«Әндетіп келем, жарысып желмен, мінгенім тепловоз...» деп айтылатын ән теміржолшылар арасында кеңінен танымал. Әсіресе жеңіл әуенді бұл әнді темір тұлпарды тізгіндеген машинистер қауымы жақсы көреді.

Теміржолшылардың төл мерекесінде жарты ғасырдан бері шырқалып келе жатқан бұл ән таңдаулы өнер туындысы емес, әуесқой жандардың шығармашылығынан туса да машинистер гимні іспетті. Сол әннің авторы Исмағұлов Жұмажан аға жуырда сексеннің сеңгіріне шығып, мерейлі жасын атап өтті. Ардагер машинистен әннің шығу тарихы жайлы сұраған едік.  

– Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, 1968 жылы Мақат локомотив пайдалану депосына жөндеуші-слесарь болып жұмысқа тұрдым. Ол кезде жастар күндіз жұмыста, кешке клубта бас қосатын. Депоның көркемөнерпаздар үйірмесі болды. Сырнайдың «құлағында ойнайтын» мына ағаларың сол үйірменің белді мүшесі (ағамыз қалжыңдап күліп алды). Ескендір Кенжеханов деген Арыстың жігіті болатын, машинист, бір жылдан соң мен соған көмекшісі болып бардым. Сол жылы Мақат – Маңғыстау деген жолаушылар пойызы шығып, ол пойызды бірінші жүргізген осы Ескендір еді. Екеуміз ағалы-інідей боп кеттік. Кезекті сапарда жүйткіген тепловоз терезесінен қарап келеміз. Мақатқа таяп қалдық. Ескендір «мінгенім темір тұлпар жарысады желменен...» деп ыңылдап әндетіп келеді. Мен елең ете қалдым, мұндай әнді естімегем. Маған қарап: «мен өлең шығардым, сен осыған ән жаз, машинистер әні болады» деді. Әрине, тепловоз кабинасында туған тек идея еді, кейін мың қайтара өңдеп алдымен сөзі жазылды, сосын әуенін тауып баянмен шығарғанша талай уақыт өтті. Алғаш рет аудандық көркемөнерпаздар байқауында орындап, бірінші орын алдық, – деп еске алады Жұмажан аға.  

Айта кетейік, оған дейін тек батыста шырқалған ән бертін танымалдыққа ие болды, себебі әнге клип те түсіріліп, әлеуметтік желілерге тарап, барша теміржолшылардың репертуарына енген әнге айналды. Ал сексеннің сеңгіріне шыққан Жұмажан машинист бүгінде тың, немере-шөберелерінің ортасында аман-есен жүріп жатыр. Сүйікті кәсібіне деген махаббатын әнге қосқан сазгер ағамызға денсаулық пен қуаныш, ұзақ ғұмыр тілейміз.