Қыс маусымы: Еңбек қауіпсіздігіне ерекше назар

Сұхбат
21.10.2025, 09:20
Суреттерді түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Жылдағы дәстүр бойынша қатал маусымға дайындықты шіліңгір шілдеден бастаған теміржолшылардың қысқа қамданысы қалай? Саладағы сан салалы шаруашылықтар мен кадрлар дайын ба? Қыстың күні тасымал үдерісін үздіксіз қамтамасыз ету үшін қандай алғышарттар жасалды? Осы сауалдар төңірегінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Рамазан Садырқұловты әңгімеге тарттық.

– Рамазан Болатбекұлы, қыс қыр астында екенін ескерсек, Компания қазір қандай мәселелерге ерекше көңіл бөліп, іс-шаралар қабылдап отыр?  

– Компанияда үзіліссіз әрі қауіпсіз жұмысты қамтамасыз ету және тасымалдау процесін ұйымдастыру кезінде қозғалыс қауіпсіздігінің, өндірістік қауіпсіздіктің бұзылуына жол бермеу – басымдыққа ие міндеттердің бірі. Ал қатал маусым күшейтілген дайындықты қажет ететіні белгілі. Осыған орай Компанияда қыс кезінде жұмыс істеуге құрылымдық бөлімшелер мен еншілес ұйымдарды дайындау үдерісін ұйымдастыру бойынша жалпы ережені белгілеген Стандарт бекітілді. Және осы Стандарт талаптары шеңберінде корпоративтік, желілік және өңірлік деңгейлерде тұрақты жұмыс істейтін штабтар құрылды, олардың негізгі міндеті – шаруашылықтар мен кадрларды қысқы кезеңде жұмысқа даярлау барысын қарау және белгіленген іс-шаралардың орындалуын бақылау, ал олар сапалы және белгіленген мерзімде орындалуы тиіс.  

Корпоративтік деңгейдегі штаб отырыстары шілдеден қарашаға дейінгі кезеңде айына екі рет өткізіледі. Барлық деңгейдегі штабтардың жұмысы техникалық және тұрмыстық көмірмен қамтамасыз етуді, ғимараттар мен құрылыстарды, қазандық қондырғылары мен жылыту жүйелерін дайындауды, локомотив паркін, жолаушылар вагондарын, қар тазалау және қар тазалау техникасын дайындауды көздейтін тиісті іс-шараларды әзірлеу және бекіту процесін қамтып отыр. Сонымен қатар жұмыскерлерді қыстық арнайы киіммен қамтамасыз етуге, алғашқы қыстаушыларды оқытып, еңбекке баулуға ерекше көңіл бөлінеді.  

Шаруашылықтар мен кадрлардың қыс маусымына әзірлігі комиссиялар тарапынан расталғаннан кейін барлық ҚБ мен ЕҰ-ға қыс маусымында жұмыс істеуге дайындығы туралы тиісті куәліктер беріледі. Жалпы алдағы 2025/26 жылдың қыс маусымына дайындық барысында барлық ҚБ мен ЕҰ бойынша 107 іс-шара атқарылатын болады.  

– Қазір компания қыс маусымына қызу дайындық үстінде. Қандай іс-шаралар басымдыққа ие және орындалу барысы қалай?  

– Барлық іс-шараларда дерлік оң динамика байқалып отыр. Тұрмыстық көмірмен желілік деңгейдегі қызметкерлерді қамтамасыз ету жүріп жатыр, ол 15 қазанда аяқталуы тиіс. Техникалық қатты отын да кестеге сай кәсіпорындарға жеткізілуде. Көмірді тасымалдауға қажетті жылжымалы құраммен Қазтеміртранс жеткілікті және уақытылы қамтамасыз етіп отыр.  

Сонымен қатар қазандықтар мен ғимараттарды және құрылыстарды қатал маусымға әзірлеу де белгіленген мерзімге сай іске асуда. Осы арада жылжымалы құрамдар – локомотивтер, жолаушылар вагондарының қыста тоқтаусыз жүріп-тұру үшін егжей-тегжейлі диагностика мен барлық жүйелеріне жөндеу жүргізіліп жатқанын айтар едім. Әсіресе тежегіш жүйелері, қозғалтқыш бөлігі, жылу жүйелері ерекше назарға алынған. Локомотивтер кабиналары мен жолаушылар вагондарына жылыту жүйелері орнатылып, жылуды сақтап тұратын материалдар қолданылуда.  

Сондай-ақ арнайы антифриздарды пайдалана отырып, локомотивтерді төменгі температураға бейімдеу шаралары өткізілуде. Жалпы Компания бойынша алдағы қыс маусымына 2808 ғимарат пен құрылыс, 540 қазандық құрылғысы, 300 астам қар тазалайтын және қар жинайтын техника, 1721 локомотив, 1107 жолаушы вагоны дайындықтан өтіп, 89 мың тоннадан астам көмір кәсіпорындарға жеткізілетін болады. Атап өтерлігі, техникалық көмір жылу беру маусымы бойы тасымалданатын болады.  

Бүгінгі күні 1,5 айлық көмір қоры бар. Сонымен қатар биыл Қазақстан темір жолы бойынша 4800 «алғашқыстаушылар» жұмысқа қосылады. Олар арнайы оқытылып, тәжірибелі мамандарға бекітілген.  

Қысқы жұмыс киіммен қамтамасыз ету де кестеге сай жүріп жатыр. Нысандардың толық дайындығы 1 қарашаға дейін, ал қысқы техниканы әзірлеу 30 қарашаға дейін жоспарланған. Тұтастай алғанда, қазіргі жұмыс қарқынына қарап отырып, Компания шаруашылықтарын қыс маусымына дайындауға қатысты іс-шаралар белгіленген мерзімде орындалады деп сеніммен айта аламыз.

– Компания технологиялық процестерді орындау кезінде жарақаттанудың алдын алу үшін қандай негізгі шараларды қолданып отыр? Және олардың жарақаттану көрсеткіштеріне әсері бар ма?  

– Компания біздің өндірістің ерекшелігін ескере отырып, жарақаттанудың алдын алудың операциялық және жүйелі шараларын жүзеге асыруда. Осы арада ұйымдастырушылық-техникалық жоспарларды түзу және іске асыру, жұмыскерлерді оқыту және біліктіліктерін арттыру, оның ішінде бейресми кәсіби даму, сондай-ақ өндірістік қауіпсіздік жүйесіне цифрлық технологияларды интеграциялау сияқты негізгі үш бағытқа баса назар аударылып отырғанын айтуға болады. Міне, осы іс-шаралар жарақаттану көрсеткіштерінің төмендеуіне оңтайлы әсер етіп отыр.  

– Әрине бұл – көңілге қонымды дүниелер. Әйтсе де, өндірістік процестерде қауіпсіздікті арттыру үшін адамдардың біліктілігін арттыру маңызды. Осы бағытта қандай да бір оқыту курстары бар ма?

– «ҚТЖ» ҰК» АҚ еңбеккерлерінің білім-біліктілігін арттыруға қашан да айрықша көңіл бөледі. Мәселен, компанияда Еңбекті қорғау, Өнеркәсіптік қауіпсіздік және Электр қауіпсіздігі курстары бойынша оқыту уәкілетті органның талаптарына сәйкес жүргізіледі. Биылғы жылдың өткен кезеңінде 11 000-нан астам адам оқытылды.  

Бұдан бөлек, компанияда корпоративтік курстардың кең бағдарламасы қарастырылған. Оның шеңберінде 4000-нан астам адам оқудан өтті. Тағы бір атап өтетін жайт, компания персоналының көңіл-күйін қауіпсіз жұмысқа психологиялық тұрғыдан бейімдеу мақсатында жүйелі түрде еңбек ұжымдарының өндірістік жарақат алған жұмыскермен кездесуі болып тұрады. Онда жапа шегушімен болған оқиға, оқиғаның орын алуына түрткі болған себептер, оқиға куәгерлерінің әңгімелері, талқылаулар, және де Қауіпсіз Еңбек мәдениетіне бағытталған оқу курсы көрініс тапқан видео көрсетіледі.  

Міне, осындай шынайы өмірден алынған дәрістен 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Жамбыл, Қызылорда, Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Семей өңірлерін қамтыған 9 мыңнан астам теміржолшы өтті. Сонымен қатар Компания NEBOSH, IOSH және Defensing Driving сынды халықаралық бағдарламалар бойынша оқытуға маңызды мән беріп отыр.  

– Жалпы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да өндірістік жарақаттанудың алдын алу үшін еңбек қорғау саласында қандай жаңашылдықтар енгізілуде?  

– Компанияда өткен жылы бекітілген 2024/27 жылдарға арналған Өндірістік қауіпсіздік саласындағы IT-жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы бар. Міне, оны орындау шеңберінде өндірістік процестердің қауіпсіздігіне бағытталған «ҚТЖ» ҰК» АҚ цифрландыру және автоматтандыру жобалары іске асырылуда. Атап айтсақ, олардың біріншісі – пойыздың таяп қалғанын ескерту жүйесі. Бұл жүйе теміржолшыларды жылжымалы құрамға басылып қалу қаупінен қорғауға арналған. Яғни жолдағы жұмысшыларға пойыздың жақындағаны туралы дауыстық хабарлама радиоарна арқылы беріледі.  

Келесі бір жоба – магистральдық локомотивтерге бейнетіркегіштердің орнатылуы. Ол машинистің жолдың бос екенін көзбен шолып бақылауды, оқиғаларды автоматты режимде тіркеуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қызметкерлердің іс-әрекеттерін мониторингілеу және талдау үшін қызметкерлерге арналған бейнежетондар сатып алынуда.  

Бұдан бөлек, Астана станциясында Asia NETCOM компаниясымен бірлесіп қауіпті жағдайларды талдауға арналған бейнеаналитика жүйесінің пилоттық жобасы іске асырылуда. Жалпы «ҚТЖ» ҰК» АҚ 2019 жылдан бастап жарақаттанудың нөлдік деңгейіне қол жеткізуге бағытталған Vision Zero халықаралық тұжырымдамасының қатысушысы болып табылады. Бүгінгі таңда еңбек қауіпсіздігі мәселелері топ-менеджмент пен бөлімше басшыларының негізгі басымдықтарының бірі болып отыр.  

Әңгімеңізге рахмет!  

 

Спорт
25.12.2025
Алаңда ардагерлер бақ сынады
Аймақтар
25.12.2025
Үздіктер анықталды
Жаңалықтар
25.12.2025
Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан желісінің құрылысын қаржыландыру тәртібі анықталды
Жаңалықтар
25.12.2025
Жұмысшы мамандықтары жылында 80 мыңнан астам ҚТЖ қызметкері марапатталды
Спорт
25.12.2025
Адал достықтың үлгісін көрсетті
Әлемде
24.12.2025
Ташкент пен Қазан арасындағы пандемияға байланысты үзілген теміржол қатынасы қайта жанданды
Жаңалықтар
24.12.2025
ҚТЖ «Таза Қазақстан» акциясы аясында қалдықтарды азайту жөніндегі іс-шараларды іске асырады
Жаңалықтар
24.12.2025
Теміржол саласындағы 2025 жылдың негізгі оқиғалары
Әлеумет
24.12.2025
ҚТЖ ардагерлері Жаңа жыл қарсаңында спорттық рухтарын көрсетті
Жаңалықтар
24.12.2025
Олжас Бектенов пен Alstom теміржол өндірісін талқылады
Инфрақұрылым
23.12.2025
Вокзал құрылысы бақылауда
Жаңалықтар
23.12.2025
«Қауіпсіздік білгірлері» байқауының жеңімпаздары анықталды
Жаңалықтар
23.12.2025
Жетістіктер сараланды
Сұхбат
23.12.2025
Қауіпсіздікті сақтауда тәртіп қажет
ҚТЖ келбеті
23.12.2025
ҚТЖ – жүлделер көшбасшысы
Аймақтар
23.12.2025
Вагондарды жөндеу сапасы сөз болды
Жаңалықтар / Мұрағат
23.12.2025
Қазақстан теміржолшысы газеті, №107 23 желтоқсан 2025 жыл
Аймақтар
22.12.2025
Облыс әкімі теміржолшылар әулетін марапаттады
Аймақтар
22.12.2025
Қолайлы жағдай жасалуда
Аймақтар
22.12.2025
Семей – Ақтоғай аралығында рейд: теміржол бойындағы күзет жұмыстары тексерілді