Жаңа буын бағыттамалары сынақтан өтуде

Жаңалықтар
15.04.2026, 14:00

Қазақстанның теміржол инфрақұрылымы технологиялық жаңару кезеңіне қадам басуда. Аталған үдерісте тек магистральдар ғана емес, сонымен қатар олардың «бағыт ауыстыратын нүктелері», яғни бағыттама бұрмалары да шешуші рөлге ие болмақ. Дәл осы жерде тасымал жылдамдығы мен тиімділігін арттырудың негізгі мүмкіндіктерінің бірі жатыр, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қолданыстағы бағыттама бұрмаларының басым бөлігі өткен жылдардағы жүктеме мен қозғалыс қарқынына қарай жобаланған. Елдегі теміржол желісінің тозуы 57%-ға жетіп, бұл елеулі шектеуге айналып отыр. Бұл жылдамдықты арттыру қиындатып, жөндеу жұмыстары жиілетеді. Сол себепті Қазақстан арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндігі толық пайдаланылмай отыр.

Әсіресе, бұл жағдай Қазақстан үшін өте маңызды. Қазақстан транзиттік ел ретінде бір инфрақұрылым арқылы жүк, контейнерлік және жолаушылар пойыздарының қатар қозғалуын қамтамасыз етеді. Сондықтан бағыттама бұрмаларының сенімділігіне қойылатын талап та жоғары. Өйткені мұндағы кез келген ақау бүкіл желінің жұмысына әсер етеді.

Сынақ – жаңа кезеңге бастар қадам

Қазір Бозшакөл станциясында жаңа буын бағыттама бұрмалары – 1/11 және 1/9 маркалары сынақтан өтуде. Олар Қазақстандағы ірі теміржол машина жасау холдингтерінің бірі – Railways Systems KZ кәсіпорнында өндірілген.

Жаңа үлгілердің бірқатар маңызды артықшылықтары бар: икемді тілшелер, соққысыз моноблокты айқаспалар, жоғары жүктемеге төзімділік және ең бастысы – қозғалыс жылдамдығын арттыру мүмкіндігі. Тік бағытта жылдамдық 160 км/сағ-қа дейін жетеді. Бұл шешімдер нақты пайдалану жағдайында тиімділігін дәлелдеп отыр. Яғни, әңгіме тек ескірген элементтерді ауыстыруда емес, теміржол желісін жаңа деңгейге көтеретін технологиялық негіз қалыптастыруда.

Мұндай жаңашылдық инфрақұрылымды жаңғыртудағы бірқатар түйткілді шешуге көмектеседі. Бағыттама бұрмаларындағы жылдамдықтың артуы өткізу қабілетіне тікелей әсер етеді: учаскелерден өту уақыты қысқарып, кідірістер азаяды. Нәтижесінде «ҚТЖ» транзит көлемін ұлғайтып, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алады.

«Теміржол саласындағы өзгерістер тек жүйелі түрде жүргізілгенде ғана нәтиже береді. Тек вагондарды жаңарту немесе жекелеген жол учаскелерін күшейту жеткіліксіз. Егер жаңа техника тозған инфрақұрылымда, соның ішінде бағыттама бұрмалары мен жолдың үстіңгі құрылысы элементтерінде жұмыс істесе, оның толық әлеуеті ашылмайды», – дейді Railways Systems KZ холдингінің басқарма төрағасы Сергей Павлингер.

Жекелеген шешімнен – жүйелі нәтижеге

Қытай мен Еуропаны жалғайтын негізгі бағытта орналасқан Қазақстан үшін мұндай өзгерістер стратегиялық мәнге ие. Инфрақұрылымдағы кез келген баяулау бүкіл транзиттік дәліздің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді.

«Бағыттама бұрмаларын өндіруді дамыту елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, көлік тәуелсіздігін арттырады», – деп атап өтті ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев.

Сондықтан жаңа буын бағыттама бұрмаларына көшу – жаһандық талаптарға жауап бере алатын жылдам, әрі тиімді көлік жүйесін қалыптастырудың бір бөлігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың теміржол желісін жаңғыртуға берген басымдығы нақты инженерлік шешімдер арқылы іске асуда. «ҚТЖ» мәліметінше, 2026 жылы 1 577 км теміржол жөнделеді. Ал «Әділетті Қазақстан – баршаға және әрқайсысына» бағдарламасы аясында 2023–2029 жылдары 11 мың км жол жаңартылады.

Келесі мақсат – 200 км/сағ

Алайда ннженерлер бұдан да жоғары нәтижеге ұмтылуда. Қазіргі үлгілер сынақтан өтіп жатқан уақытта Railways Systems KZ тік бағытта 200 км/сағ жылдамдыққа есептелген жаңа буын бағыттама бұрмасын өндіріске дайындап жатыр.

Жаңа конструкция 13 320 мм ұзындықтағы ДЗ 350 дәнекерленген икемді тілшелерден және рельс ұштары дәнекерленген, соққысыз жүріс бетін қамтамасыз ететін моноблокты айқаспадан тұрады. 1/11 маркалы бұрманың жалпы ұзындығы – 39 063 мм.

Мұндай шешім доңғалақ жұптары өткен кезде пайда болатын соққы жүктемелерін іс жүзінде жояды. Дәл осы микросоққылар уақыт өте келе жолды босатып, техниканың қызмет ету мерзімін қысқартады. Нәтижесінде діріл азайып, элементтердің қызмет ету мерзімі айтарлықтай ұзарады.

«Негізгі тораптардың кепілді жұмыс ресурсы 150 млн тонна бруттоға дейін жетеді. Бұл жүк қозғалысы қарқынды учаскелерде де ұзақ мерзімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Инфрақұрылым операторы үшін бұл жөндеу жиілігін азайтып, өнімнің өмірлік цикл құнын төмендетеді және жоспардан тыс үзілістерді қысқартып, жолдың қолжетімділігін арттырады», – деді С. Павлингер.

Іс жүзінде бұл тек жылдам жүруге ғана емес, логистиканы түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді:

  • тармақталған учаскелерден өту уақыты едәуір қысқарады;
  • жаңа жол салмай-ақ магистральдардың өткізу қабілеті артады;
  • тозудың азаюы есебінен пайдалану шығындары төмендейді;
  • «соққысыз» геометрия қозғалыс қауіпсіздігін арттырады.

Халықаралық тәжірибе

Әлемдік тәжірибеде бағыттама бұрмалары инфрақұрылымның ең күрделі әрі жаңашыл шешімдер шоғырланған элементтерінің бірі саналады.

Мысалы, посткеңестік елдердің теміржол желілерінде 1/11 және 1/9 маркалы бұрмалар кең таралған. Олар жүк пойыздарының тармаққа сәйкесінше 50 және 40 км/сағ жылдамдықпен өтуіне мүмкіндік береді. Ал анағұрлым заманауи 1/18 және 1/22 маркалы бұрмалар бұл көрсеткішті 80 және 120 км/сағ дейін арттырады.

«Еуропада жоғары жылдамдықты желілерде 1/65 маркалы айқаспасы бар бағыттама бұрмалар қолданылады, олар тармақ бағыты бойынша 220 км/сағ дейін жылдамдықпен өтуге мүмкіндік береді. Алайда бұл көбіне жолаушыларға арналған жеке желілер. Қазақстан үшін міндет басқа: аралас қозғалыс жағдайында сенімділікті сақтай отырып, тік және тармақ бағыттағы жылдамдықтың оңтайлы тепе-теңдігін табу. Бұл үшін жаңа жолдар салудан гөрі қолданыстағы инфрақұрылымның тиімділігін арттыру маңызды», – дейді С. Павлингер.

Жоғары жылдамдықты Париж – Лион желісі – соның айқын мысалы. Мұнда жоғары жылдамдыққа бұрма құрылымын едәуір ұзарта отырып қол жеткізіледі: бұрылыс неғұрлым жайпақ болса, бұрма да соғұрлым ұзын болады. Францияда бұл бірнеше электржетекті қатар қолдану арқылы шешілген – тілшелердің салмағы мен геометриясы соншалық күрделі болғандықтан, бір ғана механизм жеткіліксіз.

Әлемдік өндірушілер тармақ бағыттағы жылдамдықты арттыруға ұмтылып, бұрма ұзындығын 200 метрге дейін жеткізіп, құрылымды айтарлықтай күрделендіреді. Ал RWS003PMKZ моделі тік бағытта 200 км/сағ және тармақ бойынша 50 км/сағ жылдамдықты қамтамасыз етіп, Қазақстандағы жүк қозғалысы тығыз желілер үшін тиімді теңгерім ұсынады. Мұнда пойыздардың әртүрлі түрі бір жолды ортақ пайдаланады, ал жеке жоғары жылдамдықты жолаушылар желілері жоқ. 

Өсу нүктесі

Бүгінде Бозшакөл станциясындағы сынақтар ең маңыздысын көрсетіп отыр: Қазақстан жаңғыртуды қуып жету тәсілінен озық дамуға көшуге дайын. Қазіргі үлгілердің өзі жылдамдық пен сенімділікті арттыруға мүмкіндік берсе, 200 км/сағ әлеуеті бар RWS003PMKZ моделін өндіріске енгізу мүлде жаңа деңгейге жол ашады.

Бұл тек бүгінгі емес, болашақтағы жүк ағындарын да тиімді, қауіпсіз әрі жылдам қамтамасыз ететін инфрақұрылым қалыптастыру деген сөз.

Теміржол тармақтарында тек пойыздардың бағыты ғана емес, ел экономикасының қарқыны да айқындалады.

Аймақтар
21.08.2026
Арыс станциясында болашақ жүргізушілерге машинист көзімен темір жол көрсетілді
Жолаушылар тасымалы
21.08.2026
ҚТЖ «Нұрлы жол – Арқалық» пойызының қатынау мерзімін жыл соңына дейін ұзартты
Трансформация
21.08.2026
Машинажасау саласы қалай дамуда?
Инфрақұрылым
21.08.2026
Жетіген – Құрөзек: екі учаске жаңғыртылды
Аймақтар
21.08.2026
Шу теміржолшылары мен полиция бірлескен рейд өткізді
Аймақтар
21.08.2026
Атырауда «Қауіпсіз өткел» акциясы аясында 8 өткелде рейд өтті
Аймақтар
21.08.2026
Үздік вагон депосы – Маңғыстауда
Аймақтар
21.08.2026
Шалқар жол дистанциясы аумағында жыл басынан бері 5 мал басу оқиғасы тіркелді
Әлеумет
21.08.2026
Білім күніне базарлық
Әлеумет
21.08.2026
Есте қалатын ерекше күн
Жаңалықтар
21.08.2026
Донорлар қатары артуда
Жаңалықтар / Мұрағат
21.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №66 21 тамыз 2026 жыл
Жаңалықтар
20.08.2026
ҚТЖ станцияларды басқарудың жаңа цифрлық платформасын енгізуде
Трансформация
20.08.2026
Қазақстанда локомотив пен вагон өндірісі еселеп өсті
Инфрақұрылым
20.08.2026
Ақшолақ – Үшбұлақ аралығында ауыр жол техникасын қолдана отырып, темір жолы сауықтырылуда
Жаңалықтар
20.08.2026
Қазақстан Орталық Азияның теміржол желісін жаңғыртуға негізгі үлесті қосуда
Жаңалықтар
20.08.2026
ҚТЖ ALT University-мен ынтымақтастықты дамытуда
Әлемде
20.08.2026
Қытай 2026 жылдың алғашқы жеті айында жолаушылар ағыны бойынша жаңа рекорд орнатты
Жаңалықтар
20.08.2026
Жыл басынан бері пойыздардың 44 әйнегі сынған
Әлемде
20.08.2026
Қырғызстан неліктен «Қытай - Қырғызстан - Өзбекстан» теміржол жобасының ұзын әрі қымбат бағытын таңдады?