2026 жылдың алғашқы он айында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желісі бойынша азық-түлік жүктерін тасымалдау көлемі айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, ұн өнімдері, құрама жем және көкөністердің экспорттық тасымалы артқан, деп хабарлайды Rail-news.kz.
ҚТЖ мәліметінше, есепті кезеңде теміржол арқылы 2,4 млн тонна ұн өнімдері тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға көп. Оның 2 млн тоннасы экспортқа жөнелтіліп, экспорт көлемі бір жылда 19 пайызға өскен.
Орталық Азия елдеріне 734 мың тонна ұн өнімі жеткізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға жоғары.
Қытайға құрама жем экспорты да артқан. Он айда оның көлемі 3,4 млн тоннаға жетіп, 32 пайыздық өсім көрсеткен. Оның ішінде контейнерлермен 3,1 млн тонна тасымалданған. Бұл 28 пайызға көп. Ал жабық вагондардағы тасымал көлемі 286 мың тоннаға жетіп, бір жылда екі есеге ұлғайған.
Егін жинау науқаны басталған тамыз-қазан айларында да тасымал көлемі өскен. Осы кезеңде 774 мың тонна ұн өнімі тасымалданып, өсім 10 пайызды құрады. Оның 652 мың тоннасы экспортқа жөнелтілген.
Көкөніс, оның ішінде картоп тасымалы 53 пайызға өсіп, 478 мың тоннаны құрады. Оның 463 мың тоннасы экспортқа шығарылған. Негізгі бағыт Өзбекстан болды. Бұл елге 349 мың тонна көкөніс жеткізіліп, көрсеткіш 52 пайызға артқан. Тәжікстанға 54 мың тонна жөнелтілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен төрт есеге көп.
ҚТЖ алдағы уақытта да жүк жөнелтушілермен, вагон операторларымен және көршілес теміржол әкімшіліктерімен бірлесіп, азық-түлік жүктерін тасымалдауды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастырады.