Отар – қос тарапты жалғайтын аралық станция

Аймақтар
06.12.2018, 07:46

Тарихи деректер Отар ауылының негізі Түрксіб магистралі салынған тұста қаланғанын көрсетеді. Жамбыл мен Алматы темір жол өңірінің дәл ортасындағы аралық, жалғастырушы 3-ші класты станция.   

Отар бүгінде Қордай ауданына қарайды. Жалпы, округте 2009 жылғы санақ бойынша 11 749 адам болса, соның 4,5 мыңы Отар ауылының тұрғындары.  

Ұлт жанашырлары Т.Рысқұлов пен М.Тынышбаев құрылысын жүргізген Түрксіб теміржол магистралі жобасы аясында пайда болған станция 1931 жылы ашылған.

Еліміз тәуелсіздігін алып, өз қолы өз аузына жеткен тұста экономиканың етек-жеңін жинау үрдісі белең алды. Соның аясында ұлан-ғайыр даладағы тіршілікке қан жүгірткен күретамырдай болған болат жолдың әлеуетін арттыру мәселесі де күн тәртібінде тұрды. Осылайша, 1997 жылы Шу-Отар учаскесі, 2001 жылы Отар-Алматы учаскесі электрлендіріліп, жүк тасымалының артық жүктемелері жеңілдетіліп, ал бірнеше жыл бұрын Алматы-Шу аралығына екінші жол тартылғаны белгілі.

Бүгінде еліміздегі ең үлкен әскери гарнизонның да Отарға жақын орналасуы станцияның маңызын арттыра түседі. Себебі, отандық және халықаралық әскери оқу-жаттығулар кезінде әскери техникалар осы Отар станциясы арқылы тасымалданып, келіп-кетіп жатады.

– Станция күрежолдың бойында жатқан транзиттік бекет болғандықтан, Алматыға қарай өтетін барлық жүк және жолаушы құрамдарының жолы. Сондықтан жұмыс көп, өткінші пойыздарды қабылдап-жөнелту, станцияға келетін құрамдарға тиісті қызмет көрсетіп, вагондарды бағыттары бойынша қайта жасақтап, анықталған ақауларды жөнге келтіріп, жүк вагондарын тап-тұйнақтай етіп жолға шығару сынды күнделікті тынымсыз жүргізіліп жататын жұмыстар қауырт, – дейді станция бастығы Азат Есентай .

Жас болса да Отардай маңызды станцияны басқарып отырған Азат Есентай теміржолшылар династиясынан шыққан. Арғы атасы Есентай Төлесбайұлы Мұхаметжан Тынышбаев, Тұрар Рысқұловтың көзін көрген, әйгілі Түрксіб магистралін салуға атсалысқан теміржолшы екен. Атасы Нүке Есентайұлы да бүкіл саналы ғұмырында осы саланың отымен кіріп, күлімен шыққан белгілі теміржолшы, соғыс ардагері. Ұзынағаш, Қопа станцияларында жұмыс істеген, соңғы ширек ғасыр осы станцияны басқарған. Бүгінде марқұм Нүке Төлесбаевтың атында Отар ауылында көше бар. Ал әкесі, яғни әулеттің үшінші буыны Жанатхан Төлесбаев қырық жыл машинист болған екен, бүгінде зейнетте.    

Міне, осындай әулеттің төртінші буыны Азат та әкелер салған соқпақпен М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бітіріп, 2014 жылы еңбек жолын өзі туып-өскен әулеті өсіп-өнген Отар станциясына пойыздарды құрастырушы болып бастап, парк және жол кезекшісі, станция кезекшісі қызметтеріне сатылап ауысып, міне, бүгінде станцияны басқарып отыр.

Жамбыл мен Алматы аймағының қақ ортасында қос өңірдің темір жол учаскесін жалғап тұрған аралық жалғаушы станцияда Шу және Алматы бағытынан келген жүк пойыздарының электровоздары мен машинистері ауысады. Паркке кірген пойыз дайын болғанша машинистері демалып, тынығып алып, қайта жолға шығады.

Шамамен тәулігіне 25 жүк пойызы келіп-кететін станция ғимаратының 3-қабатындағы кеңсе «ыстық нүктенің» бірі. Қабырғадағы алып таблодан көз алмай, бірнеше бағыттарды басқарып отырған станция кезекшілерінің жұмысы қашан да қайнап жатыр. Шыны терезенің ар жағынан станция жолдарына келіп-кетіп жатқан, әне, қосымша жолдарда ағытылып жатқан құрамдар, вагондардың бірін алып, бірін жалғап, пойыз құрастырып жүрген теміржолшылар мен маневрлік тепловоздар қозғалысы – бәрі-бәрі алақандағыдай анық көрініп тұр...


Станцияда шамамен 100-ге жуық адам еңбек етеді. Отар арқылы жүк артатындар аз болғанымен, есесіне көмір, ұн, жем, құрылыс материалдары сынды тауарлар көп келеді. Теміржол қызметін пайдаланатын жергілікті кәсіпкерлермен қоян-қолтық жұмыс жасаймыз. Жұмыс кестесі таңертең 9-дан кешкі 6-ға дейін деген шектеу теміржолшыларға жүрмейді. Мен өзім таңғы 7-ден осындамын, кешке 9-ға дейін, кейде одан да кеш қайтамыз. Станция басындағы қайнаған тірлікпен алданып жүріп уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз, – дейді станция бастығы.

 Әр дүйсенбі «Станция басшысы күні» өтеді. Онда станциядағы барлық сала өкілдері бас қосып, ортақ мәселелерді талқыға салып, шешімін табуға тырысады. Ал, станцияішілік «лездеме» күнделікті өтіп тұрады. Онда жұмысшы-қызметкерлермен күнделікті жұмыс жоспарланып, жаңалықтар мен жеделхаттар таныстырылып, нұсқаулықтар өткізіледі, еңбек қауіпсіздігі мәселесі сұралады.

Станция ұжымы өндіріспен қатар теміржолда және аудан көлемінде өтетін әлеуметтік шаралардан тыс қалмауға тырысады. Сенбіліктерде ұжым болып төбе көрсетіп, станцияның футбол командасы түрлі турнирлерде топ жарып жүр екен. «Мектепке жол» акциясынан да шет қалған емес.  

– Туған жеріміз болған соң әрі ата кәсібіміз болған соң темір жолмен біржолата біте қайнасып, болашағымызды осы жолмен байланыстырамыз. Дегенмен, бір орында тұрып қалмай. Өсіп-жетілу үшін ізденуді де, білім жетілдіруді ізденуді тоқтатқан емеспін. Алға қойған үлкен мақсаттарым бар, – деген жас теміржолшы әрі станция бастығы Азат Есентайға сәттілік пен табыс тілеп қоштастық.     

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, Жамбыл  

Суреттерді түсірген автор


Жолаушылар тасымалы
04.07.2026
Сианьнан шыққан халықаралық туристік пойызбен Алматыға 60-қа жуық турист келді
Жаңалықтар
04.07.2026
ҚТЖ Басқарма төрағасы Атырау теміржол вокзалын жаңғырту жұмысын жеделдетуді тапсырды
Жаңалықтар
04.07.2026
Ақтау портында орамды болатты ауыстырып тиеу қайта жанданды
Жаңалықтар
04.07.2026
ҚТЖ басшысы мен Маңғыстау облысының әкімі Ақтау вокзалындағы жөндеу жұмыстарымен танысты
Жаңалықтар
04.07.2026
Талғат Алдыбергенов Маңғыстау облысындағы теміржол нысандарын аралады
Жаңалықтар
03.07.2026
Пойызда рейд ұйымдастырылды
Жолаушылар тасымалы
03.07.2026
Пойыз жолсерігі қандай міндеттерді атқарады?
Жаңалықтар
03.07.2026
ҚТЖ да 1000-нан астам тәлімгер кәсіби тәжірибесін жас мамандарға тапсырады
Жаңалықтар
03.07.2026
17 мыңнан астам теміржолшы біліктілігін арттырды
Жаңалықтар
03.07.2026
Мақсат – іскерлік этиканы нығайту
Жаңалықтар
03.07.2026
«Кедентранссервис» сыбайлас жемқорлыққа қарсы
ҚТЖ келбеті
03.07.2026
Үздіктер анықталды
Аймақтар
03.07.2026
Болашақтың игі бастамасы
Сұхбат
03.07.2026
«Integra Construction KZ» – жол құрылысының көшбасшысы
Аймақтар
03.07.2026
Жамбыл жырларын жатқа оқыды
Аймақтар
03.07.2026
Теміржолға адал перзент өсірген әкеге алғыс
Жаңалықтар / Мұрағат
03.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №51 03 шілде 2026 жыл
Аймақтар
02.07.2026
Атырауда теміржол техникасын сынақтан өткізетін тәуелсіз орталық ашылды
Жолаушылар тасымалы
02.07.2026
ҚТЖ пойыздарымен 6 миллионнан астам жолаушы тасымалданды
Аймақтар
02.07.2026
Жаңа вокзал. Атыраулық теміржолшы жаңа вокзалдың ашылуына өлең арнады