Биылғы жылдың өткен 7 айында қазақстандық теміржол желісі бойынша 147 млн тоннадан астам жүк тиеліп, бұл өткен жыл көрсеткішінен 4,4 млн тоннаға артық болып отыр. Соның ішінде 95,3 млн тоннадан астам жүк республика ішіне тасымалданса, 52,1 млн тоннасы экспорт асқан. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының жүк қозғалысы жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Оралхан Кулаков «Самұрық-Қазынада» өткен онлайн-брифингте хабарлады. Оның айтуынша, өткен жылдың қаңтар-шілдесімен салыстырғанда биыл Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы жүк тасымалының көлемі 5% артып, 12,7 млн тоннаны құраған.
«ҚХР мен ҚР арасындағы тасымалдарды арттырудың алғышарттарының бірі жүктерді контейнерлеу болып табылады. Қазіргі уақытта үкіметтік деңгейде бизнес-қоғамдастықтар, ҚТЖ және басқа да мүдделі тараптар өкілдерінің қатысуымен Жүктерді контейнерлеу жөніндегі жол картасы әзірленуде», – деген Оралхан Райханұлы ҚТЖ компаниясының әлеуметтік маңызды жүктерді жаппай тасымалдау маусымына дайын екенін жеткізді.