Цифрландыруға қатысты кешенді міндеттерді шешу үшін түрлі өндірістік бағыттарға қажетті мамандарды даярлау мақсатында жоғары оқу орындарымен өзара ынтымақтастықтың маңызы зор.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да бірнеше жылдан бері кадрларды оқыту мен дамытуға бағытталған кешенді бағдарлама жүзеге асырылып келеді және ол төрт негізгі бағытты қамтуда. Атап айтқанда, олар жоғары оқу орындарымен және колледждермен өзара ынтымақтастық; корпоративтік оқыту; кәсіби оқыту: біліктілікті арттыру курстары; білімді сақтау және кейінгі ұрпаққа беру: техникалық оқу, ішкі тренерлер, тәлімгерлік және менторлық.
Теміржол көлігіндегі цифрлық технологиялардың тиімділігі бүгінде нақты жобалар мен олардың нәтижелері арқылы дәлелденіп отыр. Экономикалық өсім мен тұрақтылықтың маңызды тетігі саналатын теміржол логистикасының рөлін ескерсек, цифрландыру саласындағы тиімді шаралар шығындарды азайтып, жүктерді жеткізу мерзімін қысқартады және тек теміржол саласының ғана емес, тұтастай мемлекеттің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Теміржол көлігінің алдына қойылған экспорттық тасымал көлемін ұлғайту, елімізді өңірлік транзиттік хабқа айналдыру, халықаралық инвестицияларды тарту және әлемнің түкпір-түкпіріндегі серіктестермен байланысты нығайту міндеттерін ескерсек, салаға цифрлық технологияларды енгізуге басымдық берілуі заңды. Осылайша, «ҚТЖ»-ның цифрлық трансформациясы – жекелеген жүйелерді жаңғырту ғана емес, ол заманауи экономиканың және жаһандық логистиканың жаңа талаптарына жауап бере алатын цифрлық, қауіпсіз әрі тиімді теміржолға стратегиялық көшуі болмақ.