Қызылорда ЖТ бөлімшесіне қарасты Қызылорда агенттік пунктінде кәсіби шеберлігімен, жұмысқа деген жауапкершілігімен ерекшеленетін тәжірибелі теміржолшылар аз емес. Солардың бірі жүк қабылдап-тапсырушы Сәуле Оралбаева.

Теміржол – темірдей төзімді жандар еңбек ететін ерекше сала. Мұнда әрбір пойыздың уақытылы қозғалысы, әрбір жүктің діттеген жеріне аман-есен жетуі көзге көріне бермейтін қаншама маманның маңдай тері мен кәсіби жауапкершілігіне байланысты. Қызылорда ЖТ бөлімшесіне қарасты Қызылорда агенттік пунктінде жүк қабылдап-тапсырушы болып еңбек ететін Сәуле Сабырқызының еңбек жолы 41 жылды құрайды.  

Еңбек жолын 1989 жылы ақау анықтаушы – дефектоскопист болып бастаған жас маман уақыт өте келе саланың әртүрлі бағытында жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтады. Станция операторы, жүк қабылдап-тапсырушы, диспетчер, жедел жұмыс технигі, аға жүк қабылдап-тапсырушы, бірінші санатты инженер қызметтерін атқарды. Әрбір жаңа міндет оған тың тәжірибе сыйлап, теміржол жұмысын тұтас жүйе ретінде тереңірек түсінуге жол ашты.  

Саладағы қызмет сатыларынан сүрінбей өтіп, жинаған білімін күнделікті жұмысымен ұштастырған Сәуле Сабырқызының кәсіби қалыптасуына алған білімі де негіз болды. Алматы теміржол көлігі инженерлері институты қабырғасында инженер-механик мамандығын меңгерген ол теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра білді. Сондықтан оның бойындағы техникалық сауаттылық пен жұмысқа деген ұқыптылық – жылдар бойы қалыптасқан кәсіби машықтың нәтижесі.  

Жүк тасымалының үздіксіз жүруі тек пойыз қозғалысына ғана емес, жүкке қатысты құжаттардың дұрыс рәсімделуіне, деректердің уақытылы тіркелуіне және әрбір операцияның талапқа сай орындалуына да байланысты. Осы күрделі тізбектің бір буынында жаңсақтық кетсе, ол кейінгі жұмысқа әсер етуі мүмкін. Сондықтан жүк қабылдап-тапсырушының міндеті сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде, мұқияттылық пен кәсіби біліктілікті қатар талап етеді.  

Сәуле Оралбаеваның әрбір жұмыс күні қауырт. Ауысым алдындағы нұсқамадан кейін ол алдыңғы ауысымда атқарылған жұмыстардың компьютерге дұрыс енгізілгенін, қажетті мәліметтердің журналдарға толық әрі ретімен тіркелгенін тексереді. Содан соң ауысымды қабылдап, жұмыс барысымен танысады.  

Одан әрі станцияға келген жүк пойыздарындағы жүктерді қабылдау, тиісті құжаттарды алу, мәліметтерді белгіленген тәртіппен тіркеу, жүк иелерімен құжат алмасу секілді міндеттер бірінен соң бірі жалғасады. Келген жүктерді тіркеу журналы, жөнелтілетін жүктерді тіркеу журналы және басқа да есеп құжаттары мұқият толтырылады. Мұнда әрбір жазба, әрбір сан мен деректің өз орны бар. Құжаттағы дәлдік тасымал үдерісіндегі тәртіптің, ал тәртіп – сенімді жұмыстың кепілі.

– Тәжірибелі теміржолшылардың арасында Сәуле Оралбаеваның орны бөлек. Оның ауысымында атқарылатын жұмыстардың барлығы техникалық және кәсіби талаптарға сай орындалады. Жүк құжаттарының дұрыс тіркелуі мен құжат айналымындағы тиянақтылығы әріптестеріне үлгі десек болады. Сәуле Сабырқызы осы уақыт ішінде талай шәкіртке тәлімгер, талай теміржолшыға ұстаз болған еңбегінің өзі бір төбе, – дейді агенттік пунктінің бастығы Алмас Ұзақбайұлы.  

Иә, кәсібилік тек тапсырманы орындаумен өлшенбейді. Ол – жұмыстың сапасына жауап беру, ортақ іске ұқыптылық таныту, жинақтаған тәжірибені өзгелермен бөлісу.  

– Біздің жұмыста, ең маңызды мәселе – жүк құжаттарының дұрыс ресімделуі. Қазір қанша жылдық тәжірибем болса да, осы ұстанымды естен шығарған емеспін, жүк құжаттарының қатесіз жазылып, сауатты толтырылуына ерекше мән беремін. Өйткені жауапкершілік осы жерде басталады, – дейді Сәуле Оралбаева.