16-17 қараша күндері Астана жол дистанциясына қарасты 4-ші өндірістік учаскеде бағыттағыш бұрмаларды ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Он сағаттық «толаскезді» қамтитын жөндеу жұмыстарының басы-қасында болып, жолшылардың күздің ызғарлы күні ашық аспан астында атқарып жатқан жұмысын көзбен көріп қайттық.
– Дәл қазір біз 4-ші өндірістік учаскеге қарасты бағыттауыш бұрманы ауыстырып жатырмыз, 31 метрлік жолда Р-65-ті 1/9-ға және 33 метрлік жолда Р-65-ті 1/11-ге. Бағыттауыш бұрманы ауыстыру жұмыстары, яғни демонтаж және төсеу жұмыстары DESEK кешенімен жүргізіледі. «Толаскез» берілгенге дейін біздің жолшылар қиыршық тасты ломмен ойып алып, тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. DESEK кешені кірісімен біз оның көмегімен ескі бағыттағыш бұрманы шешіп аламыз, одан кейін астын тазалап, батпағын шығарып, бәрін дайындап аламыз. Сосын барып аталған кешенмен жаңа бағыттауыш бұрма жиынтығын төсейміз, жаңа щебень саламыз. Бұдан соң Унимат кешені кіріп, түзету, тегістеу, өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл біздің биылғы маусымдағы соңғы «толаскезіміз», жалпы біздің учаске бойынша бұған дейін 9 бағыттауыш бұрманы ауыстырдық, қыстың келуімен ауыстыру жұмыстары тоқтатылады, – дейді ПЧ Астана 4-ші өндірістік учаскенің бастығы Мұратбек Аренов.
Бұл арада Р-65-ті 1/9-ға (бір де тоғызға) ауыстыру деген тіркес теміржолшыларға, оның ішінде жол шаруашылығы жұмыскерлеріне түсінікті ұғым. Десе де, Р-65 рельс түрін, ал 1/9 бұл бағыттауыш бұрманың айқастырма маркасы, яғни 1/9 саны бүйірлік жолдың түзу бағыттан ауытқу тіктігін көрсететінін атап өткен жөн. Учаске бастығының айтуынша, бұл бағыттауыш бұрмалар жиынтығы Екібастұздағы «Проммашкомплект» зауытында өндіріліп, темірбетон негізінде салынатындықтан қызмет ету мерзімі 25 жылды құрайды екен. Алайда, қызмет ету мерзімі қатып қалған қағида емес, ол пойыздардың өтуіне, яғни тоннаждығына және жолшылардың бағыттауыш бұрманы ағымдық күтіп ұстауына да байланысты болмақ.
Жалпы Астана жол дистанциясы бойынша биылғы жылдың басынан бергі он айда жол шаруашылығын дамыту және күтімін жасау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Негізгі жол жұмыстарына келсек, мердігер ұйымдардың қатысуымен Астана – Қырқыншы, Қырқыншы – ОП-42, Бабатай – Аршалы және Ақкөл – Елтай телімдерінде, барлығы 40,5 шақырымды құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
– Бұдан бөлек, станциялық жолдардағы ағаш шпалдарды темірбетонды негізге көшіре отырып, 16 км көлемінде күшейтілген орта жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар 48 жиынтық ағаш білеудегі бағыттауыш бұрма темірбетонды түрімен алмастырылды. Сондай-ақ 36 жиынтық бағыттауыш бұрманы жаңасымен ауыстырып төседік. Ал Ақкөл – Елтай аралығында 3 125, Астана – Жайнақ аралығында 1 200 темірбетонды шпалды «Geismar» жол машинасын қолдана отырып, пойыздар қозғалысын тоқтатпастан жеке-жеке ауыстыру бойынша шаруалар атқарылды. Станцияларды дамыту бағдарламасы шеңберінде Бабатай станциясында пойыздардың өткізілуін қамтамасыз ету үшін 2 съезд төселді. Астана жол дистанциясында мұнымен қатар санитарлық-тұрмыстық жағдайды жақсартуға да айрықша көңіл бөлінген. Мәселен, дистанция жұмыскерлерінің өз күшімен №3, 5 және 6 өндірістік учаскелеріндегі табельдік орын-жайға жөндеу жүргізіліп, сондай-ақ жылыну будкасы жаңартылды. Ал Өндіріс, Жасыл, Анар станцияларында, 497 және 796 шақырымдарда жұмыскерлер үшін заманауи табельдік модульдер орнатылды. Мұның бәрі дистанция еңбеккерлерінің еңбегін қорғау мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталып отыр, – деді Астана жол дистанциясы өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Ернұр Смағұл.