Наурыз айы туғанда...     

Жаңалықтар
28.03.2018, 15:57
Күн мен түн теңеліп, жер көбесі сөгіліп, «Самарқанның  көк тасы еріген күн» деп дәріптелетін  Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі  - шығыс халқының жыл басы саналады. Сондықтан бұл мерекені дүйім жұрттың шаттық көңіл-күймен қарсы алып, үш күн бойы думандатып, тойлатуы заңдылық болса керек. Наурыз тойын еліміздің теміржолшылары да белсенді атап өтті. Бірінші болып ұлық мереке «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бас  ғимаратында тойланды. Астана  «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы жылдағыдай Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін компанияның бас ғимаратында барлық салт-дәстүрлерді жаңғырта, ән мен күй, биден өнерлерін паш ете және ұлттық тағамдарға толған мол дастархандарын жая отырып дүркірете өткізді. Ең бастысы, бұл күні компанияға қарасты департаменттер мен еншілес компаниялар арасында Наурыздың тойлануы бойынша «Туған өлкеге саяхат» атты байқау ұйымдастырылып, оған барлық мекемелер бір адамдай белсенді атсалысты. Байқау шартына сай әр мекеме еліміздің батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік өңірлеріндегі Наурыздың тойлану ерекшеліктерін көрсету керек болды. Бас ғимараттың 25-ші қабатынан бастап одан жоғары қабаттарына дейін  әрқайсысында орналасқан мекемелердің Наурыз думаны – олардың мерекеге тыңғылықты дайындалғанын бірден байқатты. Мәселен, 25-қабатта «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлері еліміздің оңтүстігінде Наурызды қалай тойлайтынын көрсетті. Домбыраның құлағында ойнаған қыздар, қос бұрымды өнерлі арулар, асық ойнаған балалар, қазан-ошақты жайлаған қыз-келіншектер, ақ жаулықты кимешек киген әжелер, арқан керген серілер, шапан киген ел ағалары – қазақы болмысымызды паш етті. Жолаушылар тасымалын ұйымдастырушылар тұсаукесер рәсімін жасап, оның барлық жоралғыларын көрсетті.  26-қабатта еліміздің батыс өңіріне тән Наурыз мерекесі тойланып жатты. Көрісу дәстүрін көрсеткен теміржолшылар төс қағыстырып, Амал мерекесін тойлауға кірісті. Ал 27-қабаттағы қызметкерлер шығыстың Наурызын көрсетіп, құда түсу дәстүрінен көрініс қойды. Құдалықтың жоралғыларын көрсеткен олар Қара жорға биін биледі. Одан әрі 29-қабатта солтүстікке тән Наурыз тойланып, қыз ұзату дәстүрі көрсетілді. Теміржолшылар байқауына құрамында ардагерлер мен компания басшылары бар қазылар алқасы қазылық етті. Сонымен байқау қорытындысында «Ән-жыр аймақ Оңтүстік», «Шұғылалы Шығыс өлке», «Байлығы құт Батысым» деген аталымдар бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ ұжымы марапатталды. Сонымен қатар  «Кенішті қоныс – Қарағанды» аталымына «Көп салалы орталықтандырылған қызмет» филиалы ұжымы, «Арайлы қала - Алматы» аталымына «Трансформация және бизнес орталығы» филиалы ие болды. «КТZ Express» АҚ мен Стратегия, GR және корпоративті даму департаментінің ұжымы, сондай-ақ Бизнес архитектурасы және ұйымдастыруды дамыту департаменті «Кербез мекен – Көкшетау» аталымымен марапатталды. Ал «Қонақжай мекен – Қызылорда» аталымы «Қала маңы тасымалы» АҚ-на, «Сырға толы – Солтүстік» аталымы бойынша диплом «Жолаушылар тасымалы» АҚ ұжымына берілді.    «Нұрлы жол» темір жол вокзалы кешені биыл алғаш рет Әз Наурызды атап өтті. «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалына қарасты құрылымдық мекемелердің қатысуымен, вокзал аумағында 12 қанатты 8 киіз үй тігіліп,  думанды шараға теміржолшылар және жолаушыларды қоса алғанда 3000-ға жуық халық қатысты.      Алғашқы Наурызын тойлаған жаңа вокзал үшін бұл айтулы шара болды. Бұлтты күнге қарамастан халықтың көңілдері жадыраңқы еді. Киіз үй маңында қазан асылды, келген қонақтарға бауырсақ пен наурызкөже, қымыз, палау таратылып, теміржолшылардың арасынан дарынды қызметкерлер мен олардың талантты балаларынан құралған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының ұжымы арнайы шараны қойылыммен ашып бергеннен соң, Қыдыр ата бата беріп, тұсау кесу сынды дәстүр көрініске арқау болып жаңғыртылды, сонымен қатар теміржолшылардан құралған көңілділер мен тапқырлар командасы өз өнерлерін ортаға салып, өткір әзілдерімен көпшілікке сергек көңіл-күй сыйлады. Жастар алтыбақан теуіп, мерекенің көркін келтірді. Бұл күнгі ақ жарма тілектер де мол болды. – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. Ал «Нұрлы жол» темір жол вокзалы кешені үшін тіпті бөлек, өйткені ол мұнда алғаш рет тойлануда. Күннің салқындығына қарамай қонақтардың көңіл-күйі көтеріңкі. Мереке бағдарламасы бойынша әр департамент, құрылымдық бөлімшелер ұлттық салт-дәстүрден көріністер, ән және би өнерін көрсетуде. «Нұрлы жол» темір жол вокзалы кешенінің ұжымы атынан барша қазақстандықтарды, әріптестерімізді, қонақтар мен жолаушыларды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Астана теміржол вокзал кешені» филиалының технологиялық процесті ұйымдастыру бөлімінің бастығы Ғалия Жабықбайқызы. Вокзалдағы Наурыз-думанда спорттық шаралардан қол күресі, қой көтеру, асық ату, арқан тарту сынды тағы да басқа ойындар ойнатылды. Жеңімпаздар мен концертке қатысқан теміржолшылардың өнерлі балалары бағалы сыйлықтарға ие болды.  Қызылорда Наурыз мерекесін Сыр бойы теміржолшылары орталық алаңда қазақы нақышпен ою-өрнектеп безендірілген ақшаңқан киіз үйде қарсы алды. Барша жұртшылыққа арналып жеті түрлі дәннен әзірленген Наурызкөже жасалып, тегін таратылды. Күнделікті жұмыс киімдерін ұлттық нақыштағы киіммен алмастырған теміржолшылар қауымы зейнеткерлерге төрден орын ұсынып, баталарын алды. Мерекелік тілегінде жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында аянбай еңбек етуге шақырған Қызылорда ЖТ бөлімшесінің директоры Аманкелді Арысбаев сала ардагерлері мен әріптестерін Наурыз мерекесімен құттықтап, биылғы жылды табысты аяқтау үшін барлық теміржолшылардың кәсіби міндетті жауапкершілікпен өткеруді тапсырды. – Қадірменді ардагерлер, құрметті әріптестер, Ұлыстың ұлы күнін күткенімізге бір жыл болып еді, міне, наурыз айына аман есен қауышып, бір-бірімізбен төс қағысып наурыз думанын тойлауға жиналып отырмыз, барлығыңызға құтты болсын. Наурыз мерекесі қыс құрсауынан шыққан қара жердің бусанып, босаңситын сәтімен тұспа-тұс келеді. Алайда, теміржолшы қауымына ешқашан босаңсуға болмайды. Біздерге әлеуметтің артқан сенімінен шыға білуіміз қажет. Біздің бөлімшеден өткізілетін пойыздардың қауіпсіз қозғалысына сіздердің әр қайсыңыздың қосатын үлестеріңіз орасан зор. Биылғы жылды еш кемшіліксіз өткізейік,– деп әріптестеріне игі тілегін арнады аймақтың бас теміржолшысы Аманкелді Қонысбайұлы. Ал Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің теміржолшылары Наурыз мейрамына орай сайыс өткізді. Бөлімшенің 2-3 бөлімі мен секторларынан біріктірілген сегіз құрама топ мәдени шарада өзара бақ сынасты. Сегіз топтың әрқайсысы өз кезегінде топты таныстыру, ұлттық тағамдар әзірлеу – «дәм отау», дастархан мәзірін білу, ұлттық киім, «ою ойғанның ойы ұшқыр», өнерден шашу секілді турлардан тұратын сайыс барысында теміржолшылар өнерден де құралақан емес жандар екенін көрсетті.  Олардың өнерлері тартымды, қарасаң көз тоятындай сәттерімен ерекшеленді. Бөлімше басшысы Ибраким Басықараев, сайысты ұйымдастырушы әрі осы идея авторы кәсіподақ ұйымының төрайымы Ажар Ерманова қатысқан қазылар алқасы сайысқа төрелік етті.  Дәмі тіл үйірер тағамдар мен ұлттық сусындарды әзірлеп, онымен таныстырудан басталған сайыс арасында ұлттық ойындар, сергіту ойындары қосымша өткізіліп, көрермендерді қызықтыра түссе, ұшқыр ойлы және тұшымды жауап берген теміржолшылардың зеректігіне көрермендер ризалықтарын білдіріп жатты. Сайыс түрінде өткізілген тойда үздіктерге лайықты жүлделер мен естелік сыйлықтар таратылды. Үздік ою ойып көрермендерді таңқалдырған Жазира Орынбасар, алтын сақа шебері Бекзат Фаизов, қол күресі жеңімпазы Әлихан Бодықов, әдемі ұлттық киім киген Райхан Темірғазы мен Сарқыт Шакманова қазылар алқасының сыйлығын алып, әрқайсысы өз тобының мерейін асқақтатса, сан түрлі сыннан сүрінбеген «Қарлығаш» тобы – үшінші орын, «Жұлдыз» тобы – 2-орын, «Таңшолпан» 1-орын иеленді. Ал үздік өнері, тапқырлығымен және сайысқа жан-жақты дайындығымен келіп, өздерінің үздік екенін дәлелдей білген «Қызғалдақ» тобы бас жүлдеге тігілген НР принтерді еншіледі. Ал өзге топтарға ынталандыру сыйлығы мен алғыс хат ұсынылды, «Теміржол» филиалы төрағасы атынан бөлімше ұжымына естелік тапсырған Базара Танбаева да сайыстың қызықты өткенін айтып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Қызылорда станциясында, Қызылорда жол дистанциясында және Қазалы вагон пайдалану депосында Әз Наурыз мерекесіне орай мерекелік шаралар өткізіліп, еңбек озаттарына құрмет көрсетілді. Ұлттық киім киіп келген зейнеткерлерге және әріптестеріне үлгі болып қызмет көрсеткен жастар тобы, арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күресі, асық ату секілді ұлттық ойынның көркін қыздырды. Шымкент «Шымкент жүк тасымалы бөлімшесі» филиалының ұжымы Наурыз мейрамында бөлімшенің алдында дастархан жайып, теміржолшылармен қатар ардагерлерді шақырды.   Алдымен айтыскер ақын көпшілікке арнау айтты. Одан соң осы шаңырақта еңбек етіп, бақилық болғандардың рухына құран бағышталды. Бұдан кейін әншілермен қатар өнерлі теміржолшылар да ән айтып, көпшіліктің көңілін сейілтті.  ­ – Барлығымыз үшін Наурыз – қазақ шаңырағындағы ең ұлық мереке. Көктемнің шуағымен әр отбасында мейірім орнап, дос, ағайын-туысты қонаққа шақырады. Араздасқан ағайын болса татуласады. Бұл күні ардагерлер мен әріптестеріме өзімнің және ұлттық компания басшылығының атынан алғыс айтамын. Мейрам баршаңызға жақсылық, отбасыларыңызға баянды бақ пен құт-береке әкелсін! – деп бөлімше директоры Ермекбай Ерманов жылы лебізін білдірді.   Ақ дастархан басында теміржолшылар емен-жарқын отырып, наурызкөжеден дәм татып, ән тыңдап, бір-біріне ақжарма тілектерін жаудырды. Семей Ел шығысындағы теміржолшылар биылғы наурыз мерекесін ерекше көңіл күймен атап өтті. Семейдегі теміржол алаңында ұйымдастырылған шара барысында бөлімшеге қарасты барлық мекеме киізүйлер тігіп, қалалықтар мен шаһар қонақтарына дастархан жайды.  Ең алдымен мерекелік шара сахна төріндегі құттықтаудан басталды. «ҚТЖ Жүк тасымалы» АҚ филиалы «Семей жүк тасымалы бөлімшесінің» басшысы Марлен Көкірекбаев осынау мерекенің тағылымдық мәніне тоқталып өтіп, ізгі тілек білдірді. Сондай-ақ, теміржолшылар қауымын, қалалықтарды құттықтауға келген облыстық және қалалық мәслихат депутаттары да жылы лебіз білдіріп жатты. Осылайша, әуелеп ән, күмбірлеп күй төгіліп, мерекелік шара басталып та кетті. Қыз-бозбала арнайы құрылған алтыбақан маңын думанға бөлесе, киізүйлер ішінде өнерпаз теміржолшылар домбырамен халық әндерін шырқады. Табиғаттың ерекше тамылжыған бір шағы болғандықтан ба, мерекелік концертті тамашалаушы көрерменнің қарасы мол болды. Жұртшылыққа арналып, қазақы нақыштағы әуен де, дәстүрлі әндер мен билер де орындалды. Бұл сәттерде сахна сыртында спорттық ойындар ұйымдастырылып, қатысушы теміржолшылар өзара сынға түсіп жатқан болатын. Дартс ойыны мен қол күрестен жеңімпаз атанғандарға арнайы жүлделер тігілген еді. Ал, әрбір теміржол мекемелері тіккен киіз үйлерде аста-төк мол дастархан жайылған-ды. Әсіресе, Жаңа Семей жол дистанциясы мен ШЧ-29 мекемелері тіккен алтықанат киіз үйлерден дәм татушылар легі арылмады. Келушілерге теміржолшы қыз-жігіттер ән мен күйден сый-кәде ұсынды. Бір бұл емес, киізүйлер іргесіне тігілген кең шатырда көпшілікке арналып қайырымдылық дастарханы жайылған-ды. Осынау күні жүз литрден аса наурызкөже таратылып, асылған астау-астау ет пен палау, өзге де ұлттық тағам түрлері тегін ұсынылды.       – Наурыз мерекесін өз мәнінде атап өту жылдағы дәстүріміз. Бұл үрдістен биыл да табылдық. Әсіресе, ардагерлер қауымы үшін айрықша жағдай жасалды. Тіпті, су тасқынымен күрес жүргізген Аягөз қаласында да әз Наурыз мерекесін өз мәнінде өткіздік, – дейді Семей ЖТ бөлімшесі басшысы Марлен Көкірекбаев. Теміржол ауданындағы салтанатты шара осылайша көпшіліктің мерекелік көңіл күйін еселеп, жағымды әсер сыйлады. Ақтөбе Ақтөбеде биыл «Бала жылы» деп жарияланып отыр. Жүк тасымалы бөлімшесі қаладағы мектептердің бірімен бірлесе отырып, Наурыз мейрамына ерекше дайындықпен келді. Таяуда бой көтерген Өнер орталығы маңында киіз үй тігілді. Теміржолшылар Ұлыстың ұлы күнін бұл жолы басқаша тойлады. «Мәңгілік ел» тақырыбын таңдаған бөлімше қызметкерлері киіз үйді шағын бір музейге айналдырды деуге болады. Тойлауға келген жұртшылық теміржолшылардың үйінен Қазақстанның тарихын көрді деуге болады. Қазақтың салт-дәстүрінен сыр шертетін жәдігерлер молынан қойылған.       – Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан, биыл жарияланған «Бала жылы» аясында «Мәңгілік ел» тақырыбында қаладағы үздік мектептердің бірінің балаларымен мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырдық. Болашақта осы балалардың арасынан теміржолшылар да шығуы мүмкін ғой, – дейді Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің басшысы Бөріхан Беркімбаев.   Балалар концерттік бағдарлама әзірлепті. Ән салды, би биледі, өлең оқыды. Әсіресе, бірінші сынып оқушылары өнерлерімен тәнті етті. Өз кезегінде, Ұлыстың ұлы күні аға буын теміржолшылар – ардагерлер кеңесі де атсалысты. Бұл күннің мән-мағынасын олардан артық түсіндіретін кім бар? «Ағайын-туыс, алыс та жақын дос-жаран, көрші-көлем келіп аман-саулық сұрап, төс түйістіріп жатыр. Халықтың мәз-мейрам, шат-шадыман болып тұрғанын көріп тұрсыздар ғой. Теміржолшылар тұрғызған киіз үйден қазақтың өткен жолын көре аласыздар. Жетістіктері, әдет-ғұрпымыз, көне жәдігерлер... мұның барлығын біздің теміржолшылардың үйінен көруге болады», – дейді Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бошық Қуатов. Айта кетейік, биылғы Наурыз мейрамы Ақтөбеде бұрынғыдан өзгерек тойланды. Әр киіз үйдің таңдаған өз тақырыбы болды. Ал, Елбасы саябағында 400 метрдей шатыр бойында тегін көже, бауырсақ таратылды.   Атырау Атырауда 14 наурыз күнгі көрісу салтынан басталған мереке Наурыз тойымен жалғасты. Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамына Вокзал маңы мөлтек ауданында Атырау жол бөлімшесіне қарасты барлық құрылымдық бөлімшелер еңбеккерлері жиналды. Бұл күні барын киіп, жасанып шыққан теміржолшылар ұжымдары ақшаңқан киіз үйлерде наурызкөже, құрт, ірімшік, қазы-қарта секілді тағамдардан дәм татып, жергілікті өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады. Барша жұрт бір-бірімен көрісіп, «Ұлыс оң болсын, ақ мол  болсын», «Жылдан аман, айдан есен», «Жаңа жыл құтты болсын» айтысып, мәре-сәре болысты. Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Ықылас Абаев пен бір топ ардагер теміржолшылар Наурыз мерекесін тойлауға келген барша жұртшылыққа ақжарма тілектерін білдіріп, егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне теміржолшылардың да қосып жатқан үлесі мол екенін атады. «Түйе боздап, қой қоздап, қорада шу» деген нақ осы кез. Елімізден ынтымақ кетпей, бақ-береке таси берсін» деп бата берді үлкендер. Осындай Наурыз тойын жаңа да жас Теңдік станциясының ұжымы да атап өтті. Станция бастығы Болатбек Меңдешов қонақтарға қош келдіңіздер айтып, ардагер апалар естеліктерімен бөлісті. Соның ішінде 1971-2000 жылдар аралығында станция бастығы болған Сәния апай: «Светофор болмағанда шам жағып, пойыз қабылдаған, жалаң қолмен стрелканы бұрып, қар астында қалған башмакпен вагон тоқтатқан кездер еді ғой. Сол кезде ешқандай ренішсіз еңбек еттік. Бүгінгі наурызға аман жеткеніміз де сол адалдықтың арқасы болар» дейді. Мал сойылып, бас берілді, наурызкөже ішіліп, ән айтылып, би билеп, теңдіктіктер де Наурызды лайықты қарсы алды. Ұлыстың ұлы күні Құлсары, Мақат, Исатай, Ганюшкино станциялармен қатар, Ескене, Бекбике, Доссор сынды шағын станциялар мен басқа да бекеттерде де тойланды.  

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, Райхан РАХМЕТОВА, Сабырхан НАДИРБАЕВ, Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Қуаныш ҚОЖАЕВ, Асқар АҚТІЛЕУ, Қосұйым МҰҚАШЕВ.

   
Аймақтар
27.11.2024
Кырағы күзет қызметінің сарбаздары
Жүк тасымалы
27.11.2024
Транзиттік вагондар ағыны артты
Әлемде
27.11.2024
Румынияда алғашқы Coradia Stream пойызы іске қосылды
Жүк тасымалы
27.11.2024
Құрық портындағы жаңа астық терминалы экспортқа мүмкіндік ашады
Жаңалықтар
26.11.2024
Жаңа темір жолдардың құрылысы кезінде 157 көпір салынады
Жаңалықтар
26.11.2024
ҚТЖ 2027 жылға дейін 9 терминал салады
Жаңалықтар
26.11.2024
2029 жылға дейін 5 мың км жол салынады
Жаңалықтар
26.11.2024
Оқушылар мен колледж студенттері теміржолшы мамандығымен етене танысты
Жаңалықтар
26.11.2024
Биыл отандық өндірушілермен 1 637 келісімшарт жасалды
Жүк тасымалы
26.11.2024
Достық станциясынан ҚХР-ға тасымалдау жоспары мерзімінен бұрын орындалды
Жолаушылар тасымалы
26.11.2024
Жолаушылар вагондарындағы стоп-кранды пайдалану ережелері
Жаңалықтар
26.11.2024
Ыстамбұлда ТХКБ дамуы талқыланды
Инфрақұрылым
26.11.2024
Павлодар магистральдық желі бөлімшесінің инфрақұрылымын дамыту жалғасуда
Аймақтар
26.11.2024
Күзет мамандары үш тілді қатар меңгеруде
Аймақтар
26.11.2024
Станция басшылары біліктілігін арттырды
Станция тынысы
26.11.2024
Аймақтың бағын ашқан алып құрылыс
Инфрақұрылым
26.11.2024
Жолдарды жаңғырту – жауапты мәселе
Жаңалықтар / Мұрағат
26.11.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №100 26 қараша 2024 жыл
Жаңалықтар
25.11.2024
ҚТЖ Хорватия серіктестерімен байланысты нығайтады
Жаңалықтар
25.11.2024
Белгісіз біреулер Көкпекті – Нұра аралығындағы жолдан бекітпе болттарды ұрлап кеткен