Көмір – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды ресурс. Оны өндірумен қатар, белгіленген орынға жеткізу теміржол көлігіне үлкен жауапкершілік жүктейді.

Жүк айналымының маңызды бағыттарының бірі саналатын көмір тасымалының көлемі биылғы жылдың қаңтар мен қазан айлары аралығында 86,7 миллион тоннаны құрап отыр. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1% артық көрсеткіш.  

Тасымалдау құрылымында 28 миллион тонна экспорттық бағыттарға тиесілі болды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың деңгейінде сақталып отыр. Ішкі тасымалдар 2%-ға ұлғайып, 58,6 миллион тоннаны құрады. Оның ішінде 54,5 миллион тонна көмір жылу электр орталықтарына жеткізілді, тағы 4,1 миллион тонна қатты отын халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталды.  

Жылу беру маусымы қарсаңында энергетика және коммуналдық сектор нысандарын көмір отынымен уақытылы қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Бұл орайда, 2026 жылдың мамырынан қазанына дейін еліміз бойынша 35 миллион тонна көмір тасымалданды, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңінің деңгейіне сәйкес келеді. Оның 32 миллион тоннасы ЖЭО-ға, үш миллион тоннасы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін жеткізілді.  

Көмірді үздіксіз тасымалдауды ұйымдастыру үшін «Қазтеміртранс» АҚ 29 мың ашық вагоны бар паркті іске қосып отыр. Яғни қолда бар жылжымалы құрам отынның осы түрін тасымалдау қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп айтуға болады.  

Жылыту маусымының басталуымен көмір тасымалына қойылатын талап күшейе түскен. Қатты отын тасымалына жұмылған құрылымдар тасымал үдерісін жетілдіріп, логистикалық тізбектерді оңтайландыруға ерекше көңіл бөлуде.  

Көмір тасымалы Екібастұз, Шұбаркөл, Қарағанды көмір бассейні және Қаражыра кен орындарынан өндіріліп, тасымалданады. Өткен 2025 жылы осы негізгі төрт кен орнынан ҚТЖ желісі бойынша 106 млн тоннаға жуық көмір тасымалданған.