Ұлттық киім киюден рекорд орнатуға теміржолшылар да атсалысты

Аймақтар
24.03.2025, 11:52
Суретті түсірген автор
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

 

Наурыз күні ұлттық киіміміз әлемдік рекордтар кітабына кірді. Ауа райының қанша қолайсыздығына, жаңбырдың жауып тұрғанына қарамастан маңғыстаулықтар бір мақсат үшін жұдырықтай жұмыла алатын бірлігін паш етіп, ұлттық киім киюден рекорд орнатты. Ақтау қаласындағы теңіз жағалауына бір мезетте бес мың адам қазақи үлгідегі киімдермен келіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Оның ішінде теміржолшылар да болды.  

«Қазақ ұлттық киімімен ең көп адам жиналысы» номинациясы бойынша рекорд қою рәсіміне түбек теміржолшылары белсене қатысты. Таңсәріден кезекке тұрып, бірнеше сағаттап күткен адамдардың арасында неше түрлі әшекеймен сәнделген киімдерді киген түрлі сала өкілдері, қарапайым тұрғындар бар еді. Соның арасында көзіміз шалғаны Маңғыстау жол дистанциясының бас инженері Марлен Көктеубаев. Көнекөз ақсақалдарымыз қолданған шапан мен тақияны жаңа стилдегі сырт киім қылып киген ол келіншегі және достарын да алып келіпті. Жан жарына да өзіне сай ұлттық киім алып беріп, Наурыз таңы атысымен қол ұстасып теңіз жағалауынан табылыпты.  

«Бүгін өте маңызды, тарихи сәт. Неше күннен бері дайындалған еңбегіміз ақталды. Жағалауға жиналған жұрт қанша күту керек болса да «ләм-мим» демей, қайта қуанышпен, билеп, көтеріңкі көңіл-күйде соңына дейін күтті. Оның ішінде жасы да жасамышы да бар. Үлкен әжелеріміз де шаршауды білмей, үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Бұл біздің ауызбіршілігімізбен шыдамдылығымызды дәлелдеді. Мен де өз отбасым, туған-туыстарыммен келіп, үлесімізді қосқанға ризамын. Сондай маңызды іс-шарадан қалып қоймайық деп ертелетіп келіп, тіркеліп, білезік алдық. Әнұранымызды шырқап, концерт тамашалап, бастысы биылғы Наурыз тойын есте қаларлықтай өткіздік», - дейді Марлен Көктеубаев.  

Онан соң қаумалаған көпшілік арасынан халықтың назарын өзіне аудартып, сән-салтанаты келіскен, ерекше киім үлгісіндегі Маңғыстау магистральды желі бөлімшесінің персональ жөніндегі менеджері Нағима Жұмағазинаны көрдік. Өз әріптестері және жақындарымен келген оның үстіндегі бешпент, қамзолының көркі алыстан көз тартып тұрды. Жұрттың қызығушылығын тудырған оның киімдері мен тағынған әшекейлерінің тарихы тереңде екен. Анасының қолынан шыққан жасы жарты ғасырдан асқан ішік, бешпентті киіп, шашбау мен ілмелі жаулықты тағынған келіншекке үстіндегілері керемет жарасып, құлпыртып жіберіпті.  

«Маған бүгінгі фестивальге қатысып, ұлттық киімімізбен рекорд орнатуға атсалысу үлкен бақыт. 5000 адамның ішінен 1260-болып тіркелдім. Өз елімізде, жерімізде ұлттық киімдерімізді қысылмай емін-еркін киіп, әшекейлерімізді мақтана тағып жүргенге не жетсін?! Оның қадірін мен секілді өзге елдерде туғандар жақсы білсе керек?! Ата-анам және біз – екінші буын Иранда тудық. Ата-әжеміз кезінде 1930 жылдардың нәубетінде өз жерінен безіп, ел асуға мәжбүр болған. Кетіп бара жатып ұрпақтан ұрпаққа жеткен небір құнды дүниесін, әшекей бұйымдарын бәлендей тау мен төбенің түбіне көміп кеттік деп айтып отыратын. Елді аңсаған қариялардың көбі, менің атам да туған жеріне жете алмай арманда кетті. Әжем елді сағынғанда кетерде көз жазып қалған жалғыз інісін айтып, жылайтын. Тәуелсіздікті естігеннен кейін көзі тірі әжеміз ұрпағын елімен қауыштыруды мақсат етіп, 1996 жылы тарихи Отанымызға оралдық. Ол күнге жете алмаған қариялар туған жерін аңсағанда сағынышын «Жапанда жалғыз ағаш егіледі, жел қақса жапырағы төгіледі. Аяулы елім есіме түскен кезде, қабырғам сынбағанмен сөгіледі», деп осы шумақтарға сыйғызып, жылайды екен. Біз көшіп келгенде Ираннан оралғандар туралы репортаж жасауға келген журналистерге анам осы шумақты айтып сұхбат бергені есімде қалыпты. Баламын, кейін осыны мен де қайталаған кезі анам «барлық бәле тілден» дегендей, «енді бұл сөздерді сендерге айтқызбасын, басқа ешкімнің басына бермесін, айтпа!» деп қатты ұрсқан еді. Менің рекорд қою рәсіміне кигендерім, міне, осылай бойына туған жерге деген сағынышты сіңіріп өскен анамның бұдан 52 жыл бұрын ұзатыларда өз қолымен тіккен киімдері және арнайы жасатқан әшекейлері», -дейді үстіндегі киімдерінің астары туралы әңгімелеген Нағима Жұмағазина.    

Анасы өз қолдарымен дайындап, өзі ақ келін атанған дәл осы ұлттық киім және әшекейлермен Нағиманы қосқанда бес қызын ұядан ұшырыпты. Барлығы да бақытты, анасының жолын беріп, жапырағы жайылыпты. Өзге елде туса да оларға бұл киімдер мен тағыншақтардың мән мағынасын үйретіп, ұлттық рухта өсіріпті.  

«Үстімдегі қамзолым сырып тігілген, алтын жалатылған күміс әшекейлермен әрленген. Ол Иранның бұрыңғы патшасы Реза-шах Пехлевидің кезіндегі күміс ақшаларынан жасалған. Қамзолдың екі иығында күміс әшекейлермен безендірілген сылдырлауды жеңбастырық бар. Сыртымдағы ішіктің жиегі құндыздың терісінен тігілген қама, ол да сол кездегі зерлермен зерленген. Ішіктің мойын тұсында гүлжағасы, онда жасыл көзді күмістер бар. Ішіктің алдыңғы жағындағы күлтесін анам өзі істепті. Ондағы шашақтарды бір буын қылып түюдің себебі тумаластар біртұтас, ауызбіршілікте болсын деп ырымдау. Басымдағы ілме жаулықты болса бұрын Маңғыстауда жаңа түскен келіндерінің ақ жаулықтарының үстіне қызыл жіппен сырып тігетін болған.  Қызылы көбірек болса ол келін жаңадан түскенін білдірген. Қыздар үйде қызыл орамал тақса, келін болғанда ақ орамалдың үстіне қызыл жіппен сырып тіккен екен. Бұл да анамның қолынан шыққан. Жүзік, білезік, өңіржек, сырғаларым таза күмістен. Күміс тағудың да өз мәні бар. Ал шашымдағы шашбаудың жөні бір бөлек. Келіннің мінезін шашбауынан танитын халқымыз мұның пайдасын еретеден білген. Шашбау салмағымен бұрымдарды төмен тартып, әйелдің бойы тік, жүрісі әдемі болады және бастың қан тамырлары жүреді. Басы ауырмайды», - деген Нағима үстіндегі бұл дүниелер отбасылық мұра екенін, онын жанұясындағылар көз қарашығында сақтап, жүрген жерінде дәріптейтінін айтады. Жанұяның мұрасындағы тағы бір ұлттық киім мен бұйымдарды өзімен бірге рекорд орнатуға келген жиенінің үстінен де көрдік.

«Best Fest Nauryz» атауымен өткен, қазақ елін, соның ішінде маңғыстаулықтарды әлемдік әйгілі кітапқа енгізген бұл іс-шарада рекордшылар қатарына кірмей қалғандар да біраз болды.  

«Шалғайдағы Болашақ станциясынан облыс орталығына біз жеткенше рекордқа қатысуға өтінім берушілер толып, кешігіп қалдық. Дегенмен осы сәтті тамашалап, Гиннестің рекордтар кітабының Англиядан келген өкілінің ресми сертификатты табыстағанын өз көзімізбен көріп, маңғыстаулық болғанымызға қуандық», - дейді Болашақ станциясынан арнайы келген тауар кассирі Нұрайна Тұрғанбаева.  

Бұл күні рекорд қоюға қатысқан басқа да теміржолшылар біраз еді, бірақ олардың бәрімен тілдесудің мүмкіндігі болмады.  

 

Жаңалықтар
07.11.2025
Депо қызметкері ер адамның өмірін сақтап қалды
Жаңалықтар
07.11.2025
Жаңа теміржол тарифі Қазақстанның магистральдық желісін дамытуды қамтамасыз етеді
Қауіпсіздік
07.11.2025
Тілсіз жауға тосқауыл тетігі
Қауіпсіздік
07.11.2025
Қауіпсіздік айлығы: теміржол бойында профилактикалық шаралар жүріп жатыр
Аймақтар
07.11.2025
Еңбек құқығының бұзылуына жол жоқ
ҚТЖ келбеті
07.11.2025
«Құрмет» орденінің иегері Ерлан Тайбеков жайлы бір үзік сыр
Жаңалықтар
07.11.2025
ҚТЖ мен Wabtec корпорациясы персоналды дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Жаңалықтар
07.11.2025
ҚТЖ локомотив паркін ауқымды жаңартуға 1,6 млрд доллар тартты
Жаңалықтар / Мұрағат
07.11.2025
Қазақстан теміржолшысы газеті, №93 07 қараша 2025 жыл
Аймақтар
06.11.2025
Маңғыстау станциясында өртті жою жөніндегі командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті
Жүк тасымалы
06.11.2025
Қазақстан астығы Әзербайжан арқылы алғаш рет Арменияға жөнелтілді
Жүк тасымалы
06.11.2025
Алтынкөл станциясы арқылы жүк экспорты жоспары ТЖЫҰ-де межеден ерте орындалды
Станция тынысы
06.11.2025
Шиелі станциясы рекорд жаңартты
Аймақтар
06.11.2025
Теміржолшылар әулеті «Мерейлі отбасы» жеңімпазы атанды
Әлемде
06.11.2025
Зангезур дәлізі мен «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі бір-біріне бәсекелес пе?
Аймақтар
06.11.2025
Таразда теміржол күзетшілері 472 түп ағаш отырғызды
Әлемде
05.11.2025
Үндістанда пойыздар соқтығысып, ондаған адам қаза тапты
Қауіпсіздік
05.11.2025
Тоқтап тұған вагонның астынан өту тыйылмай тұр
Жаңалықтар
05.11.2025
ҚТЖ ата-аналарды балалармен теміржол маңында қауіпсіздік ережелері туралы әңгімелесуге шақырады
Жолаушылар тасымалы
05.11.2025
Stadler вагондары Қазақстанның солтүстігіндегі климаттық сынақтардан сәтті өтті