«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Шәкеновтың төрағалығымен көшпелі комиссия темір жол шаруашылықтары мен Семей және Атырау жол бөлімшелері қызметкерлерінің қысқы кезеңге дайындығына бақылау тексерулерін жүргізді, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Комиссия қар тазалау және қардан аршу техникасының, пневматикалық үрлеу жүйелерінің, компрессорлық станциялардың, қызметтік ғимараттар мен құрылыстардың дайындығын тексерді. Жабдықтардың техникалық жағдайына және штаттың жарақтандырылуына ерекше назар аударылды.

Инспекция барысында қызметкерлердің қысқы арнайы киіммен және аяқ киіммен, тұрмыстық және техникалық көмірмен, мазутпен, сондай-ақ жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілуі бағаланды. Сондай-ақ комиссия машинистер мен көмекшілерінің Локомотив бригадаларының демалыс үйлерінде тұруы жағдайларын бағалады. 

Санитарлық-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз ету шеңберінде Семей бөлімшесінде жұмыс орындарында бес, Атырау бөлімшесінде – алты нысанға ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілуде (жұмысты «Теміржолсу» ЖШС орындауда). Семей өңірінде локомотив паркін қысқы пайдалануға дайындау жалғасуда.

Жалпы, тексеру бөлімшелердің қысқы жағдайда жұмысқа қанағаттанарлық дайындығын көрсетті. Тексеру қорытындысы бойынша өңірлік бөлімшелердің басшыларымен жедел кеңестер өтті. Түзету шаралары айқындалды және желілік деңгейде шешуді талап ететін мәселелердің тізбесі қалыптастырылды.