Жұмыс сапасы балдық жүйемен бағаланады

Аймақтар
12.02.2025, 13:32
Суретті түсірген автор
Нұрлыбек Досыбай

Түркістан облысы бойынша меншікті тілші

Жуырда Шымкент магистральдық желі бөлімшесінде ПЧ, ШЧ және ЭЧ мекемелерінде 2024 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Сонымен қатар басқосуда соңғы екі жылдан бері өңірдегі жол дистанцияларында сынақтан сәтті өткен жаңашыл сипаттағы әдісті ШЧ мен ЭЧ шаруашылықтарында да жаппай қолданысқа енгізу жайы айтылды. Яғни биылдан бастап СОБ құрылғылары мен жол учаскелерінің сапасын, түйіспелі желілердің жай-күйін бағалайтын тың жоба НЖС-ке қарасты барлық мекемелерде қолданылады деп жоспарлануда.

Бөлімше бастығының орынбасары Жомарт Мырзабеков жетекшілік еткен алқалы жиынға Шымкент магистральдық желі бөлімшесіне қарасты жол дистанциялары мен белгі беру және байланыс дистанциясы және электрмен жабдықтау дистанцияларына қарасты мекемелердің жол телімі бастықтары, олардың орынбасарлары мен контактілі желілер ауданының өкілдері т.т. мамандар қатысты.

Бекітілген күн тәртібіне орай, алдымен қозғалыс қауіпсіздігіне қатысты 2024 жылда орта буынды басшылардың атқарған жұмыстарына талдау жасалды. Содан соң бөлімшедегі жол бөлімінің жетекші инженері Нұржан Жарылқапов баяндама жасап, биылдан бастап белгі беру және байланыс дистанциясы мен электрмен жабдықтау дистанцияларында орындалған жұмыстарды сынақ ретінде жүргізілген тоқсандық бағалау жүйесінің тетіктерін таратып айтты. Сонымен қатар өткен жылы ПЧ-53 пен ПЧ-54 жол дистанцияларында МДК – мобильді диагностикалық кешеннің жасаған жұмыстарын жіктеп берді.

Сондай-ақ жиын барысында СОБ, байланыс және электрмен жабдықтау секторының басшысы Назарбай Ыбышев – ШЧ мекемелеріндегі, ал осы сектордың жетекші инженері Қайрат Жайлаубаев – ЭЧ кәсіпорындарындағы қызметтерді бағалау критерийлерін баяндады.

Сала мамандарының айтуынша, қызметті осылайша бағалаудың жаңаша үлгісі еліміздегі теміржол саласында жаңа жоба ретінде алғаш рет қолға алынып отыр. Ал бастамашы топ жетекшісі Жомарт Сырлыбайұлының түсіндіруінше, бұл бағыттағы жұмыс жаңаша сипат делінгенімен, бөлімшеге қарасты жол дистанциялары арасындағы соңғы екі жылдан бері сынақтан өткізілген. Нәтижесі көңіл көншітерліктей болғандықтан, биылдан бастап ШЧ мен ЭЧ мекемелерінің қызметін осы жоба аясында бағалау көзделіп отыр.

– Бағалау критерийлері арқылы біз қандай нәтижеге қол жеткіземіз? Ең маңызды мәселе осы. Бұл жерде әрбір мекеме мен оның жетекшісінен бастап қатардағы қызметшіге дейінгі теміржолшылардың еңбегі назарға алынып, бағаланады. Егер жоспар бойынша тапсырма тиянақты орындалса, оның әрбіріне шкала бойынша балл қосылады, ал тиісті деңгейде орындалмаса, жиынтық балл төмендетіледі. Соңында тоқсан сайынғы көрсеткіштер қорытындыланып, әрбір мекеменің қызметі тиісті бағыттар бойынша жеке-дара бағаланып, жеңімпаздар анықталады, – дейді Ж.Мырзабеков.

Ал жоба критерийлерін нүкте, үтіріне дейін мұқият жазып шыққан жетекші инженер Нұржан Жарылқапов бағалау тетіктері уақыт өткен сайын жетілдіріліп, кем-кетігі толықтырылып жатқанын айтады. Оған мекеме, кәсіпорын жетекшілерінен бастап, шалғай учаскелердегі жол шеберлері мен монтерлерге дейін белсенді атсалысқан. Нәтижесінде орталық кеңседе отырып перегон мен қашықтағы учаскелердің жай-күйін бір жапырақ қағаз бетіндегі балдық көрсеткіштерге қарап-ақ оңай бағамдауға болады.

Бағалау критерийлерінің негізінде кестеде белгіленген 7 бағыт бойынша сандар диаграмма арқылы пайыздық көрсеткіштермен беріледі. Яғни телімнің балдық көрсеткіші мен қанағаттанарлықсыз шақырымдар, жолдың жабылуы мен 2, 3, 4-дәрежелі ауытқулар түгел назарға алынып, есеп-қисаптың бәрі де кесте бойынша жүргізіледі. Сонда тұтас мекеменің тоқсан бойы жасаған жұмысының қорытындысы осы алақандай ғана кестеде анық көрініп тұрады.

Жиында бастамашы топ өкілдеріне жобаға қатысушы мамандар тарапынан түрлі сұрақ-сауалдар қойылды. Оның ешбірі жауапсыз қалмады. Әңгіме барысында әрбір учаскедегі проблемалар ашық айтылып, қызу талқыланды. Сонымен қоса жол телімінің ұзақтығы немесе оның дөңес-түзулігі де қаперге алыну қажеттігі айтылды. Ашық пікір алмасқан мамандардың басқосуы техникалық сабаққа айналғандай болды. Жомарт Сырлыбайұлы жиынға қатысушылардан жұмысты балдық жүйемен бақылау жүйесін жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар күтетінін жеткізді.

– Қатып қалған қағида жоқ, әріптестер. Бағалау жүйесінде кемшіліктер болса, айтыңыздар, бірге түзетейік те жобаны жетілдіре түсейік, – деді ол.

Осыған орай Шымкент белгі беру және байланыс дистанциясы басшысының орынбасары Асан Ағыбаев аға механик пен механик лауазымына және олардың қызметтік жауапкершілігін талдай келе, бағалау тетігіндегі балдық көрсеткішті теңестіру әдісін қолданысқа енгізуді сұрады. Сол сияқты ПЧ-53 жол телімінің бастығы Бауыржан Мәденов те өз ұжымы күтіп-баптайтын жолдың арақашықтығы қысқа болғанымен, дөңесті әрі бұрылысы көп күрделі учаске екендігін ескертіп, дәрежесін түзу учаскелермен тең бағалануы тиіс деп ұсыныс білдірді.

Осылайша жиынға қатысушылар тарапынан айтылған барлық сын-ескертпелер түгел назарға алынатын болды. Сонымен қатар қызметті бағалау жүйесі арқылы рейтингті шығаруда адами фактордың араласуын мейлінше төмендету мақсатында вагон-зертхананың көрсеткішіне басымдық беру қажеттігі нақтыланды.

Жалпы, тартысты дискуссияға ұласқан жиын соңында өткен жылдың қорытынды көрсеткіштері бойынша үздік деп танылған ұжым қызметкерлері балдық критерийлер бойынша анықталып, дипломмен марапатталды. Кәсіподақтың қаржыландыруымен олардың әрбіріне қызметте қажеттілік туындайтын дәнекерлеу құрылғысы мен шөп отайтын құралдар сыйға тартылды.  

Спорт
29.06.2026
Түлкібастағы тораптық жарыс
Аймақтар
29.06.2026
Үш өңірде қайта құрудан кейін бес теміржол вокзалы ашылды
Аймақтар
29.06.2026
ҚТЖ мен Wabtec Ақтөбе облысында заманауи өнер мектебін салып жатыр
Әлемде
29.06.2026
Израильдегі теміржол құрылысы кезінде 1700 жылдық Рим мүсіндері табылды
Жаңалықтар
29.06.2026
Жолаушылардың тыныштығы – басты назарда
Аймақтар
28.06.2026
Қазалы теміржол вокзалында ғимаратты қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
27.06.2026
Қызылорда облысында екі вокзал мен жолаушылар платформасы жаңартылды
Аймақтар
27.06.2026
Тайынша теміржол вокзалында ғимаратты қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
26.06.2026
Риддер және Шемонаиха станцияларында теміржол вокзалдары жөндеуден кейін қайта ашылды
Аймақтар
26.06.2026
Жаңаесіл және Саумалкөл теміржол вокзалдары қайта жөндеуден кейін ашылды
Жаңалықтар
26.06.2026
Шу және Есіл деполарының локомотив бригадалары теміржол өткелдерінде соқтығысудың алдын алды
Жаңалықтар
26.06.2026
«KAZLOGISTICS» бас директоры Шанхайдағы халықаралық форумда елдің көлік әлеуетін таныстырды
Станция тынысы
26.06.2026
Соңғы станцияның жүгі ауыр
Темір жол тарихы
26.06.2026
Теміржолдың жырын жырлап, мұңын мұңдаған қаламгер
Жаңалықтар
26.06.2026
Ляньюньган қаласының делегациясы Ақтау портына барды
Жолаушылар тасымалы
26.06.2026
Төрт Тальго пойызында вагон-мейрамхана қызметі іске қосылды
Аймақтар
26.06.2026
Атырау облысында бес вокзал дайын
Аймақтар
26.06.2026
Күрделі жөндеу – кәсібилер қолында
Цифрландыру
26.06.2026
Сандық жүйенің жемісі
Инфрақұрылым
26.06.2026
Қазақстандық және өзбек теміржолшылары түйіспесіз жолды ұстап тұру тәжірибесімен алмасты