да Қытай деген мұхит, оған азық-түліктен бастап шикізатқа дейін жеткізуге болады. Ол керемет үлкен ел, қандай өнім болсын қажет етеді. Олармен тіл табысып, көп жүк жөнелтіп отырсақ, еліміз ұтылмайды», – дейді А.Төлеушин.    

Сонымен қатар ол Тәуелсіздік алғалы ТМД елдері ішінде Қазақстан сияқты теміржол саласын дамытқан ешбір ел жоқ екенін айтады. Он шақты ірілі-ұсақты жобалар жүзеге асырылды, бәрі де маңызды. Дегенмен бітпей қалған бір жол барын айтты.  

«Шұбаркөлден Арқалық арқылы жол салынды, ал Шұбаркөлден Қызылжар станциясына дейін жол салынбай қалды. Егер бұны салса, Арқалықтан Шұбаркөлге, одан ары Қызылжар, Жезқазғанды басып өтіп, Ақтау портына қарай жүретін пойыздар көбейетін еді. Оның үстіне жол қысқарып, тасымалдың тарифтері де төмен болар еді», – деген ойын жеткізді тарлан теміржолшы.    

Аманбай Төлеушин зейнетке шыққанымен теміржолдағы әр жаңалыққа елеңдеп отырады. Жақсылығына сүйініп, жамандығына күйініп, бір жерде рельстен вагон шығып кетіпті десе, үйде отырып уайымдап, әжептәуір қиналып қалады екен. Саналы ғұмырын осы салаға арнаған азаматтың теміржолдың болашағынан күтері көп.    

 

Жаңалықтар
15.11.2025
ҚТЖ мен O'ТУ үйлестіруді күшейтеді: жүктемесі жоғары бағыттарда жедел шаралар қабылданды
Жаңалықтар
14.11.2025
Астанада «Пойыздар қозғалысы қауіпсіздігі бойынша үздік тәжірибелер» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Инфрақұрылым
14.11.2025
Биыл 1400 шақырым жол жөнделді
Инфрақұрылым
14.11.2025
Ірі жобалар – игі істер бастауы
Инфрақұрылым
14.11.2025
Манкент вокзалы жаңа келбетке енеді
Инфрақұрылым
14.11.2025
Құрылыс жұмыстары қызу жүруде
Аймақтар
14.11.2025
Теміржолдағы адал еңбек иесіне құрмет көрсетілді
Жаңалықтар
14.11.2025
Заңдағы жаңа нормалар түсіндірілді
Жаңалықтар
14.11.2025
Таразда теміржолды кесіп өтпек болған скутер жүргізушісі оқиға орнынан қашып кетті
Жаңалықтар / Мұрағат
14.11.2025
Қазақстан теміржолшысы газеті, №95 14 қараша 2025 жыл
Жаңалықтар
13.11.2025
Жетісуға тәулігіне орта есеппен 38 вагон көмір жеткізілуде
Аймақтар
13.11.2025
Таразда болашақ теміржолшыларға арналған ашық сабақ өтті
Аймақтар
13.11.2025
Таза Қазақстан: Ерікті жастардың елеулі еңбегі
Қауіпсіздік
13.11.2025
Химиялық төгілу: Атырау станциясында оқу-жаттығу өтті
Аймақтар
13.11.2025
Байланыстың сенімді кепілі
Жаңалықтар
13.11.2025
«ҚТЖ» мен «РЖД» 2030 жылға дейін түйіспе бекеттерін дамыту туралы келісімге қол қойды
Жаңалықтар
13.11.2025
Қазақстан мен Ресей көлік саласындағы әріптестікті дамыту жөнінде келісімдерге қол қойды
Жолаушылар тасымалы
13.11.2025
«Астана – Жезқазған» бағытындағы Тальго пойызы Қызылордаға дейін ұзартылады
Жүк тасымалы
12.11.2025
Қазақстан Арменияға ай сайын 20 мың тоннаға дейін астық жөнелтпек
Жаңалықтар
12.11.2025
ҚТЖ энергия тиімділігі және цифрлық басқару жүйелері бойынша дәріс өткізуде