Теміржол медицинасының тарихында талай білікті маманның қолтаңбасы қалды. Солардың бірі – жарты ғасырдан астам уақыт бойы адам өміріне араша болып, теміржолшылардың денсаулығын сақтауға өлшеусіз үлес қосқан хирург Аяш Байжарқынова жуырда 85 жасқа толды. Құрметті теміржолшы, дәрігер-хирург және ғалымды мерейтойымен құттықтаймыз.

Медицина ғылымдарының кандидаты, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының профессоры және «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері, 1964 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған жас маман еңбек жолын Көлік министрлігі жүйесіндегі медициналық мекемелерде хирург болып бастайды. Қандыағаш, Шұбарқұдық станцияларында, Гурьев қаласында қызмет атқарады.  

Жолдасы Сәбит Сүйінғарин – Ташкент теміржол институтын бітірген маман. Еңбек жолын жол монтерінен бастап, Батыс Қазақстан темір жолы бастығының қауіпсіздік жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілген. 1977 жылы ерлі-зайыптылар қызмет бабымен Ақтөбеге қоныс аударды. Мұнда Батыс Қазақстан теміржол ауруханасында хирургия бөлімшесін басқарды. Кейін бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, теміржол басқармасының бас хирургі қызметтерін атқарды. Оның жетекшілігіндегі 90-орындық хирургия бөлімшесінде күрделі оталар жасалып, талай теміржолшының өміріне араша түсті.  

Аяш Болдыбайқызы үшін хирургия – жай ғана мамандық емес, үздіксіз ізденіс пен үлкен жауапкершілікті талап ететін өмірлік миссиясы. Ол кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында Мәскеудегі Орталық клиникалық теміржол ауруханасында білімін толықтырып, заманауи диагностикалық әдістерді меңгерді. 1978 жылы Ақтөбе теміржол ауруханасында «Красногвардеец» диагностикалық лапароскопиялық аппаратын алғашқылардың бірі болып іске қосты. Бұл әдіс науқастың ішкі ағзаларын үлкен тілік жасамай-ақ зерттеуге мүмкіндік берді.  

Кейін «Олимпус» лапароскопиялық жабдығын тәжірибеге енгізуге атсалысты. Осылайша, теміржол ауруханасы хирургиядағы жаңа технологияларды игерген медициналық мекемелердің қатарына қосылды. Дәрігер бұл бағыттағы ізденісін ғылыми жұмыспен ұштастырып, жедел холециститті емдеуде диагностикалық лапароскопияны қолдану тақырыбында диссертация қорғады.  

1993-1995 жылдары шұғыл хирургия саласында 500-ден астам операция жасап, лапароскопиялық әдістің мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Оның айтуынша, ең бастысы – отаның саны емес, әр науқастың өмірі мен денсаулығы.  

Аяш Байжарқынованың еңбегі тек операциялық залмен шектелмеді. Ол ғылыми мақалалар жариялап, халықаралық хирургиялық басылымдармен байланыс орнатып, медициналық конференцияларға қатысты. Кейін жоғары оқу орнында доцент болып, жас дәрігерлерді даярлауға үлес қосты. «Емханалық хирургия» атты оқу құралын жазып, оны медицина университетінің кітапханасына өз қаражатына тапсырғаны да оның білім саласына деген жанашырлығын аңғартады.  

Оның кәсіби еңбегі теміржол саласы тарапынан да жоғары бағаланды. 1996 жылы қазан айында Батыс Қазақстан темір жолының бастығы Амангелді Селбаевтың ұсынысымен «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталды. Бұл атақты хируг-ғалымның марапаты – теміржолшылардың денсаулығын қорғауға арнаған жылдар бойғы еңбегіне берілген лайықты баға еді.  

– Теміржолшылар – менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Жолдасым өмірден өткеннен кейін де жанымнан табылып, басымды сүйеген – теміржолшылар. Олардың қамқорлығы мен адамгершілігін ешқашан ұмытпаймын. Сол ортаға, сол адамдарға алғысым шексіз, – деді Аяш Болдыбайқызы.  

Бүгінде жүздеген-мыңдаған адамның алғысын алған ардагер хирургтің есімі ғылыми ортада да, теміржолшылар арасында да құрметпен аталады.

Анықтама

1991 жыл - КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі;

1995 жыл - Ph.D. қорғады;

1998 жыл - “Құрметті теміржолшы”;

2021 жыл - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының құрметті ардагері;

«Қазақстан Республикасының Алтын дәрігері»;

Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының  ордендері мен медальдарының иегері;

Ғылым және білім беру саласының еңбек сіңірген қызметкері;

Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының ғылым және техника саласындағы еңбек сіңірген қайраткері.