Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету және халықаралық транзиттік бағыттардың әлеуетін арттыру мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, түркі мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуда көлік дәліздерінің маңызы зор. Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни Орта дәліз Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие.
Президент келтірген мәліметке сәйкес, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында Орта дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі 30 пайызға өскен. Ал транзиттік жүк тасымалының көлемі 90 пайызға артқан.

Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы теміржол тасымалы да ұлғайып келеді. Атап айтқанда, теміржол арқылы жеткізілген жүк көлемі 10 пайызға өсіп, 40 миллион тоннаға жуықтаған. Автомобиль көлігімен тасымалданған жүк көлемі 20 пайызға артып, 6,5 миллион тоннаға жеткен.
Осы көрсеткіштерге байланысты Қазақстан транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған арнайы бағдарламаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәліз бойындағы логистикалық инфрақұрылымды дамыту, теңіз порттарын жаңғырту және тасымал мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстарының маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Президент Қазақстан үшін Солтүстік – Оңтүстік дәлізі, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және басқа да халықаралық көлік бағыттары маңызды екенін айтты. Бұл бағыттарды дамыту елдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық жүк тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.