Маңғыстауда адамға су қайғы, малға шөп қайғы

Инфрақұрылым
19.07.2021, 09:13
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Маңғыстау халқына биылғы құрғақшылық оңай тиіп жатқан жоқ. Күйіп кеткен даладан талғажу етер шөп таппай арыған мал, суға жарымаған халықтың жанайқайы биылғы жаздың даулы тақырыбына айналды. Су мәселесі Түркіменстанмен шектесетін шекарадағы Болашақ станциясының да «бас ауруына» айналғалы қашан. Жуырда ауыл тұрғындары осы мәселемен хабарласқан еді… Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің маңызды экономикалық жобаларының бірі ретінде ашылған Болашақ станциясы тұрғындарының айтуынша бүгінде, су – алтынмен тең болып отыр. Ауыл тұрғындарының дені теміржолшылар, станцияда еңбек ететіндердің сексен пайызы сол ауылда тұрады. Болашақ ашылғанда отбасымен жаңа станцияға қоныс аударған олар жыл сайын жазда су тапшылығынынң зардабын тартатынын айтады, дегенмен биыл бұл мәселе шырқау шегіне жеткен. Жағдайдың анық қанығын зерттеп көрген едік. Болашақ ауылын сумен қамту үшін Маңғыстау магистральды желі бөлімшесі «Өзенинвест» МКК-мен келісімшартқа отырған. Ал суды жеткізуге жауапты «Теміржолсу Маңғыстау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. «Өзенинвест» келісімшарт бойынша күнделікті белгіленген мөлшердегі суды халыққа жібереді. – Болашақ бағытына берілетін су көлемі жаз айларында күніне 200 текше метр, бірақ бізге соның тек қана 106 текше метрі келеді. Кінә кімнен? Бірі белгіленген мөлшердегі суға ақша бөліп, екіншісі соны жіберіп отырса. Жалпы, күніне екі сағаттан үш мезгіл су келуі керек еді. Қазір оның орнына күніне бір сағаттан екі мезгіл аламыз. Жаздың мынадай аптап ыстығында ол теңіздің тамшысындай. Маңғыстаудың ауа райы белгілі, құрғақшылық, жазы қапырық аптап ыстық. Сондай күнде су тапшылығы өте қиын, – дейді Болашақ ауылдық қоғамдық қауымдастық төрағасы, станциядағы өрт сөндіру пойызының қызметкері Ерболат Битиков. Болашақ ауылында бүгінде 120 отбасы, әр үйдің ауласында ағаш, егіні, мал жаны бар, бәріне су керек. Сондықтан ауыл тұрғындары су мәселе бойынша шағымданып, жергілікті әкімдікте жиын өткен. Бұрын да ауыл және аудан әкімдеріне хат жолдаған екен. Нәтиже жоқ. – Бүгінде су беру уақыты қысқарған, түсте және кешкі мезгілде бір сағат, жарты сағаттай ғана береді. Ауыл әкімі ағаш егіңдер, айналаны көгалдандырыңдар дейді, адамдар ауласына жеміс ағаштарын, көк-сөк еккен. Станция ғимараты төңірегіне де көктемде 25 дана шыбық егілген. Бұрыннан өсіп тұрған 40 түп болатын. Биылғы өскіннен тек төртеуі аман қалды, қалғаны қурап жатыр. Маңғыстаудың ми қайнатар ыстығында бір екі күн сусыз тұрса болды, қурап кетеді, – дейді Болашақ станциясы бастығының орынбасары, ауыл тұрғыны Нұрасыл Анарбаев.

ТЕГІН ТҰТЫНУДЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК ПЕ?

Бұл мәселеге қатысты Болашақ ауылының әкімі Түзелбай Сағиевтың пікірін білген едік. Айтуынша, Болашақты сумен қамту әкімшіліктің емес, ҚТЖ құзырында. Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі (НЖС-14) мен «Өзенинвест» МКК арасындағы келісімшартқа сәйкес жазда күніне 200, айына 6000 текше метр су берілуі керек. Соңғы екі үш апта көлемінде уақыты қысқарып кеткені де рас. Одан бұрын күніне бір сағаттан үш мезгіл беріліп тұрған. – Ауыл тұрғындары суды тегін тұтынады, соны тоқтату керек. Егер судың тарифін қорғау арқылы ақылы қылса есепсіз пайдалану қысқарар еді. Сонда ғана қазіргі беріп жатқан мөлшердің қаншалықты жетпейтіндігін анықтай аламыз. Сол арқылы қосымша суға сұранысты көбейтуге болады. Жаз айларынан басқа уақыттарда айына 4500 текше метр беріледі. Жазға қосымша тағы 1500 текше метрдей су керек. Ауылды толық қамтуға шамамен күніне 250-280 текше метр қажет. Алайда бүгінгі алып отырған 200-ге де жетпейді. Екіншіден НЖС Өзен-Болашаққа деп келісімшарт арқылы су алып отыр. Бұл жерде тек Болашақ ауылы емес, аталған су мөлшері Жаңаөзен қаласындағы «Б» паркі Бастау, Ақбөбек, Тайғыр, Құрмаш, Бестөрткүл, Бопай елдімекендеріне де бөлінеді. Бопайда 60-қа жуық, Болашақ ауылында 620 адам тұрады. Қалған бекеттерде 7-10 жұмысшы ауысыммен жұмыс істейді. Осы жағдайларды ескере отырып, ол бекеттердің су алу мөлшерін азайту керек. Бұл жөнінде «Теміржолсу Маңғыстау» ЖШС басшысына ұсыныс берілген, – дейді ауыл әкімі. Су тапшылығын жою үшін құдық қазу да қарастырылған көрінеді. Болашақта екі құдық бар. Бірақ лаборатория қорытындысы бойынша құдық суы теңіз суынан да ащы екені анықталған. Яғни, малға да, егінге де жарамсыз. Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, бүгінде Маңғыстау облысы бойынша жер қойнауындағы суды тексеру жұмыстары жүрізілуде, ал келесі жылы Қарақия ауданынан су тұщыту зауыты іске қосылуы күтілуде екен. – Су жөнінде келісімшартқа отырардан бұрын мониторинг жасау артық болмас еді. Себебі халық саны жылда өсуде. Қазақ болғасын мал ұстайды, ол көбейеді. Сол үшін қажеттілік жылдан жылға артады. Ал «Өзенинвестке» келсек, ол суды белгіленген лимиттен артық бере алмайды. Онан тек біз емес бүкіл Жаңаөзен халқы су алады. Сондықтан тұрғындардан суды үнемдеп тұтынуды сұраймыз. Егінді тамшылатып суарып, суды артық ысырап қылмаса жеткізуге болады, – дейді әкім. Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің директоры Жарылғап Дүйсенбай жергілікті Қарақия ауданының әкімдігі «Өзенинвест» жеткізушісінен ауызсудың қосымша көлемін бөлу, жалпы бұл мәселені облыстық әкімдік деңгейінде шешу керек деген пікір айтады. Өйткені, Болашақ жылдан-жылға өсіп жатыр. Бұрын теміржолдың балансында болған балабақша, мектеп енді әкімдіктің қарамағына өткен. Аумақты көгалдандыру, бақшаларды суару керек, халық саны өсуде, мал басы көбеюде. Демек су қажеттілігі алдағы уақытта мұнан да арта береді. – Жылдық жоспарға және халық санының есебіне сәйкес «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «Өзенинвест» МКК арасында жасалған шарт негізінде су Өзеннен Болашақ станциясына дейін құбырмен жеткізілуде. Биылғы жарты жылдық жоспар бойынша 34526 текше метр, тасымалданғаны – 33656,56 текше метр. Болашақ станциясы бойынша халық, кәсіпорындар мен әлеуметтік мақсаттағы объектілер ауыз суды күніне белгілі уақытта екі рет, үш рет алады. Дегенмен жаз мезгілінде судың жетіспеушілігі пайда болады. Өйткені жыл сайын халық саны артып, мал басы көбейіп, ағаштар мен бақшаларды суару қажеттілігі артуда. Су тапшылығын болдырмау үшін Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі мен Маңғыстау жол дистанциясы қосымша аптасына 4 цистерна суды (1 цистерна 60 текше метр) Шетпе станциясынан Өзен станциясына дейін, Өзеннен су бөлу пункттеріне, Болашақ станциясына дейін құбырымен жеткізіп берудеміз. Алдағы уақытта Өзен – Болашақ бойындағы халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту, ауызсумен қамтамасыз ету, яғни тұрғындар мен әлеуметтік сала объектілеріне тәулік бойы ауызсу беру мәселесін шешу кезек күттірмейді, – дейді Жарылғап Дүйсенбай. Ал «Өзенинвест» МКК директоры Сабырбай Раджабов не дейді, судың құлағында отырған мекеме басшысының өз уәжі бар екен, тыңдап көрелік. − Біз суды сұранысқа қарай жібереміз. Теміржолдың резервуарлары бар. Суды Өзеннің басынан береміз, оны резервуарға алып әрі қарай халыққа айдайды. Егер қажеттілік артып, жылдық келісімшартты өзгертеміз десе оған да қарсылығымыз жоқ. Күніне 300 текше метрге дейін жібере аламыз. Бірақ судың да сұрауы бар. Қазір бізге судың 75 пайызын «Магистральдық су ағызғысы» ЖШС тасымалдайды, 25 пайызы «Түйесу сауысқаннан» келеді. Жалпы бізден су алатын халықтың қажеттілігі күніне 40 мың текше метрге дейін жетіп отыр. Бірақ су алу көздеріміз оны бізге жеткізіп бере алмауда. Негізінде су алу қорымыз 67 мың текшеметрге дейін, оған қоса резервуарлардан жинаймыз. Ондай судан қазірде 49 мың текше метр қосымша қорда тұр. Бүгінде жоғарыда аталған екі мекемені қосқанда 1200-1300 текше метр су келеді. Егер қажетілік 2000 текше метр болса, оған өзіміздің қордағы 49 мыңнан қосып халыққа береміз. Судың келуіне қарай халыққа ұсынуды реттеп отырамыз. Соған қарай беру сағатын арттырып, азайтып отырамыз. Мысалы кейбір елдімекендер суды магистральдан тікелей алады. Ал Өзен-Болашаққа резервуарларға 8-9 шілде күндері әр тәулікте бес жүз текше метр су берген екенбіз. Жаңаөзендегі барлық мекеме, халықты қамтамасыз етіп отырғандықтан солай су жеткілікті болса көбейтіп, аз келген күндері беру уақытын қысқартып тұрамыз. Су тапшылығы болып жатса да бірінші орында халық, мекемелерден алып болса да тұрғындарға жібереміз. Тұрғындарға арналған тарифіміз 104,99 теңге. Болашақ бағытында да осы тариф қолданылады. Өткен жылдары да Болашақта су мәселесі туындап, «Өзенмұнайгазға» баратын судан алып берілген болатын. Қазір ауыл, аудан әкімдері су жетіспеушілігі жөнінде дабыл қағуда, бірақ ешкім нақты іске көшіп, келісімшартты өзгертейік, суды көбейтейік деген ұсыныс берген жоқ, – дейді «Өзенинвест» МКК басшысы.

СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?

Барлық тараптардың пікірін тыңдап, түбек теміржолшыларын сумен қамтып отырған «Теміржолсу-Маңғыстау» ЖШС директоры Аян Рауды соңына қалдырып отыруымыздың себебі жоқ емес. Өйткені, жергілікті теміржолшылардың білетіні осы мекеме болған соң, таяқтың бір ұшы көбінесе Теміржолсуға тиіп жатады екен. Бірақ олар тек қызмет көрсетушілер. «Өзенинвест» жіберген суды айдап беруден басқа мүмкіндік оларда жоқ. Су айдайтын насос, құрылғылар сынса жөндеп, халық суын уақытылы алуын жүзеге асырады. Ал су үшін төлемді Магистральдық желі бөлімшесі – НЖС-14 төлейтінін жоғарыда айттық. − Су мәселесіне тоқталмас бұрын, сол ауылдың статистикасын келтірсек. Өзен станциясындағы Парк «Б»-дан 154 шақырымда орналасқан Болашақ ауылдық округінде бес бекет – Бастау, Ақбөбек, Тайғыр, Құрмаш, Бестөрткүл, екі станция – Болашақ, Бопай бар. Онда жалпы халық саны – 835. Жалпы тұрғындардың 80 пайызы теміржолшылар. Одан бөлек, қаншама кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандар бар. Бәріне су құбырмен жеткізіледі. «Өзенинвест» МКК-нен биылға жасақталған келісім-шарт бойынша судың жылдық көлемі – 58000 текше метр. Бір текше метріне өзге мекемелерге арналған тарифпен, яғни 250,55 теңгемен алудамыз. Алған суымыздың 80 пайызын халық тұтынып отыр. Бірақ, «Өзенинвестің» жіберіп отырған лимиті жеткіліксіз. Әсіресе мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек айларына. Бізге Өзен-Болашақ теміржол станцияларының бойында орналасқан тұтынушылардан жаз айларына берілген сұраныс көлемі айына 6800 текше метр болатын. Бірақ «Өзенинвест» МКК ондай мөлшерде су бере алмаймыз деп, айына 6000 м³ суға келіскен. Яғни, халықтың 800 текше метр суға сұранысы өтелмей қалып отыр. Себебі, мекеме Жаңаөзен қаласын, мұнай мекемелерін де сумен қамтамасыз етіп отырғандықтан ол қажеттілікті өтеу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қазір күніне 200 текшеметр су беруде. Дегенмен жол бойында орналасқан бес бекеттен Болашаққа жеткенше оның 120-160 текше метрі ғана қалады. Өзен мен Болашақ арасындағы су беретін әр нүктеде су айдау стансалары бар. Әр станцияда теміржолшылар отырады, олар да су тұтынады. Оған қоса құбыр арақашықтығы 160 шақырым. Құбырдың да бойында су қалады. Оның үстіне бұл су әу баста тек ішуге жоспарланған. Қазір станцияларда халық көбейді, мал ұстайды, егін егеді. Сол үшін де су жетпейді. Егер қазіргі қолданыстағы жолмен су лимитін арттыратын болса, қанша текше метр болса да, біз айдап беруге дайынбыз. Себебі онсыз да ауылды сумен қамту үшін станцияға күнара 100 текше метр суды водянка-вагонмен жеткізудеміз. Ол судың да қаржысын НЖС-14 өтеп отыр. Суды Шетпе станциясындағы ұңғымамыздан алудамыз. Сол үшін де басқа да өзімізге қарасты су тасымалдайтын бекеттерге су кейде тиісті лимитінен аздау кетіп жатады. Егер, ауданның, ауылдың әкімдіктері «Өзенинвестке» шығып, су мөлшерін көтеріп берсе бізде оған ешқандай қарсылық жоқ. Қызмет көрсетуге дайынбыз. Бірақ, ауыз су көлеміне өз қалталарынан ешқандай төлемақы төлемейтіндіктен, суды үнемді пайдаланбай, қарастырылған 2 сағатта берілетін су көлемін1 сағатта тұтынатындар көп. Себебі, олар ауыз суды малға, егінге т.т. қосалқы шаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланады. Айталық, суды 100-120 м³ дейін тұтынатындар да, керісінше 10 м³ ғана пайдаланатындар бар. Солай бірінің кесірі екіншісіне тиюде. Сондықтан, суға тариф белгілеп, әр тұрғын ақысын өз қалтасынан төлеп отыруы керек,– дейді «Теміржолсу-Маңғыстау» ЖШС директоры Аян Рау. Міне, құзырлы мекемелердің уәжі осындай, бір елдімекенге су жеткізуге бірнеше мекеме жауапты. Суды беруші біреу, оған ақысын төлейтін, құбырлардың иесі тағы басқа мекеме... Ал шекара төсіндегі табиғаты қуаң шөл далада қоныстанған халыққа керегі ең алдымен су.

Жаңалықтар
22.11.2024
ҚТЖ Бескөл депосында дизель отынының ұрланғанын анықтады
Жаңалықтар
22.11.2024
Ақмола бөлімшесі инфрақұрылымды жаңартуды және инновацияларды енгізуді жалғастыруда
Жүк тасымалы
22.11.2024
Қостанай ЖТ бөлімшесі қараша айында 2 359 вагон астық тиеді
ҚТЖ келбеті
22.11.2024
Жол монтерлерінің бір күні
Қауіпсіздік
22.11.2024
Жамбыл өңірінде қыста да қараусыз мал тиылмайды
Аймақтар
22.11.2024
«Syrmaq Fest»: Маңғыстаулық теміржолшы қолөнер көрмесін ұйымдастырды
Қауіпсіздік
22.11.2024
Шымкент станциясында өндіріс жарақатының алдын алу шарасы өтті
Әлеумет
22.11.2024
Күзет қызметкерлеріне көрсетілетін қолдау көп
Жаңалықтар
22.11.2024
Кәсіподақ сарапшылары құзыретін арттырды
Цифрландыру
22.11.2024
ІТ тақырыбына арналған білім сайысы өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
22.11.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №99 22 қараша 2024 жыл
Жолаушылар тасымалы
21.11.2024
№42 «Атырау-Алматы» жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылады
Жаңалықтар
21.11.2024
Құрық портының түбін тереңдету жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды
Спорт
21.11.2024
Теміржолшылар арасында спартакиада өтті
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ жол диагностикасының инновациялық технологияларын енгізуде
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ Еуропадағы терминалдық желіні кеңейтуде
Жолаушылар тасымалы
20.11.2024
Семейде қаламаңы тасымалында тиімді бағдарлар көбейеді
Жүк тасымалы
20.11.2024
Ақмола бөлімшесі 307 мың тоннадан астам астық тиеді
Жаңалықтар
20.11.2024
Қазақстан көлік-транзит дәліздерін ТМД + форматында дамытпақ
Әлемде
20.11.2024
Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жол құрылысы бойынша келіссөздің соңғы сатысы жүріп жатыр