«Цифрлық станция» мен «Автоматты диспетчер»: үздік жобалар анықталды
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
М. Тынышпаев атындағы ALT университетінің базасында көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру жөніндегі VII Еуразиялық форум аясында өткен «KTZ – ALT INNOVATION» студенттік хакатоны өз мәресіне жетті.
Хакатонға Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент және Ақтау қалаларынан 170 астам студенттің басын біріктірген 43 команда қатысты. Десек те, оның ішінде 16 команда ғана финалға жолдама алды.
24 сағат бойы қатысушылар ҚТЖ-ның «Цифрлық станция» және «Автоматты диспетчер» кейстері бойынша жұмыс істеді. Командалар цифрлық шешімдер әзірлеп, жұмыс істейтін прототиптер жасап, оларды сарапшылар алқасының назарына ұсынды.
Хакатон қорытындысы бойынша бірінші орынды Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің «SULU» командасы мен М. Тынышпаев атындағы Шымкент ALT көлік колледжінің «Шаңырақ» командасы өзара бөлісті. Екінші орынға М.Тынышпаев атындағы ALT университетінің «BESEU» және Алматы технологиялық университетінің «NOVA» командалары ие болса, үшінші орын Қарағанды техникалық университетінің «Insomnia» және Қазақстан-Германия университетінің «LogWay» командаларына берілді.

«Биыл хакатонға қатысушылардың цифрлық шешімдерді әзірлеу деңгейі расында көңілге жағымды әсер қалдырды. Олар тек ІТ-тәсілдерге ғана басымдық бермей, біздің технологияның эксплуатациялық параметрлеріне де мән бере бастаған. Сондықтан біз нақты жағдайымызға жақын келетін әрі ең лайықты үміткерлерді таңдадық. Кейбір командалар 3Д модельдеу, интерактивті карталар, тіпті мультфильмдер де жасап үлгерген. Оларға жасанды интеллект көмектеседі, сол себептен де олар өздері әзірлеген шешімдерге байсалдылық танытқаны байқалады. Әрине, шешімдер қабылдау оңай емес, десек те хакатонға қатысушы жастардың әзірлеп отырған цифрлық шешімдерді түсінгені қуантады. Әсіресе бүгін топ жарған «SULU» және «Шаңырақ» командаларының «Автоматты диспетчер» кейсі көңілімізден шықты. Ал «Смарт станция» немесе «Цифрлық станция» кейсі бойынша цифрлық шешімдер әзірлемелері сәл төмендеу деңгей көрсетті. Жалпы алғанда, Компания үшін хакатон тың идеялар мен саланың практикалық міндеттерін шешуге бағытталған жаңа технологиялық тәсілдердің маңызды алаңына айналып отыр», – деп атап өтті «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы» филиалы директорының ЖАТСты дамыту жөніндегі орынбасары Серік Төлебаев.
Ұйымдастырушылар да, бұл іс-шара цифрландыру үдерісіне жас буынның көзімен қарауға, жұмыс істейтін прототиптерді бағалауға және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен және колледждерімен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беріп отырғанын айтады. Үздік жобалар ҚТЖ-ның цифрлық бастамалары аясында одан әрі дамытылуы мүмкін.